Сенатта Шымкенттегі баспана мәселесі қаралды

1036
Шымкентте арендалық пәтерге кезекте тұрғандар саны 37 276-ға жетті. Бұл туралы Парламент Сенатында әлеуметтік тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған дөңгелек үстел отырысында Шымкент қаласы тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Марат Оразәлі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде Шымкент қаласында тұрғын үй алуға сұраныстың саны шамамен 220 мың адамды құрады. Оның ішінде арендалық пәтерге кезекте тұрғандар саны 37 276-ға жетті. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары 63 мың адамнан асады. Сонымен қатар, жер телімін алуға кезекте тұрған адамдар 120 мыңға жетті», — деді М. Оразәлі.
Оның сөзіне қарағанда, Шымкент бойынша статистика департаментінің 2018 жылдың қорытындысында халықтың миграциясы 45 мың адамға өсіп отыр. Бұл көрсеткіш баспана салуға сұраныстың өсуіне алып келетіні сөзсіз.
«Шымкент қаласында «7-20-25» бағдарламасы бойынша талаптарға сәйкес пәтердің ең жоғары құны 25 млн теңгені құрады. Бағдарлама аясында 2019 жылдың 1 наурызына 3 млрд 602 млн теңгені құрайтын 359 өтінім қабылданып, 181 өтінім мақұлданды. Астана және Алматы қаласымен салыстырған кезде, біздің көрсеткіш әлі де төмен екенін атап өткен жөн», — деді басқарма басшысы.
Марат Оразәлі бағдарламаны іске асыру барысында тиісті проблемалар бар екенін атап өтті. Бірінші мәселе тұрғындардың төлем қабілеттігінің төмен болуына байланысты. Бүгінде Шымкентте көпбалалы аналар саны 3 585-ті құрады. Бұдан бұрын хабарланғандай, «7-20-25» бағдарламасы бойынша елімізде 2019 жылға қажеттілік 16 мыңға жуық пәтерді құрады.
Айта кетейік, Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер салуды тапсырды.