ЖЫЛАП ОТЫРЫП ОҚИТЫН КІТАП…

3880
«…Байқадам жақтан қаңғып келген бір әйел «Нан, нан» деп шырқыраған екі баласын пойыздың астына лақтырып жіберді. Сосын өзі де соңғы вагонның астына түсті. Пойыз екі бөліп тастаған әлгі әйелдің парша-паршасы шыққан өлі денесінің еттерін соңынан ілесіп келгендер жабылып, шикі күйінде жей бастады…»
Ой, қандай үрейлі, һәм сұмдық, һәм қорқынышты көрініс. Мұндай жазбаны жайбарақат оқи алмассың. Мұндай жазбаға жаның қайғысыз, жүрегің ауырмай көз жүгіртіп өтпессің… Иә, бұл – жазушы Момбек Әбдәкімұлының «Зобалаң» атты «Тозу», «Көмусіз шейіттер», «Аярлық», «Үкім» деп аталған төрт бөлімнен деректі романынының 175-ші бетінде жазылған қасіретті оқиғадан үзінді. Ал «Зобалаңда» жазылған мұндай ауыр трагедиялы оқиғалар өте көп. Олардың қайсыбірінен үзінді жазып, қайсыбірінен мысал келтірерсің. Кітаптың әр беті кез келген оқырманның жанын жасытып, көңілін мұздататын осындай аса ауыр дүниелерге толы. Бір анығы, кітап болған оқиғалар мен нақты іске асқан ақиқат деректермен жазылған. Ойдан құралған делінетін бір мағлұмат жоқ, бәрі 1931-33 жылдары сорлы қазақтың жартысынан астамын қырып салған ашаршылықта болған оқиғалар…
Талас жоқ, бүгінде жалпы қазақтың, әсіресе Оңтүстік қазақтарының тарихын өте көп зерттеген, осы тақырыпта бірнеше романдар мен жүздеген мақалалар жазған Момбек Әбдәкімұлы қай шығармасы болса да, ғылыми негізделген, әбден зерттелген мәліметтермен астастырып жазады. Оның басқа жазушылардан ерекшелігі де осында. Барлық тарихи деректерді көркем әдебиетке айналдырып, өте қарапайым һәм тартымды тілмен жазуы да оның өзгелерден өзгеше қасиеті. Бұрынан да байқаймыз, Момбек кез келген кітабында көтерген тақырыбының аясын белгілі бір оқиғалармен ғана тарылтып қоймайды, сол тақырыптың шығу тегіне, басталуы мен пайда болу себептеріне және оның қалай өрбіп, қалай аяқталғанына да тереңірек талдау жасайды. Сол тәсілі «Зобалаң» кітабында да жақсы көрініс тапқан.
«Зобалаңдағы» оқиғалардың ең басы Қазығұрт тауының етегінде орналасқан Атбұлақ ауылының тұрғыны, бұрынғы бидің ұрпағы, ал сол уақытта ауруға шалдығып, үй ішімен аштыққа ұшырап отырған Төребек қарияның ауыр халын баяндаумен басталады. Қартайған шағында сол уақыттағы теріс саясаттың ықпалымен азапты тағдырға ұшыраған Төребек қарияның жан күйзелісімен 1931 жылғы қазаққа ашаршылық әкелген сары күздің сұрқай көрінісін салыстыра жазғаны да Момбектің жазушылық шеберлігінің ерен екенін аңғартқандай. Сондай жан қиналысы мен аштықтың азабын тартып жатқан Төребектің үйіне таң азанымен ойда-жоқта ауыл белсендісі Дөңбай бастаған бір топ кеңес өкілдерінің келіп үстемдік көрсеткендері, онымен қоймай, үй ішінен астық тығылған ұраны іздеп әуреге
түскендері, қарияның жанын жалалы сөздермен жаралап, балаларын қамшымен сабауы, өктем һәм келемеждеп сөйлегендері – кез келген оқырманның көз алдына сол бір зұлматты жылдардағы белсенділердің тірліктерін айна қатесіз елестетеді.
Ол уақыттағы белсенділердің үйлердің түбін темірмен шұқып, астық тығылған ұраны іздегендері бүгінгі көзі қарақты оқырманың бәріне белгілі, бірақ сол ұраны табу үшін үй табанына сарылдатып сиетін белсендінің хайуандығын естіген бе едіңіз? Естімесеңіз, сондай оқиға «Зобалаңда» бар. Дөңбайға ілескен Деңгелбай белсенді Төребек қарияның үйінің қақ ортасында тұрып, қара сыбақпен сыланған там табанына сарылдата сиеді. Егер там табаны астында ұра болса, сідік сол тұсқа бірден сіңіп кетеді екен. Ойпырмай, «естімеген елде көп» дегендей, отызыншы жылдардағы белсенділердің қара халықты қорлаған көп қылықтарының бір көрінісі – «Зобалаңда» жазылғандай, осындай болыпты.
