Түркістанда баспана бағасы шарықтап барады

428
Түркістан қаласында баспана бағасы шарықтап барады, деп хабарлайды «Хабар 24». Жалға берілетін пәтер құны да бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 2-3 есеге дейін өскен.
Қала тұрғындарының айтуынша, бұл өзгеріс соңғы 6 айда анық байқалды. Мәселен, өткен жылы бір бөлмелі пәтердің нарықтағы құны 3-4 млн теңге көлемінде болса, қазір 6-7 млн теңгеге дейін өскен. Екі бөлмелі үйлер де 5-6 миллионнан 10 миллион теңгеге дейін көтерілген. Бұл баспананың сапасы мен ішкі әрлеу жұмыстарына тікелей қатысты.
Жалға берілетін үйлер құны да көтеріліп кеткен. Нақты мысалмен айтатын болсақ, өткен жылы 1 бөлмелі пәтерді жалға алу құны айына 20 мың теңге болса, қазір 50-60 мың теңгенің төңірегінде. 2 бөлмелі үйлер де 30 мыңнан 70-80 мыңға бір-ақ шыққан. Бүгінгі күні көне шаһарда 3 бөлмелі пәтерді бір айға жалға алу үшін кемінде қалтаңызда 100 мың теңгеңіз болуы керек.
Түркістандағы баспана бағасының бұлай құбылуын риэлторлар киелі шаһардың облыс орталығы болуымен және пәтерге деген сұраныстың артуымен байланыстырады. Кәсібін заңдастырмағандықтан риэлторлар ашық сұхбат беруден бас тартты. Сондықтан телефон арқылы жазып алдық.
Нұриддин Ысқақов, қала тұрғыны: «Былтыр мен өзім 2 бөлмелі пәтерді 30 мың теңгеге жалдап тұрдым. Қазіргі таңда пәтер иесі Түркістан облыс орталығы болғандықтан бағасын көтерді. Қазір 70 мыңға тұрып жатырмын. Су, жарық, жылу бар — 100 мыңға жуықтап қалды. Басқа пәтерге шығайын десем, балалардың бақшасы, мектебі бәріне жақын, өзім де үйреніп қалған пәтерім болғасын тұрып жатырмын».
Риэлтор: «Пәтердің бағасы жағдайына қарай ғой. Мәселен, 50 мыңнан 150 мың теңгеге дейін алуға болады. Соңғы 2-3 жылмен салыстыратын болсақ, Түркістандағы баға қымбаттаған. Мәселен, кезінде жер үйден 2 бөлмелі үйді 20 мыңға алуға болатын еді. Қазір 50 мыңнан кемі жоқ. Күніне маған 20-30 адамға дейін хабарласады пәтер тауып беріңіз деп. Сұраныс көп болған соң баға да шарықтап кетті өздігінен. Бағаны біздер емес, үй иелері қымбаттатып отыр».

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз