Балаларымыздың тәрбиесі мен болашағы білім мекемелерінің ғана міндеті ме?

1242
Заман ағысы жылдамдықпен дамып, жаңарған сайын адам баласының  өмір сүруі үшін қолайлы мүмкіндіктер қалыптасып жатыр. Күнделікті тұрмыс тіршілігімен қатар, жұмыс барысында да электронды қызмет жеңілдікпен іс жасауға көп мүмкіндік берді
Жұмыс жеңілдеген сайын адамдардың адамшылығы азая бастағандай, адамды адам еткен еңбек екенін еске алсақ, адамгершілікті сақтау үшін бұрынғы қалыпқа қайта түсу керекпіз бе? Қазіргі кездегі қоғамның мәңгүрттеніп бара жатқандығы, жастар арасындағы қатыгездік, үлкендер тарапынан немқұрайлылық, адамдардың қарақан бастарын ғана ойлауы, ойланғанда да жәй арзан күлкі, қарынның тойғаны мен материалдық құлқынды місе тұтып, күндерінің өткеніне мәз болуы қорқынышты.  

Болашағымыз – балаларымыз, өміріміздің мәні де жалғасы да солар. Балалар тәрбиесі тек қана білім ошақтарына ғана міндеттелген заман болды қазір. Айналадағы қоғам пікірі «мектеп не қарап отыр, тәрбие бермей» дегенді ұран етіп алған. Ата-ана да өз жауапкершілігінен бұрын, мектептегі мұғалім мен тәрбиешілерді кінәләйды. Ал, өз басым мектептерге ризамын, себебі, осы білім саласында отыз жылға жуық жұмыс жасап келе жатқан менің, білім мекемелерінің болашақ үшін жасап отырған еңбектерінің адал екеніне дәлелім бар. Өмірде тіршілік иелері көп, соның ішінде нағыз адамдарды тәрбиелеп отырған ұстаздар. Адамның адам болып қалыптасуы үшін мектептер білім берумен қатар, тәрбиелік мәні балаға оң әсер ететін қаншама ісшаралар ұйымдастырады, өз бастарындағы жеке проблемаларын жиыстырып қойып, балаға үлгі болуға тырысады. Адамгершілік қасиеттерін шәкіртінің бойына сіңіру үшін тер төгеді. Рухани ізігілік пен өмірдің шынайы мәнінің неде екенін түсіндіруге тырысады. Адам мен адамның сыйластығы, жанашырлық, адалдық, елін сүюі, халқының қамын ойлауы керек сынды патриоттық тәлім беру үшін үнемі ізденісте жүреді. Болашақ ұрпағымыздың адам болып қалыптасуы жолында жасалатын ең күрделі еңбекті атқаратын осы мамандар. Келтіруге мысал да, дәлел де жеткілікті, айтқым келетіні, мұғалім еңбегі сый құрметке әбден лайықты. 
Ал, балалар тәрбиесіне отбасыдан бастап, мектеппен қатар, бүкіл қоғам жауапкершілікпен қарауымыз тиіс екендігін сезінуіміз керек. Әрбіріміз өзіміздің немқұрайлылығымызбен күресіп, өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлес қосайық. Дамыған, өркениетті ел болғымыз келсе, ертеңгі күні күш қуаты қайтқан ересектерін сыйлайтын, солар бастаған істі жалғастырар, халқын әділ жарылқайтын ұрпақ өсіруіміз қажет.  
Жастарға түрлі әсер ететін жазбалар да көп, соның ішінде әсіресе, жеке өздерін ғана ойлауды, бай болу мен материалдық қажеттілікті, тіпті өз ата-анасы мен отбасы алдындағы жауапкершілікті ұмыттыруды үйрететін, сен ешкімге жауапты (должен) емессің, өмірге бір ақ рет келесің, қалағаныңмен жүруің керек деп санасын адастыратын мысалдар ғаламторда толып жүр, шынайы адамдардың өмір үлгілері де кездеседі. Одан қалса, шетелге көшіп кеткен жастар, сол жақты насихаттап, керемет екенін айтып, өз елінде өмір сүруге күмәнмен қарауына әкелсе, той томалақтағы арзан ыржақайлықты теледидардан барынша керемет етіп көрсетіп, жасы келсе де шошаңдап жүрген әнші бишілер де жастарымыздың өмір тәрбиесін шатасып қабылдауына өз әсерлерін тигізуде екені рас.  

Ажырасу, мектеп жасында жүкті болып қалу, сәбиінен  керексіз зат ретінде құтылуға тырысу, өмір сүргілері келмеуі, осының бәріне әсер етіп жатқан фактілермен күресу, оны  жою кімдерге тиісті?  
Бағдарламалардың барлығы дерлік шоу болды, пиар үшін ар-ұятты сезінбейтін әртістеріміз көбейді. Адал еңбекпен өмір сүру дегенді әжуаға айналдыратын болды, айлығымен ғана отбасын асырайтын адамды ақымақ көретін дәрежеге жетті.  Ұрлықпен, алдау — арбаумен күнін көріп жүргендерді біліп отырса да, елдің қалыпты жағдай ретінде қабылдауы, үндемеуі қоғам дерті емес пе… Сорақысы сол, бейберекет жолмен дүние жиып, жалтырақ киім кигенсін, паңдана қалып, өздерін элита  қатарында сезініп жүргендер қаншамаҰят десең, көреалмаушы болып шыға келесің. 

Ал, санасы әлі көп сұрақтың жауабын іздеген жас буынға, өмірдің дұрыс бағытын көресететін кімдер? Міне, біздің қоғам болып шешуін іздейтін маңызды мәселеміз осы болуы керек. Жастарымыздың дұрыс өмір сүруі үшін көмек қолын созайық. Дұрыс өмір сүру үшін, жасандылық пен жағымпаздықтың, өтірік сөйлеудің, бос мақтангершіліктің, тек материалды тұрғыны ойлаудың түкке де керексіз, ұят екенін ұғындыруды қолға алайық. Аға буындар өзімізден бастайық, жастарға ертеңіне деген сенімділік сыйлайық. Бабаларымыздың «біреудің ала жібін аттама, қиянат жасама, ұят болады» деген үш ақ ауыз сөзімен берген тәрбиесін ұмытпайық. 

Адамдар бір-біріне мейіріммен қарап, қамқорлық жасаса, зұлымдыққа қарсы тұрса, бәрі де реттеледі. Өмірдің мәні – рухани шынайы сезімі бар, санасы биік, өресі жоғары адами қасиет иесі екеніңді сезіне білуіңде.  
 Сәби өмір есігін ашқаннан әділдікті іздейді, демек сол әділдікті жүрегі бар адамдардың бәрі іздейді. Өйткені,бір кездердегі сол сәби біз бен сіз. Егер өмірде әділдік болмаса, неге іздейміз? 
Т.Оразова 
Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының  
Түркістан облысындағы аймақтық өкілдігінің төрайымы