Кез келген тарихи роман өзі жазып отырған заманның қоғамдық болмысын шынайы һәм дәл суреттесе, нанымды әрі оқылымды болмақ. Ал заманның қоғамдық болмысы – көркем шығармада сол замандағы саяси өзгерістерге байланысты қалыптасқан адамдардың мінез-құлқы мен көзқарасы, атқарған істері көркем тілмен нақты сипатталса, құны одан бетер артары тағы кәдік. «Зобалаңдағы» әрбір оқиға отызыншы жылдардағы үкіметке қызмет кеткен кез келген әпербақан белсенді мен ішкі істер және партия қызметкерлерінің, сондай-ақ олардан зорлық көріп, қасірет тартқан қара халықтың болмысы мен бейнесін дәл ашқан.
Кітаптың 32-ші бетінен басталатын тарауда баяндалған Қаратас аупарткомының жауапты хатшысы Нұрметовтың ішкі ойлары мен қол астындағы қызметкерлерге берген бұйрығы сол кезде Қазақстанды басқарып отырған Голощекиннің пиғылымен сабақтастырыла жазылады. Оның сөздерінің астарынан қара халық арасын жайлап бара жатқан ашаршылықтың қандай жолмен және қандай себептермен белең ала бастағанын анық ұғуға болады. Одан соң 1928-31 жылдары ел арасында жүрген кәнпіскеден һәм колхоздастырудан қашып, Өгем тауына тығылған бес-алты отбасылы шаруаларды іздеп жүріп тауып алған ауданның милиция мен ОГПУ бастығының оларға көрсеткен қысастығын оқыған кезіңізде жаныныздың егілетіні аз, көзіңізден жас порлайды.
Тау арасында қолға түскен қашқын мұңлықтарға қандай зәбір көрсетсе де, өздері білетін, ешкім жоқ жерде кеңес үкіметінің барлық заңы «шинелдерінің ішінде, шәпкілерінің астында тұрған» қос бастық шарулардың жас қыздарын қалағандарынша зорлайды, қалған әйелдерді сарбаздарының талауына тастайды. Ылғи жалаңдаған жас еркектердің мазағына айналып, жаны шырқыраған әйелдердің түнді жарған өксікке толы дауыстарын естіген байлаулы еркектердің жай-күйін Момбек былайша
сипатайды: «… Дәл солардай ұялы қасқыр ұлымас, ұлар бұлай шуламас… Есік алдындағы ойранды көргілері келмей, көздерін жұмды. Әйелдердің зарын естігілері келмей, құлақтарын қамыс астына тықты. Алайда сормаңдайлық пешенеге жазылса, көрінген нәрсені көрмеу мүмкін бе? Даладағы оқиғаларды көрмеуге шыққыр көздері шықпады, естімеуге керең болғыр құлақтары саңырау болмады…» Сол тарау былай аяқталады: «…Иә, бұрын милиция мен белсенді жарты Құдай еді. Енді олар Құдаймен теңескен. Ал ұлы уақыт қара қазақты сансыз қияметті зобалаңды шақтарға ақырындап жақындата түскен…»
Расында, осы тараудан кейін кітапта ауыл-ауыл арасында белең алып, кең жайыла түскен ашаршылықтың тауқыметін бастарынан кешкен халықтың ауыл жай-күйі баяндала бастайды. Аштықтан көзі қарауытқан жұрттың тамаққа сеп болар нәрсенің барлығын теріп жегені, ит пен мысықтың, жорғалаған жәндіктердің ас үшін қатқа айналғаны әр түрлі оқиғалар арқылы әдемі де айшықты суреттеледі. Адам қатты ашыққан кезде еш нәрседен тайынбайтын жүйке ауруға ұшырайтыны да нанымды бейнеленеді.
Сол жылдары коммунистік партияның басшылығында отырған мәскеулік көсемдер мен қазақстандық басшылар қалайда қазақты аштан қырудың барлық амалын қарастырғаны жайындағы мәліметтерді Момбек өз романында нақты һәм сенімді деректер арқылы дәлелдейді. Иә, осы кітапты оқығанда ғана ұққандаймыз, 1925 жылы Қазақстан компартиясының басшылығына келген Голощекин қазақ халқын ашаршылыққа ұшырату үшін арнайы жоспар құрып, оған бес бағыт бойынша дайындалыпты. Осы бес бағыттың жолымен жүрген сорлы қазақ 1931 жылдың күзіне таман қалай бірден ашаршылыққа ұшырап қалғанын аңғармай да қалған. Өзінің құрдымға қалай түскенін аңғармай қалған халықта үкіметке бас көтеретін хәл қайдан болсын. Осының барлығы «Зобалаңда» көңіл көншітерлік фактілермен басылыпты.
