«Халық депутаттарды таңдамайды»: Алдағы Сенат сайлауы не себепті Қазақстан тарихындағы соңғысы болуы мүмкін

828

Қазақстанда 12 тамызда Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді. Қазір VI шақырылымның депутаттарының 19-ы — зейнеткер, сенаторлардың орта жасы — 59.9. Алдағы аптаға жоспарланған еліміздің саяси өміріндегі бұл елеулі оқиға қандай өзгерістер әкелуі мүмкін, қазіргі сенаторлардың жұмысын сарапшылар мен әріптестері қалай бағалайды?  Stan.kz тілшісі саясатты зерттеп жүрген және оның ортасында жүрген азаматтарға хабарласып, пікірін тыңдады. 

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым сенат палатасы қазақ еліне пайда әкелетін ұйым бола алатынын алға тартады. Қазіргідей жүйеде емес, сайлауға реформалар енгізілсе, сенаторлардың жұмысын ел елейтін еді деген пікірде. 

«Менің ойымша, биылғы сенат сайлауы осы жүйе бойынша өткен соңғы сайлау болуы мүмкін. Себебі болашақта сенат сайлауы үлкен реформаға түсуі керек және сенаторларды халықтың өзі сайлайтын жүйе болуы керек. Мәжіліс сайлауы партиялық сайлауға айналды. Партия сайланатын болған соң жекелеген адамдардың сайлау құқығы шектеліп қалды. Сенат керегі жоқ деген сынды әңгімелер бар. Ал менің ойымша сенат керек. Сенат — үлкен маңызға ие ұйым. Өзінің қажеттілігін дәлеледейтін заң шығарушы биліктің бір тармағы. Сенатта аймақтағы халықтың үнін шығаратын, мұңын айтатын, олардың мәселелерін републикалық дәрежеде көтере алатын азаматтар отыруы керек. Аймақта беделі бар азаматтар сайланып, белгілі бір уақыт сайын додаға түсіп отыратындай болуы керек. Ол үшін жаңа көзқарас пен жаңа заң керек», — деді ол. 

Сенат болашығынан көп үміт күтетін Айдос Сарым қазіргі сенаторлардың жұмысы жүз пайыз болмаса да көңілден шығатын тұсы бар дейді. 

«Сенаторлардың барлығына тас атудан аулақпын. Онда да көзі қарақты, ісі өтімді, ауызы дуалы азаматтар жоқ емес. Мысалы Қызылорда облысында Мұрат Бақтиярұлы деген сенатор бар. Азаматтықтың да, адамгершіліктің де, үздік саясаттың да үлгісін танытып келе жатыр. Қоғам мәселесінен қашпайтын, белсене араласып жүрген азамат», — деп баға береді Айдос Сарым. 

«Меніңше, жүйені өзгертіп, партияға қатысы жоқ азаматтар аймақтарда бедел жинап, сайлаушылардың мәселесін ашық айтатын азамат болуы керек. Мысалы, АҚШ-та сенаторларды халық өзі таңдауы керек деп сайлау заңнамасына өзгерістер енгізіп, аймақ сөзін сөйлейтін азаматтарды халқы өзі таңдауға мүмкіндк алды. Бізге де сондай реформа қажет. Өз аймағының мәселесін жетік білетін, көпшілік алдында ұялмай, қысылмай мәселерді талқылай алатын сенаторлар керек», — деген саясаттанушы сенат президенттікке үміткерлер дайындайтын билік органы бола алатынын да айтып қалды. 

сенат

Сарапшының пікірінше, сайлауға түсетін үміткерлер халық арасынан шыққан, ел жақсы танитын, сенетін азамат болуы тиіс. Тек сонда ғана тұрғындар саясаттың биік тұғырынан өздерінің көкейтесті мәселелері көтеріліп, қорғалып жатқандығына сенімді бола алады. 

