Басты Қазақстан Төтенше жағдай кезінде тұрмыстық зорлық 4 есе көбейген. Агрессорларды ашудан арылтудың жолы...

Төтенше жағдай кезінде тұрмыстық зорлық 4 есе көбейген. Агрессорларды ашудан арылтудың жолы бар ма?

848
Алматыдағы дағдарыс орталығы карантин кезінде көмек сұрап келген 31 адамды қабылдады. Бұл әдеттегіден әлдеқайда көп.
Елімізде төтенше жағдай жарияланып, жекелеген қалалалар мен елді мекендерде карантин енгізілуіне байланысты үйден шығуға салынған тыйым тұрмыстық зорлық-зомбылықты күшейтті. Қазіргі таңда дағдарыс орталықтарында қанша адам жан сауғалап жүр? Әлімжеттік жасайтындарды тезге салудың жолы қандай?
Карантин кезіндегі шектеу психологиялық ауытқуға әкелді
Дағдарыс орталықтары одағының өкілдері карантин кесірінен үйде отырып таяқ жейтіндер көбейді деп дабыл қағуда. Олардың сөзінше, балалар мен жастарға арналған 150 ұлттық сенім телефон желісінде қазір тыным жоқ. Күйеуінен зәбір көрген әйел де, ата-анасынан қорлық көрген бала да, қысымға шыдамаған мүгедектер де сәт сайын хабарласып жатыр екен. Мысалы, биылғы қаңтар айында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша 130 өтініш түссе, төтенше жағдай жарияланғаннан бастап осы күнге дейін көмек сұраған 500-ден астам қоңырау мен 120-дан астам смс өтініш келіп түсіпті.
«Карантин кезіндегі шектеу тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артуына әкелді. Төрт қабырғаға қамалған адамдар бір-бірін естуден, түсінуден қалып жатыр. Әлеуметтік, қаржылық жағдайдың қиындауы, күйзеліс, коронавирус жұқтырғандар, індеттен қайтыс болғандар туралы толассыз ақпарат адамдар психологиясына әсер етті. Онсыз да далаға шықпай, жүйкелері сыр бере бастағандардың ашу-ызасын арттыра түсті. Сол себепті отбасында әлімжеттік жасау өршіп тұр. Қатыгез еркектер карантин себебінен құрбандарының ешқайда кете алмайтынын біліп, бар ашуын солардан алатын болды», – деді Қазақстан дағдарыс орталықтары одағының басқарма төрайымы Зүлфия Байсақова.
Төтенше жағдай созылса, жақындарынан қорлық көретіндер көбейеді
Қазақстанда 35 дағдарыс орталығы қызмет етеді. Бүгінгі күні оларда 1 013 баласы бар 298 әйел орналасқан. Бұл карантин кезінде дағдарыс орталықтары тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдай алмайтын кезде тіркелген көрсеткіш. Елдегі төтенше жағдай созыла түссе, зорлық-зомбылық құрбандарының саны да артпақ. Сарапшылар мұның соңы адам өлімімен аяқталуы мүмкін екенін жасырмайды. Өйткені, әлімжеттік жасайтындардың арасында құрбандарын өздеріне қол жұмсауға итермелейтіндер де жетіп артылады. Қасақана кісі өлтірудің үштен екісінің негізгі себебі – отбасылық, тұрмыстық мәселелер.

Статистикаға сәйкес, елімізде:

  • әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық болады;
  • әрбір жетінші әйел экономикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайды;
  • әрбір алтыншы әйел физикалық зорлық-зомбылықты бастан кешеді;
  • әрбір үшінші әйел психологиялық зорлық-зомбылыққа тап болады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық неден туындайды?
Барлық қоғамда өзекті мәселенің біріне айналған отбасындағы зорлық-зомбылық Қазақстанда назардан тыс қалып отыр деп қынжылады дағдарыс орталықтарының өкілдері. Олар дамыған елдерде бұл үлкен әлеуметтік проблемаға айналып, мұндай қылмыс құзырлы органдар тарапынан қатаң қадағаланатынын алға тартты. Ал бізде заң әлсіз, әлімжеттік жасағандар тек әкімшілік жазаға тартылады.
«Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық неден туындайды? Біріншіден, агрессор жақындарына қол жұмсау қалыпты құбылыс деп санайды. Екіншіден, стресс, күйзеліс, жұмыссыздық, рухани құндылығын жоғалту, ішімдік және нашақорлыққа салыну қатыгездікке әкеледі. Еркектер өздерін мықты сезіну үшін әлімжеттік жасайды. Сол сияқты әйелдер де агрессор бола алады. Келіншектер өздеріне көңіл бөлмегенде, эмоционалдық және материалдық қолдау жетіспегенде ашуға беріледі», – деді психотерапевт Евгений Дуплякин.
Әйелдер зорлық-зомбылық түрлерін ажырата алмайды
Евгений Дуплякиннің айтуынша, күйеулерінен қысым көрген әйелдер қазір психологтарға көп жүгінетін болған. Бірақ, келіншектер өздеріне тек физикалық тұрғыда ғана қысым жасалғанын айтып, шағымданады екен. Өйткені, әйелдер зорлық-зомбылықтың түрлерін білмейді немесе оны әлімжеттікке баламайды.
«Зорлық-зомбылықтың түрі өте көп. Еркінен тыс жыныстық қатынасқа тарту, қорқытып, айтқанынан шығармау, дәрежесін түсіру, кемсіту және жұмыс істеуіне рұқсат бермеу, ақшасын тартып алып, қолына бір тиын да ұстатпау, сондай-ақ, ажырасқаннан кейін де аңдуын жалғастыру зорлық-зомбылыққа жатады. Өкінішке орай, көп әйелдер мұндай қысымға көніп жүре береді», – деді Евгений Дуплякин.
Қатыгез еркектерді ашу-ызадан арылтатын курс ашылды
Жақындарына күн құрғатпай зорлық көрсететін қатыгез еркектерді оңалтудың жолы табылды. Төтенше жағдай режимі аяқталып, карантин шектеулері біткесін агрессорларды ашу-ызадан арылтатын арнайы жоба жұмысын бастайды. Ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қаржыландыруымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде іске аспақ.
«Қазақстанда жәбірленушілермен дағдарыс орталықтары жұмыс істейтін болса, агрессор еркектермен жұмыс жүргізілмейді. Осыған байланысты арнайы жоба қолға алынды. Бағдарлама аясында отбасындағы агрессияның пайда болуының негізгі себебін анықтаймыз. Жақындарына қол көтеріп үйренген ер адамға ашуды жеңудің әдіс-тәсілдерін үйретеміз. Психолог, психотерапевт мамандар оның ызасы не себепті пайда болғанын, неге біреуді ұруға әуес екенін зерттейді. Негізгі мақсатымыз – агрессордың істеген зорлық-зомбылығының қылмыс екеніне көңіл аудартып, мойнына жауапкершілікті алуына және келешекте осындай қатыгездікке қайта бармауына ықпал ету», – деді жобаның психологы Салтанат Маусеитова.
Агрессордың мінез-құлқын өзгертіп, ашу-ызадан арылтатын арнайы курста 5-тен 10 адамға дейін екі ай көлемінде дәріс алады. Онда топтық сабақтар өткізіліп, зорлықшыл ерлер білікті психологтардың көмегіне жүгінеді. Дәріс арқылы мамандар оларға әйелдері бастан кешетін үрейді сезіндіру арқылы ықпал етпек. Осылайша, тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылып, ажырасу азаймақ.
«Біз агрессорларға түрлі тренинг жүргіземіз. Курсқа нашақорлар мен психикалық ауруы бар адамдар қатыстырылмайды. Жобаға қатысатындарды тәртіп сақшылары ұсынады. Бүгінгі күні Алматы полиция департаментімен меморандумға қол қойылды. Бұл бір шетінен оларға қарастырылған жазаның бір түрі болмақ», – деді жобаның психотерапевті Тұрғанжан Сабыров.
Агрессорларға арналған курстың оқыту жүйесі
Әлімжеттік жасауға әуес еркектерді мұндай курстар арқылы жөнге салу әдісі әлем елдерінде кең қолданылады. Жоба шеңберінде өзінің ашу-ызасын басқара алмай, қолын ала жүгіретін ызақорларды келесі тәсілдермен оқыту көзделген:
  • отбасы мүшелеріне қатысты қылмыс жасаған немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылған агрессор еркектермен кешенді жұмыс;
  • әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторларды, дағдарыс орталықтарының қызметкерлерін, ҮЕҰ өкілдерін әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша;
  • отбасылық-тұрмыстық қатынастарды реттеу, тұлғааралық позитивті қарым-қатынас қалыптастыру, отбасындағы агрессияның себептерін зерделеу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
  • отбасылық сәтсіздік салдарын түсіндіруге, жұмыс істеп тұрған дағдарыс орталықтары, сенім телефондары және өзге де әлеуметтік қызметтер туралы мәлімет беру үшін ақпараттық кампаниялар өткізу;
  • тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында агрессорлармен жұмыс істеу бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу және стандарттарды әзірлеу;
  • агрессор-ерлермен жұмыс істеу жөніндегі кешенді (психокоррекциялық) бағдарлама әзірлеу және оны сынақтан өткізу.
Агрессорлармен жұмыс курсына ашуынан арылып, өзін жөнге салғысы келетін кез-келген адам тегін қатыса алады. Дегенмен, оның дәрістерге жарамдылығын психологтар анықтайды. Желтоқсан айына дейін жоспарланған пилоттық жоба жемісін берсе, бүкіл Қазақстанда жүзеге асырылады. Мамандар тіпті мұндай сабақтарды, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы бөлек заң қабылданса, сол заң аясында оқытуды міндеттеу керек дейді.
Айта кетсек, елімізде отбасылық зорлық-зомбылық үшін тек әкімшілік жауапкершілік көзделген. Биыл Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгеріс енгізіліп, бұзақылар тіпті айыппұлдан да босатылды. Енді отбасында зорлық көрсеткені үшін олар ескерту алады немесе 15 тәулікке қамалады. Дағдарыс орталықтары одағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қылмыстық жаза қолдану қажеттігі туралы заң жобасын ұсынды. Құжат Паламентте қаралып жатыр.

Дереккөз:informburo.kz