БАҚ туралы заң жобасы: Депутат-журналистер не дейді?

1366

Қазақстанға «БАҚ туралы» жаңа заңның керектігі жөнінде талайдан бері айтылып жүр. Себебі, қазіргі заң журналистердің жұмысын еркін атқаруға толық мүмкіндік бермейді. Осыдан 3-4 жыл бұрын заңның кейбір актілеріне түзетулер мен өзгерістер енгізілгенде де журналистер мен белсенді ұйымдардың пікірі ескерілмегені айтылған.

Яғни, бұл кезде журналистерді азаматтың жеке басы мен отбасының құпия мәліметтерін жариялау үшін рұқсат алуға міндеттеп, сол арқылы коррупциямен күреске кедергі келтіретініне шүйліккен. Ал осы жылдың қаңтар айында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева биыл заң жобасының тұжырымдамасы кеңінен талқылануға ұсынылып, 2022 жылы қабылданатынын жария етті.

«Сапалы заң қабылданады» дейді министр. Алайда, қоғам белсенділері, тәуелсіз журналистер бұған күмәнмен қарайды. Заң жобасын жасақтауға кімдер қатысады, қандай ұсыныстар қаперге алынады, ол жағы да беймәлім.

БАҚ-қа қатысты заң жобасы туралы тілшіміз Мәжіліс пен Сенаттағы кәсіби журналист-депутаттардан сұрап көрді.

Жанарбек Әшімжан: Мәжіліс депутаты: 

«Хабарым жоқ»

– БАҚ туралы заң жобасына қатысты не айтасыз? Заң жобасы дайындалып жатқанынан хабарыңыз бар ма?

– Мұндай заң жобасы әл-әзір келген жоқ. Депутаттар заң жобасы парламентке келген соң ғана араласады, ал дайындалып жатқанынан тіпті хабарым жоқ, – деді Ж.Әшімжан.

Бұл сұрақты депутат Қазыбек Исаға да қойдық. Жиналыстан қолы тимей жатқанын айтқан ол сұрақты WhatsApp желісіне жазуымызды сұрады.

Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты:

«Қызық екенсің өзі!»

– БАҚ туралы заң жобасы дайындалып жатыр. Журналист ретінде заң жобасын дайындауға қатыстыңыздар ма? Жалпы, жаңа заң қандай болғаны дұрыс? Қандай ұсынысыңыз бар?

– Бізге заң жобасы әлі түскен жоқ. Ұсынысты заң жобасымен танысқан соң ұсынамыз.

– Бұған дейін ойыңызда жүрген ұсыныстар бар шығар? Ертең заң жобасы ұсынылғаннан кейін кеш болмай ма?

– Заңды біз қарап, талқылап, біз қабылдаймыз ғой.

– Мәжіліске дайын заң жобасы барады ғой…

– Оның қанша бабын біз алып тастап, өз ұсыныстарымызды қосып жатырмыз.

– Енді сол жөнінде айтып берсеңізші. Ол қандай бап алынған? Не ұсыныс қосылды?

– Айтудан бұрын, ұсынамыз. Қай заң? Сен айтып отырған заң жоқ әлі бізде. Жоқ заң жобасы туралы не айтасың? Қызық екенсің өзі! Ол үшін неге сүйенеміз заң жоқ болса? Мәжіліске БАҚ туралы заң түскен жоқ! Түсінікті ме?

 БАҚ туралы заң жобасын кімдер жасап жатыр сонда? Журналист қауымдастығының өкілдері қатысуы керек емес пе?

– Үкіметтен заң жобасы жасалып, Мәжіліске түседі. Біз оны талқылап, дұрыс-бұрысын қарап, ұсыныстарымыз болса, енгізіп қабылдаймыз. Бірақ ол заң бізге әлі келген жоқ. Мен 3-4 заң жобасында бармын, бірақ БАҚ туралы заң жобасы келген жоқ.

– Жалпы, сіздің қандай ұсынысыңыз бар, соны айтсаңыз. Депутат болмай тұрғанда белсенді едіңіз, журналистерге қатысы бар нәрседен тыс қалмайтынсыз…

– БАҚ туралы заңға қол жинаған жоқпын мен, тілге жинадым. Қазір пікірімді одан да ашық айтудамын Парламентте…

Нұртөре Жүсіп, Сенат депутаты:

«Заң жобасы журналистер қауымдастығында кеңінен талқыланғаны дұрыс»

– БАҚ туралы заңға қажетті толықтырулар мен өзгерістер енгізетін уақыт жетті. Қазір қоғамда «Ұстаздар мәртебесі» анықталды. Дәрігерлерге қатысты да осындай заң жобасын енгізу қарастырылып жатыр. Журналист мәртебесі де заң жүзінде бекітілсе, артық болмайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев та өз пікірін білдірген болатын.

БАҚ туралы заң жобасында заманауи өзгерістер де ескерілуі керек. Әлеуметтік желі – Инстаграм, Фейсбук, Телеграмм сияқты көпшілік қолданысындағы ақпарат тарату, фейк ақпараттарға қарсы тосқауыл, азаматтық жауапкершілік талаптары көптен бері сөз болып келеді.

Пандемия жағдайында журналистер жедел ақпарат тарату тұрғысында өмірлік тәуекелдерге барып жүр. Бірқатар әріптесіміз өмірден өтіп те кетті. БАҚ қызметкерлерінің құқықтық қағидаттарына қайта назар аудару қажеттігі білінеді.

Онлайн форматта жұмыс істеуге көшкен редакциялар аз емес. Осы және басқа да бірқатар маңызды мәселелер заң жобасын әзірлеу барысында назарда болуы тиіс. Парламент қарауына енгізілгенге дейін заң жобасы журналистер қауымдастығында кеңінен талқыланғаны дұрыс деп есептеймін.