Ауруханаға он шақты адам жеткізілген, олардың үшеуі ауыр халде жатыр
Шымкенттегі бірінші қалалық ауруханаға Арыстағы жарылыстан зардап шеккендер жеткізіле бастады.
Аурухананың бас дәрігері Абылай Бонбай үш адамның қазір ауыр хәлде жатқанын хабарлады. Барлығы он шақты адам ауруханаға түскен, деп хабарлайды otyrar.kz.
«Зардап шеккендер жеткізіле бастады, оларды қабылдап, қажетті көмектің бәрін көрсетіп жатырмыз», — деді Бонбай.
Айта кетсек, Арыстағы төтенше жағдайларға байланысты Ордабасы ауданында дәрігерлік штаб құрылған. Оны Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының бастығы Мұқан Егізбаев басқарады.
Жедел жұмыстар жүргізілуде. Арысқа 30 жедел жәрдем жіберілді. Қажет болған жағдайда бірнеше ауданнан қосымша жедел жәрдем көліктері дайындалады, деп хабарлады өңірлік сайт.
Арыстағы жарылыс
Дүйсенбі Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жойқын жарылыс болды. Қорғаныс министрлігі оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатқанын хабарлады.
Арыс тұрғындары шұғыл түрде Шымкент қаласына көшіріле бастады. Қалада 43 мыңға жуық халық тұрады.
Әскери бөлімдегі жарылыстан кейін Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Оқиға орнына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жетті.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда арнайы штаб құрылып, әскерилер мен құқық қорғау органдары төтенше жағдай орнында жұмыс істеп жатыр.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша тұрғындар үш бағыттағы лагерьлерге орналастырылады:
-
Ақдала бұрылысы
-
41 разъезд
-
Водозобор
Осы үш бағыт бойынша әскери көліктер, камаздар мен арнайы жасақ жұмылдырылуда. Лагерь басында тұрғындарды аудан әкімдері қарсы алып жайғастырады.
Әлеуметтік нысандарды полиция қызметкерлері көшіріп жатыр.
Әкімдік «Бөген» су қоймасынан төнген қауіп туралы ақпараттың жалған екенін хабарлады. Сондай-ақ, Отырар мен Ордабасы аудандарында 100 орындық екі госпиталь ашылды.