Ғалымдар жұртпен жиі араласудың адам өмірін ұзартатынын анықтады

1061
Лондон Университеттік колледжінің ғалымдары адам өмірінің ұзақтығына ықпал ететін әлеуметтік факторларды анықтады. Зерттеушілердің бұл жайлы жазған ғылыми мақаласы «АҚШ Ұлттық ғылым академиясының еңбектері» журналында жарияланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Ғалымдар ұзақ жылдар бойы 50 жастан асқан ерлер мен әйелдердің, жалпы 7304 адамның өмірін зерттеді. Зерттеушілер достарымен, туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болып, олармен көбірек ұнамды әңгіме-дүкен құратын егде жастағы адамдардың денсаулығы айтарлықтай жақсы болатынын анықтады.
Өзін жақсы сезінетін жандардың 73 пайызы кем дегенде аптасына бір рет достарымен, жақындарымен кездесіп, спортзалдарға, музейлерге, театрларға, діни мекемелерге баратыны, қоғамдық ұйымдардың қызметіне атсалысатыны анықталды.
Зерттеушілердің пікірінше, белсенді өмір салтын ұстанатын егде жастағы адамдар өздерінің өзгелер үшін, қоғам үшін маңызды екенін сезінеді. Сондықтан да олардың денсаулығы нашарламай, кәріліктен көп зардап шекпейді, ал істегенінің бәрі оларға қуаныш сыйлайды.