«Америкада сайланған президеттердің басым бөлігі сенаторлар арасынан шығады. Өйткені халық оны жақсы таниды, көп жылдан бері өз аймағының мәселесін ашық айтып жүрген, әдбен ысылған адам. Біздің де сенаторлар осындай дәрежеге жетуі керек. Сенат аймақ және ел мәселесін көтеріп, президенттікке үміткер бола алатын әбден ысылған азаматтардың үлкен билік органына айналса, болашақта қазақ еліне пайдасын тигізеді», — деп сөзін түйді Айдос Сарым.  

Қоғамдық мәселелерде белсенділік танытып жүретін Мұхтар Тайжан Айдос Сарымның жоғарыдағы пікірімен келісе қоймады. Саясаткердің пайымдауынша, сенат палатасының қазақ еліне түкке де керегі жоқ. 

«Біріншіден, Қазақстанға сенат деген ұйым мүлде керек емес. Себебі біз федерация емеспіз. Бізге бір палаталы парламент керек. Екіншіден мен осы сайлаудан ештеңе күтпеймін. Сенат сайлауынан кейін бір жақсылық болады дегенге сенбеймін», — деп кесіп айтқан ол халық қатыспаған сайлаудан қайыр аз деп отыр.

«Бұл сайлауға халық қатыса алмайды. Сенатқа сайланатын адамдар да халыққа беймәлім. Сондықтан тікелей халықтың қатысуымен болуы керек. Өз депутаттарын өздері сайлауы керек. Қазір халық депутаттарды танымайды. Сондықтан ешқандай өзгеріс күтпеймін», — дейді саясаттанушы.

Оның ойынша, Қазақстанға сайлау жүйесінің түбегейлі реформасы керек. Егер де бір палаталы парламент болатын болса, мажоритарлы жүйемен, яғни, өз депутаттарын халық өздері сайлауы керек. Ал қазіргі Жоғарғы палата депутаттарының жасаған жұмысына саясаттанушының көңілі толмайды.

«Қазіргі таңдағы сенаторлар жұмысын төмен бағалаймын. Олардың жұмысы тұрмақ өздерін халық танымай жатады», — деп қорытты ойын саясаттанушы.

сенат

Расул Жұмалы саясаттанушы ретінде сенат палатсына сайланатын кандидаттардың біліктілігіне қарағанда, әкімдерге жақындығы бағаланып кетеді деп пайымдайды. 

«Сенат сайлауы қаншалықты әділ өтіп жатыр, осы төңіректе көптеген сұрақтар бар. Жыл сайын ісіне тиянақты, жауапты азаматтар келгенде сенаттың жұмысы да оңалар ма еді. Бірақ көп жағдайда әкімшілік ресурс басым болады да сенаторлыққа облыс әкіміне жақын, соның сойылын соғатын, соның қадамына қарап қалған адамдар іріктеліп жатады. Жеке қабілеті мен мәселе шешудегі біліктілігі емес, бастыққа жақын болғандығына қарай таңдалып кетеді. Барлық сенаторлар осындай екен деп топырақ шашпаймын. Бірақ кездесоқ адамдардың сайланып кетуі сенаттың жұмысына кері әсерін тигізеді», — дейді Расул Жұмалы. 

Саясаттанушы қанша жылдан бері сенатор болып отырса да ауыз толтырып айтарлықтай еңбегі жоқ сенаторлардың көп екенін айтып күйінді.  

«Бес жыл, он жылдан бері отырған сенаторлар мүлде көзге көрінбейді, не қызмет атқарып отырғанынан ел бейхабар. Аты бар, бірақ заты жоқ деген тәмсілге саяды. Қазіргі коронавирусқа байланысты мәселелер сенатта қаншалықты көтеріліп жатыр? Одан кейін өз тілін өздері білмейтін, мемлекеттік тілде еркін  сөйлемек тұрмақ, түсінбейтін азаматтар жылда қайта сайланып отыратыны да сенат жұмысының төмен бағалануына себепші», — дейді Расул Жұмалы. 