Романның «Көмусіз шейіттер» деп аталған бөлімінде аштық азабына ұшыраған ауылдың тіршілігі Күнім кемпір арқылы нақты берілген. Ауыл белсенділері бір жағы – жем-шөпке жарымағандықтан, бір жағы – суықтан өлген қойлардың да өлігін аштықтан сілесі қатқан жұртқа бермей, жерге көмгені айтылады. Аш жұрт көмілген қойларға жабыла берген соң белсенділер өлік малдарды да күзетіп, оларды да ешкімге бермеуге тырысады. Бір күні түнде Күнім кемпір келін немерелерін ертіп, төбенең арғы бетіндегі сайда жатқан өлік қойлардың біреуін алып келмек болып, жотаға шығады. Жота басында оларды қарауыл белсенділер ұстап алып, қамшы астана алады. Осы жерде белсенділер мен Күнім кемпір арасындағы диологтарды Момбектің шебер суреттегіні сондай, еркек пен әйел арасындағы қарғыс сөздерді сол заманның сөз қолданысына лайықтап, дәл береді.
Ауылдастарының бәрі аштан қырылған Күнімнің келіні Зағипаның екі баласын ертіп, өз туған ауылына бара жатқанда жолда көрген сұмдықтары, аштықтың кесірінен адам жеуді әдетке айналдырған көрқауларға кездесіп, олардан әзер құтылғаны, түн ішінде екі перзентімен аш қасқырдардың қоршауында қалып, ақыры барлығы соларға жем болғаны да – әсерлі тілмен жазылғаны соншалық, оны оқығаныңда жаның түршігіп, денең мұздайды. Құдды бір топ қасқырлардың ортасына өзің тап болғандай, қорқыныштан үрейлі күйге түсесің. Жоқ, үрейлі күйге түскенің былай тұрсын, кер заманда сорлы қазақты төрт аяқты жыртқыш та мазақ етіп, малға ұқсатып жегеніне налисың.
Адамнан күш кеткенде сол қасқырлар мен түлкілердің, жалпы, қызыл етке құмар хайуандар аш қазақтың өздеріне қайрат көрсете алмайтынын біліп құтырынатынын да осы кітаптан оқыдық. Қасқыр-түлкілердің аштан қатқан қазақтың ескі мәйтінен жеріп, жаңа өлікті немесе құры сүлдесін сүйреткендердің құлайтын шағын күтіп, жантәсілім қылар алдында жейтін әдет тапқанын да осы шығармадан білдік. Ой, сұмдық-ай деңіз, кітапта осындай қасіретті жәйттерді қамтыған төрт оқиға бар.
«Зобалаңда» тек ашаршылық оқиғалары ғана қамтылмаған. Момбек өзінің қай шығармасын да тарихи деректермен астастырып жазатынын баста айтқанбыз. Сол айқанымыздай, «Зобалаңда» оңтүстік қазатарының соңғы төрт-бес ғасыр аралығындағы тарихы қысқа-қысқа шолулармен әдемі берліген. Күллі қазақтың 1931 жылы жаппай ашаршылыққа қалай тап болғанының себептеріне баса тоқталған. Мұны оқыған кез келген оқырман өзінің тарихқа деген санасымен білімін жаңғыртып, ой-өрісінің көкжиегін кеңейтетіні хақ.
Аталмыш шығармада ашаршылық тақырыбындағы тың дүниелермен қатар әлі күнге дейін көп жұртқа беймәлім болып келген бір үлкен құрылыстың сыр-сипаты баяндалады. Бұл – 1931-32 жылдары Қазығұрт тауының етегі мен Келес өзені бойы арқылы өтетін Шымкент-Ташкент төте пойыз жол құрылысы. Аталған құрылыстың жобасы 1927 жылы Мәскеуде үлкен қызметте жүрген Тұрар Рысқұловтың бастамасымен жасалынған екен. Бірақ оның құрылысы әлдебір себептермен дер кезінде басталмапты. Момбектің жазуынша, Рысқұлов осы жобаны 1931 жылы Қазақстанда қырт ашаршылық басталғанда қайта қолға алып, әдейі бастатқан. Әлбетте, одақ және Қазақстан басшылары тарапынан бұл құрылыстың болашақта барлық жақтан пайдасы зор болады деп есептелген. Содан 1931 жылдың 16 сәуірінде 16 учаскеге бөлінген 16 бригадаға топтасқан 10 мыңдық жұмысшылар армиясы пойыз жол құрылысын бір мезетте бастапты.
