Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы бірқатар нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты. Қала әкімі сапар аясында Темірлан тас жолы мен Мангелдин көшелері қиылысындағы орналасқан жерүсті жаяу жүргіншілер өткеліне барды.
Айта кетсек, жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысын мердігер «ҚазНұр-констракшн» ЖШС-і жүргізген. Жобалаушы – «Береке» ЖШС-і, техникалық қадағалаушы «Мир-Строй и Компания» ЖШС-і.
Бүгінде өткелдің барлық бөліктеріне тіреулер орнатылып біткен. Тұрғындардың шығып-түсуіне қолайлы етіп жасалған, адамдар ары-бері кедергісіз өтіп жатыр. Құрылыс нысанында жерасты коммуникациялары мен ирригациялық жүйе, жеделсаты орнатылған. Қала әкімдігіндегі жауапты мамандардың мәлімдеуінше, өткел алдағы наурыз айында толық пайдалануға берілмек.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов А-2 «Алматы – Ташкент – Термез» және Темірлан тас жолы қиылысындағы жолайрығының оң жақ өткелдерін қайта құру жұмысымен танысты.
Шаһар басшысы құрылысты жүргізуші мердігерге жұмысты таяу арада бітіру керектігін айтып, нақты тапсырма берді.
Айта кетсек, құрылыстың құны 865,201 млн. теңгеге жобаланған. Әзірге игерілген қаржы 401,000 млн. тенгені құрап отыр. Осы жолайрықтар аяқталған жағдайда Шымкент қаласында көлік кептелісі мәселесі біршама шешілетін болады.
Сонымен қатар шаһар басшысы қаладағы бірнеше құрылыс нысандарын аралап көрді. Шымкенттегі Қонаев даңғылын ұзарту жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Биыл бұл жұмысты жалғастыру үшін қазынадан 269,580 млн.теңге қарастырылды.
Көшенің ұзындығы 58 шақырымды құрамақ. Ал, ені 6 жолақты 23 м болады деп жоспарлануда.
«ОтауСтрой» ЖШС-і қолға алған бұл жоба жыл соңы желтоқсан айында аяқталмақ. Мәдени қаладағы Қонаев гүлзары Түркістан көшесінен Темір жолға дейін жалғасады.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