Жуырда қоғам белсендісі, журналист Сандуғаш Дүйсенова биылғы сенат сайлауына түспек болып, бұл жаңалығымен әлеуметтік желілерде бөлісті. Бірақ артынан ол ойынан айнып қалды. Сенатты «зейнеткерлерге арналған батпақ су» деп атап, ол жерде «істейтін іс жоқ, тек өзін қайда жіберерін білмейтін зейнеткерлер отырады» деген пікірін білдірді. Көп ұзамастан журналист бұл жазбасын өшіріп тастады. Бәлкім оған себеп — облыстық мәжіліс депутаттары беруі тиіс 10% дауысты жинай алмағанында шығар. 

«Кандидатурамды алып тастадым. Амал қанша! Негізі өлім көбейіп жатқанда билікпен арпалысып қайтем деп сабыр сақтап отырмын!», — деп қысқа қайырған Сандуғаш өзіне қажетті дауыс жинай алмағанын айтады. 

«Сенатқа өтпедім, бірақ мәжіліске өтуге толықтай мүмкіндігім бар. Күзде болатын сайлауға дайындық үстіндемін. Осы жолғы сайлауға түсу үшін облыстық депутаттардың 10% дауысын жинауым керек болған. Мысалы 340 депутаттың 30 депутаты мені қолдап дауыс беру керек. Менімен қатар тағы 5 кандидат бар. Облыстық депутаттар өз дауыстарын қарсыластарыма беріп қойған екен. 

Маған дауыс берген үш депутаттың дауысы жеткіліксіз. Заң талабы бойынша мен кіре алмадым», — деген Сандуғаштың бұған бола еңсесі түспейді. Өйткені күзде болатын мәжіліс депутаттарының сайлауына қатысамын деп белді бекем буған. 

«Ақыры сенатқа кіре алмағаннан кейін екінші палата мәжіліске сайлануға дайындаламын. Ол жерде халық дауыс беретін болған соң, менің мүмкіндігім көп болады деп ойлаймын. Журналист ретінде халық шындықты айтып жүрген адамды қолдайды деген сенімдемін. Қазіргілер мәңгілік парламентте отыра бермейді. Олардың орнына еркін ойлай алатын, өзім сияқты адамдар керек», — дейді журналист. Ол парламенттегі қызметке қызығуға жалғыз себеп түбегейлі өзгерістер енгізу деп отыр.

Сенат депутаттары 6 жылға сайланады. Сайланатын депутаттардың жартысы 3 жылдан кейін қайта сайланады. Оның 34 — 2-ден әр облыстан, республикалық маңызды қалалар мен астанадан сайланады. 15 сенаторды президенттің өзі тағайындайды. Сенат депутаты сайлауына Қазақстанның 30-ға толған, жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес, сайланып жатқан учаскесінде кем дегенде 3 жыл тұрған кез-келген азамат түсе алады. 

Танымал депутаттардың арасында бұрынғы Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Жоғарғы соттың экс-төрағасы Бектас Бекназаров, экс-Білім министрі Бақытжан Жұмағұлов, журналист, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, экс-Бас генпрокурор, Қаржы полициясының бұрынғы басшысы Қайрат Қожамжаров, ғарышкер, Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев, журналист Дана Нұржігіт пен Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Ерік Сұлтанов бар. 

Қазақстанда соңғы VI шақырылымның Сенат төрағасы болып Қасым-Жомарт Тоқаев (V-VI шақырылымдар, 2013-2019 жж. аралығы), Дариға Назарбаева (20 наурыз 2019ж. — 4 мамыр 2020 ж.) және Мәулен Әшімбаев (2020 жылдың 4 мамырынан) қызмет атқарды. Айта кетсек, қазіргі мемлекет басшысы III-IV шақырылымдар (11 қантар 2007 жыл — 15 сәуір 2011 жыл) кезінде де спикер қызметін атқарды.