Шөкеевтің орынбасары Сирияға аттанған қазақ қызы туралы әңгіме жазды

999
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің орынбасары Сирияға жиһадқа кеткендер туралы жантебірентерлік әңгіме жазды деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Мәлік Отарбаевтың әңгімесінде ата-анасының көзсіз әрекеті салдарынан жетім қалған 6 жастағы Айсамал есімді қазақ қызының өмірі суреттеледі.
Оның ата-анасы Сирияға аттанып, кейін әкесі соғыста мерт болады. Ал анасы қызымен бірге Сириядан өзі секілді босқындармен Түркия еліне келе жатып, көз жұмған.
Содан соң кішкентай Айсамалға Түркияда оқып жүрген қазақ баласының көмек бермек болған әрекеті туралы баяндалады.
«Шамнан ұшқан шағала» деп аталатын әңгімеде босқын болған қазақ қызының кейінгі өмірі белгісіз. Себебі қазақ студенті қанша тырысқанымен, нәтижесіз болған.
Мәлік Отарбаев бұл әңгімені жазып шығуға не түрткі болғанын былай түсіндірді:
«Мен бұған дейін Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде еңбек еттім. Сонда босқындардың жағдайын зерттеп, Сириядан келгендер паналаған лагерьлерде болдым.
Сол кезде кішкентай қыз қасыма келіп, пиджагымды тартып, көмек сұрады. Маған түсініксіз тілде сөйледі. Басынан сипап, барынша мейірімімді төккім келді.
Лагерьден шыға сала осы әңгімені жазуға ұйғардым. Шыны керек, қаршадай ғана қыз арқылы әлемдік трагедия болған Сириядағы жағдайды көпшілікке жеткізгім келді», — деп ағынан жарылды Түркістан облысы әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, шенеуніктің жантебірентерлік әңгімесін тек отандық емес, түркиялық, әзірбайжандық басылымдар жариялап үлгерген.
Мәлік Отарбаев алдағы уақытта өмірден алынған түрлі оқиғаларды бөлісіп, көпшілікке ой тастауды мақсат тұтып отыр.