Кітапта келтірілген нақты тарихи құжаттар бойынша, Қазақстан компартиясының орталық комитеті мен Халық комиссарлар кеңесі бұл құрылысты 1934 жылдың аяғында аяқтауды жоспарлапты. Шығармада құрылыс барысында кеңестік коммунист басшылар айналада белең алған ашаршылықты елемей, жұмысшылар мен ауыл тұрғындарына арнап айтқан жалынды ұрандарын оқыған кезіңізде бір елде екі бағытта жүріп жатқан өмірлік құбылысты анық аңғарасыз. Бір бағытта жүргендер – аштықтан қиналғандар, екінші бағыттағылар – коммунистік елеске еріп, өтірік ұранның буына еліккен басшылар. Бірақ өтірік ұран жағындағылар үстемдікке ие болыпты…
Осы пойыз жол жұмысы да аса ауыр қарқынмен жүрген. Оған үкімет белгілеген жұмысшылардан бөлек жан-жақтан аштықтың кесірінен қаңғып келген ауғындылар да қосылып еңбек кеткен. Жұмысшылар мен қара халықтың қамын ойлаған Қаратас ауаткомының төрағасы Қанат Қанболатовтың ұсынысымен пойыз жолда еңбек еткен бай, молда, жалпы құлақ тұқымдары мен ауғындылар тобы бір мезгіл тамақ үшін жұмысқа жалданған. Бірақ халықтың сөзін сөйлеген Қанат та, сондай-ақ басқа жердегі сол тәрізді қазаққа жаны ашығыш Жарас, Оңалтай сынды біраз азаматтар да жаламен қамауға алынады. Көп өтпей, олар да осы жол құрылысындағы «айыпты жұмысшылар бригадасында» бір мезгіл тамақпен жұмысқа жегіледі.
1932 жылдың сегізінші тамызында бұл пойыз жолдың құрылысы болашағы жоқ себеппен орталық комитеттің шешімімен орта жолда тоқтатылады. Осыдан кейін түкке пайдасы құрылысты үкіметті алдап жүргізгенсіңдер деген желеумен облыстық ОГПУ мен НКВД оны басқарған инженерлерді, бригада мен учаске бастықтарын, бірнеше аудандардың хатшылары мен ауатком төрағаларын қамауға алады.
Момбек осы қамалғандардың ішінен Қанат пен оны тергеген майор Тувинскийдің арасындағы өткен талас-тартыс арқылы сол кездегі кеңестік әділет органдарының бет-пердесін ашып береді. Тергеушілер қамалушыларға жабылған жалаларды мойындату жолында оларға ұрып-соғудың нешеме тәсілін қолданып, жан шыдамас азапты көрсеткенін мейлінше ашық әрі нанымды сипатайды. Ең өкініштісі, осындай жаны таза, ары пәк азаматтардың бәрі ақырында ату жазасына кесіледі. Бұл да ойдан құралған қияли желі емес, Өмірде болған, нақты тарихи құжаттармен дәлелденген ақиқат оқиға.
Қазақ прозасында бұрын-соңды 1931-33 жылдардағы ашаршылықты баян еткен екі-үш шығарма жазылған еді. Алайда, мойындайықшы, сол бір зұлматтың шын болмысын айшықтаған, нағыз келбет-бейнесін ашып, бас-аяғын түгендеген «Зобалаң» сынды көрсеткен шығарма жазылған емес. Мұндағы әр желіні, әр жазылған оқиғаны талдау үшін бірнеше беттік мақала
керек. Сондықтан да, осы бір көлемі шағын мақаламен оның бар сипатын баяндап бере де алмаймыз. Дегенмен ойымызды оқырманға шет пұшпақтап болса да, жеткізген сыңайлы сияқтымыз. Ал «Зобалаңның» қандай көркемдік деңгейде, қандай жан тебіреністі тұрғыда һәм қандай ақиқат деректермен жазылғанын білігіңіз келсе, оны міндетті түрде оқып шығуыңызды сұранамын.
Иә, оны кім қалай оқиды, ал өз басым осы кітаптың әр бетін оқыған сайын және оны бітіргенше көзімнен тарам-тарам жас ағып отырды…
Сейдалы ОРАЗАЛИЕВ,
М. Әуезов атындағы ОҚМУ, Гуманитарлық
Ғылыми-зерттеу институтының
аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты, доцент.