Ойда жоқ жерден екі қабағым да бірдей жыртылып кетті. Жасыратыны жоқ, өзбек боксшылары өте лас бокстасады — Қайрат Ерәлиев.
Екатеринбург қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында алтын алады деп күткен, бірақ ол үмітті ақтай алмаған 57 келі салмақтағы қазақ боксшысы Қайрат Ералиев ондағы әділетсіздіктер туралы ойын ашық айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы ол Нұрсұлтан Құрманның YouToube-тегі арнасына берген сұқбатында айтты. Осы бағдарлама барысында ұлттық құрама жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов та өзбектердің өте лас ойнағанын мойындап, әділетсіздікке жол берген бірқатар фактіні алға тартты.
Қаншама елдің боксшысы Левиттің кейпін кешті
Ең бірінші, ұлттық құрама бапкеріне: «Тағы Левит әділетсіздікке ұшырады, неге бірден аппеляцияға бермедіңіздер?» деп сұрақ қойылды.
Мырзағали Айтжанов:
— …Біткен іске сыншы көп деген. Негізі, бұйырмайтын нәрсе бұйырмайды ғой. Қанша жерден даулассаң да. Аппеляцияға берсек те оған жүлдені қайтарып бермес еді деп ойлаймын. Бірақ, «ана Ресейдің ауыр салмақтағы Бабанинге қайтарып берді ғой» деп біреулер уәж айтар. Қарасаңызшы, спорттық шара қай жерде өтіп жатыр. Ресейде ғой. Әрине, Бабанин алады.
Әйтпесе қаншама елдің боксшысы Левиттің кейпін кешті деп айтсам, қателеспеймін. Жоқ дегенде, 7-8 наразылық, шағым болды. Филлипиндер, тайлар, үндістер, моңғолдар шала бүлініп жатты. Бірақ ешқайсының жеңісін қайтарып берген жоқ. Ресейде өтіп жатқаннан кейін Ресей боксшысына қайтарып берілді ұпай.
Өзбектер талай жаттықтырушыны: «Еңбегіміз зая кетті» деп зар илетті
— Өзбектер үш алтын алды, қазақтарға бір-ақ алтын бұйырды. Расында өзбек боксы қазақтардан суырылып алға шықты ма?
— Медаль бойынша ғана мойындаймыз, ал бабы, білігі жағынан, әрине біздің жігіттер мықты. Олардың ішінде, мысалы осы әлем чемпионатында көзге іліп алар бір-ақ жігітті көрдім. Ол ауыр салмақтағы — Жалалов. Сол ғана өз күшімен алтынды жеңіп алды. Ал басқа чемпиондарына сұрақ көп.
Біздің ғана емес, басқа елдің де боксшылары тісін қайрап қалды. Талай елдің жаттықтырушылары еңбегіміз зая кетті деп зар илеп жылап жатты. Бірақ біз, яғни боксшы мен бапкерлер мұндай ұсақ-түйек әңгімеге көп бас қатырмаймыз. Болды ма болды, кетті ме кетті. Енді біз алдағы додаларға бар күшімізді салып, дайындаламыз. Біздің ауылда да әлі талай той болады, — дейді Айтжанов.
«Ойда жоқ жерден екі қабағым да бірдей жыртылып кетті»
«Өзбектен таяқ жеген» 57 келі салмақтағы қазақ боксшысы Қайрат Ералиев:
— Әлем чемпионатына өте жақсы дайындықта бардым. Бабым да жақсы келіп тұрды. Негізі, бабымыз келіп тұрып, бағымыз жанбады деп ойлаймын бұл жолы. Ойда жоқ жерден екі қабағым да бірдей жыртылып кетті. Жасыратыны жоқ, өзбек боксшылары өте лас бокстасады.Оған осы әлем чемпионатындағы жекпе-жектер дәлел, көп болды ондай жайт.
Қарсыласым өзбек боксшысының басы менің қабағыма тиді. Қатты тиген жоқ, бірақ бәрібір жыртылып кетті. Одан соң рингте жүрген докторлар да АИВАда істейтін өзбек дәрігерлер. Олар да жекпе жекті жиі тоқтатуға мұрындық болды. Содан жеңіс өзбек боксшысында кетті. Тура сол боксшы жартылай финалда моңғол боксшысымен кездесті. Тағы да тура солай оның қабағын жарып, уақытты созып, жеңіске жетті.
Ал финалда кубалық боксшымен шықты. Кәдімгідей өзбек ұтылып жатқан, ІІ-раундтың аяқ жағында оның да қабағын жарып, ойынды тоқтатып қойды. Ақыры жеңіс Өзбекстанға берілді. Қарап отырсаңыз, судьяның да, доктордың да көмегі тиіп жатады белгілі бір командаларға, — дейді ол күйіп-пісіп.