Жеті бала дүниеге әкелген 27 жастағы батыр ана Елбасы алдында сөз сөйледі

1366
Астанада жастар жылының ашылуына келген 27 жастағы келіншек жас отбасыларға көпбалалы болудан қорықпау керектігін айтты. Жасы әлі отызға жетпеген Жазира Тұрғынова бүгінде7 баланың анасы атанып отыр деп хабарлайды NUR.KZ.
Жиында жас ана мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйледі.
«Мен 7 сәбиді өмірге алып келдім. Әр баланың өмірге келуімен қатар үлкен қуаныштар орын алады.
Балаларымның күлкісін көріп менің өмірге деген құлшынысым арта түседі. Қазір үлкенім 11 жаста, ол менің көмекшім.
Мен көпбалалы ана ретінде, осынау байтақ қазақ елімізде сәбилердің көп болуын қалаймын», — деді жас ана.
Сондай-ақ, ол Елбасын көруді бала күнінен армандағанын жеткізді.
«Келін ененің топырағынан дейді, апам он баланы дүниеге әкелген. Сондықтан мен көпбалалы болудан қорықпауға шақырамын.
Әр бала өз несібесімен келеді. Бала күнімнен президентті көрсем деп армандаушы едім. Бүгін сол арманыма жеттім.
Әсем Астанамен танысып, балаларым осы қалада білім алса екен, болашақта Назарбаев университетінде оқыса деген аналық арманым бар екенін айтқым келеді.
Сол үшін қолымнан келгенше еңбек ететін боламын. Балаларымыз, тілектеріміз-жүректеріміз аман болсын», — деді Жазира Тұрғынова.