«Су-ли-фа» және праймериз

1504

Менен көп адам: «Праймериз туралы не ойлайсыз?» деп сұрап жатыр. «Нұр Отанның» бұл «ноу-хауына» қатысты пікірім қызық болып жатса керек. Осы жерде жауап берейін.

Ең алдымен, мені де праймеризге қатысуға шақырғанын жасырмаймын. Ойланбастан бас тарттым. Неге екенін ары қарай оқып түсінесіздер.

Екіншіден, қоғам дамысын десек, саяси алаңда жасанды емес, шынайы талас-тартыс болу керек. Шынайы тартыс кем дегенде екі бірдей күштің арасында жүреді. Елімізде бүгін екінші күштің заңды түрде таласқа түсуіне ешқандай жағдай жасалмаған, билік ешкімге мүмкіндік бермей отыр. Бізге ұсынып отырғаны – ешбір альтернативасыз қойылым, «Нұр Отан» осыны талас-тартыс деп көрсетіп әлек. Не бізді сынап отыра бер, не партиямызға мүше бол да, таласқа қатыс деген ұстаным. Тоқтай тұрыңыз, егер азаматтардың пікірі «Нұр Отанның» бағытымен ұштаспаса, онда қалай болмақ? Мұны да тартыс дейміз бе?

Менің екі қызым бар. Әдетте, балалар бір нәрсеге таласып, бөлісе алмай жатса, кімдікі екенін анықтау үшін «су-ли-фа» ойнын ойнады. Бәріңізге таныс ойын. Қағаз, қайшы, тас. Бұл таласта әділдік шамалы болса да бар, өйткені кімнің құралы екіншісін жеңсе, сол жеңген болып есептеледі.

Мен кейде ермек үшін мынадай «читиң» жасаймын: қыздарыммен оларды алдаусыратып ойнау үшін «су-ли-фаны» өзім ұйымдастырамын. Сол қолым үлкен қызым Асылжанның, ал оң қолым кішкентай қызым Несібелінің атынан ойнайды деп ереже шығарамын. Үш ретке дейін ойнаймыз, кім ұтса, тәтті сонікі болады деймін. Үлкен қызым: «Папа, бұл жерде әділетсіздік бар ғой» деп әлдеңені аңғарғандай болады. Бірақ мен: «Жоқ, екеуіңнің де жеңуге шанстарың тең» деп айлаға салып, көндіріп аламын.

Алғашында екі қол бір-бірін жеңе алмай, тепе-тең түсіп жатқандай қыламын. Өз қолым ғой, не көрсететінімді өзім білем, режиссері өзім. Үшіншісіне келгенде ғана үлкені, не кішкентайы (менің таңдауыммен һәм қалауыммен) жеңіп кетеді. Оны қыздарым шынайы талас-тартыс сияқты көріп, сеніп қарап отырады. Бірі ұтып кетсе, екіншісі бұлданады.

Праймеризді де бұлар солай жасап отыр. Сізде ешқандай таңдау жоқ, партияның айналасында жүрген, не мемлекеттен бенефит көріп отырғандарды үміткер болуға көндіріп, оларды халық алдына шығарып, таңдау иллюзиясын жасап қойыпты. Сіз тіпті өз қолыңызбен «су-ли-фаны» да ойнай алмай отырсыз. Партия сізге өз қолын ұсынып, ол сіздің атыңыздан ойнайды, бәрі әділ болады деп сендіруде.

Не деген циркке төзгіш едік.

P.S. Қыздарым үшін уайымдап жатқандарға айтарым: әділетсіз «су-ли-фа» нәтижесінде екеуіне де тәттіні беремін. Мен мұны қыздарыма олар «читиң» дегенді жастайынан ажыратып үйренсін деген ниетпен жасадым.

Бақытжан Бұқарбайдың жазбасы

Abai.kz