Үндістанда коронавирус жұқтырғандар 20 миллионнан асты

329

Үндістанда коронавирус жұқтырғандар 20 миллионнан асты. Денсаулық сақтау министрлігі бір күнде 357 мыңнан астам адамнан коронавирус анықтаған. Елде ауруханаларда орын жоқ, дәрі-дәрмек пен оттегі аппараттары тапшы.

Соңғы үш айда коронавирус жұқтырғандар екі есеге көбейген, адам өлімі 220 мыңнан асқан.

Өзге елдерге қарағанда Үндістанда вирус өте жылдам тарап жатыр. 1 сәуірде елде 65 мыңнан астам науқас тіркелсе, кейінгі күндері 370 мыңнан астам науқас анықталып жүр. Адам өлімі көрсеткіші мамырда 3 мыңға жеткен.

Індеттің өршуіне коронавирустың тез жұғатын түрінің таралуы себеп деп айтылады, бұған қоса діни фестивальдар мен саяси митингілер кезінде адамдардың топтасып жиналуына рұқсат берген үкімет шешімі де түрткі болған.

Сарапшылар Үндістанда коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар ресми статистикаға қарағанда әлдеқайда көп деп санайды. Елде ауруханалар толып кеткен, дәрігерлер пациенттерді орын жоқ деп қайтарып жатыр. Індет денсаулық сақтау жүйесінің кемшіліктерін көрсеткен.

Американың жоғары лауазымды шенеунігі алдағы апталарда 1,4 млрд тұрғыны бар елде үкімет дұрыс қадам жасаса да, жағдай «өте қорқынышты» болады деп ескертті.