Желіде қорқынышты түсін айтып берген ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды

959
Ер адам желіде қазақстандықтардың жаппай қырылатыны туралы түс көріп, видео үндеу жасаған
Байқоңыр тұрғыны қорқынышты түсі туралы видео таратып, істі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ер адам алдағы жүз жылда қазақстандықтардың жаппай қырылатыны туралы түс көрген. Түсінде «Аралтұз» АҚ қытайларға сатылыпты-мыс, олар болса өнімге адам ағзасына аса зиянды химиялық қоспалар қосады екен. Ол осының бәрін желіде жариялаған видеосында баяндайды.
«Бұл – жалған, себебі кәсіпорында тұз алу және тазалау процесі қатаң бақылауда, арнайы лабораторияда комбинат өнімінің сапасы тұрақты тексеріледі», — деп «Аралтұз» компаниясының вице-президенті Нағашыбай Әуезханов байқоңырлықтың «түсіне» қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, бір лабораторияның өзінде қырық маман жұмыс істейді, ал кәсіпорында барлығы 1 200 жұмысшы бар екен.
Сонымен бірге, Әуезханов атап өткендей, қазақстандық кәсіпорын өндіретін тұз экспортқа шығарылады, шетелдік тұтынушылар сапасын сынап көрген емес.
«Акционерлік қоғам тұзды қазақстандық дүкендерге жеткізіп қана қоймай, таяудағы шетелге экспорттайды, тұтынушылармен арада ешқашан проблема болған жоқ», — дейді ол.
Қызылорда облысының полиция департаменті байқоңырлықтың видео үндеуіне қатысты қылмыстық істі қолға алды.
«Үндеуді таратқан ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы (әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни алауыздық туғызу) бойынша сотқа дейінгі тексеріс жүріп жатыр. Видео авторы мұндай мақсатты көздемегенін, «құдайдың берген аяны шығар» деп халық алдында парызын орындағысы келгенін түсіндірді», — деп облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді мәлімет берді.
Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.