BI GROUP 135 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ҚҰЮҒА ДАЙЫН

1383

Өткен аптада BI Group компаниясы Шымкентте заманауи әкімшілік-тұрғын үй орамы құрылысының жобасын таныстырды.

Тұрғын үй орамы қаланың солтүстік аймағында, 500 мың шаршы метр жерге орналаспақ. Бәйдібек би даңғылының бойындағы ипподромның орнында бой көтеруі мүмкін деп жобаланып отырған болашақ кешеннің концепциясын ҚР вице-премьері Роман
Склярға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов және құрылыс компаниясының басшысы
Айдын Рахымбаев таныстырды.

Бұл жобаның жүзеге асқандағы қаланың даму мүмкіндіктері туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев баяндап берді.
– Бұл – ауқымды жоба. Жүзеге асқан жағдайда құйылатын инвестиция көлемі шамамен 135 мрлд теңгені құрап, 15 млрд теңгеге жуық салық түспек. Құрылысқа алты мыңға жуық адам тартылады. Ал құрылыс аяқталған соң орамдағы мектептер, балабақшалар, білім беру орталықтары мен т.б. әлеуметтік және коммерциялық нысандарда 2500-ге жуық тұрақты жұмыс орны болады, — дейді Б.Мамыталиев.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, BI Group компаниясы тек өз тұжырымдамасын таныстырған. Жоба егжей-тегжей пысықталған соң Шымкентте қоғамдық тыңдаулар өтеді.
– Жоспарға қала әкімі жобаны қоғамдық талқылаудың оң нәтижесінен кейін, яғни, қоғамдық тыңдауға қатысушылардың көбісі қолдаған соң ғана қол қояды. Егер қала тұрғындарының көбісі жобаны қабылдамаса, біз оны жүзеге асырмаймыз. Дегенмен, бұл тұста кең көлемде баға беріп, мегаполистің болашақтағы дамуын ойластыру қажет. Бұл орам шаһардың дамуына оң әсер етіп, Наурыз саябағын Шымкент Ситимен байланыстырады, тартымды бола түседі, — деді қала әкімінің орынбасары.
Бауыржан Мамыталиевтің айтуынша, ипподромның орнын ауыстыру мәселесі 2018 жылы, Шымкенттің бас жоспарын өзектендіру және қалаға республикалық статус берер кезде жоспарланған. Ол кезде жаңа ипподромның құрылысына 2 млрд теңгеге жуық қаржы қажет болған.
«Ал жаңа әкімшілік-тұрғын үй кешенінің жобасы мақұлданса, жаңа ипподромды BI Group компаниясы өз қаржысына салады» дейді әкімдік өкілдері.
– BI Group концепциясында көпқабатты, эконом және бизнес класты жайлы үйлер, емханалар, мектептер салу, әлеуметтік инфрақұрылым жүргізу қарастырылған. Бұрынғы ипподромның жері BI Group компаниясына тегін берілмейді. Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының үлесіне беріледі. Яғни, Shymkent ӘКК ол учаскені инвестициялық жоба ретінде жүзеге асырады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация жердің бағасын не пәтерлер арқылы, не алдағы уақытта әлеуметтік мақсатта қолданылатын басқа ғимараттар арқылы алады, — деп түсіндірді Бауыржан Мамыталиев.
Бұған қоса BI Group тұжырымдамасында осы орамда ерекше
балаларға арналған алдыңғы қатарлы «Жұлдыз-ай» оңалту орталығын салу қарастырылғаны белгілі болды. Ондай орталықтар әзірге Нұр-Сұлтан және Алматы қаларында ғана бар.
Бауыржан Жаймұрзынұлының айтуынша, бұл уақытқа дейін бірде-бір жекеменшік компания Шымкентке осындай ірі сома – 135 миллиард теңге көлемінде инвестиция құймаған.
Қалалық әкімдік өкілдері бұл құрылыстың дендросаябаққа қатысы жоқ екенін, ол ерекше қорғалатын аумақ екенін мәлімдеді.

А.СӘДУӘЛІ