ШЫМКЕНТТЕ МАСКА МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБУДА

917
Ел аумағында төтенше жағдай режимінің енгізілуіне орай ҚР Президентінің тапсырмаларының орындалуына байланысты Шымкент қаласында арнайы штаб құрылған. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
– Қазіргі таңда әлемдік экономикада біраз қиындық туындауда. Оның біздің мемлекетімізге де әсері тиюі мүмкін. Соған байланысты Шымкент қаласында дағдарысқа қарсы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде, — деді Ербол Әбілхайырұлы.
Спикердің айтуынша, Шымкентте коронавирус жұқтырған адам тіркелмеген. Бірінші кезекте халықты азық-түлікпен қамту мәселесі тұр. Сауда орындарында баға тұрақты, азық-түлік қоры жеткілікті
Медициналық тұрғыдағы дайындыққа келсек, қалада барлық талаптарға сай келетін 170 орын, 680 провизорлық жатын-орын әзірленген, 750 орынды аурухананы дәрі-дәрмекпен ұстап тұруға мүмкіндік бар. 4300 азамат дайындық жұмыстарына резерв ретінде тұр.
Сонымен қатар, резервте 650 мыңнан аса бетперде бар.
Жалпы, Шымкентте 750 дәріхана бар. «Гаухар» тігін фабрикасы мен №5 колледж күніне 500 мың данаға дейін көп қолданыстағы бетперде тігуге қызу кіріскен. Екі күннен кейін қала дәріханаларында дәке мен бөзден тігілген 4 қабатты маска — 110 теңге, 8 қабатты маска — 130 теңге, 16 қабатты маска 200 теңгеден сатылымға шығады.
Антисептиктердің бағасы 420 теңгеден болуы керек. Әр азаматқа 2 немесе 4 данадан ғана сатылуы тиіс. Егер осы белгіленген бағалардан ауытқушылық байқалса, қала әкімдігінің сайтына шағымдануға болады.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