Түркістандық полицейлер өзгелерді блогерлер болып бопсалаған ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті, — деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Құрманбек Саховтың айтуынша, 4 жергілікті тұрғыннан тұратын бұл ұйымдасқан қылмыстық топ 6 ай бойы Жетісай және Мақтаарал аудандарының аумағында заңсыз жұмыс істеген. Олар бопсалау мен алаяқтық арқылы жеке кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың ақшаларын иемденген.
Жалпы алғанда қылмыскерлер жәбірленушілерге 2 000 000 теңгеден астам шығын келтірген. Тіпті олар өз қызметіне заңдылық беру үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес түрінде жалған қоғамдық ұйым ашқан. Әрқайсысына нақты рөлдер берілген. Сонымен қатар жалған куәліктер мен есімхаттар жасаған. Олар жәбірленушілерге өздерін блогерлер, журналистер және заңгерлер ретінде таныстырып отырған. Қылмыскерлер барлық әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желілерде бейнежазбаларды жариялаймыз деп қорқытып, олардан ақша талап еткен. Мысалы, 2019 жылы Мақтаарал ауданында күдіктілер құрылыс алаңдарының біріне барған. Содан құрылыс жұмыстары нашар сапамен, ереже бұзушылықтармен жүргізіліп жатыр деген сылтаумен құрылыс фирмасының басшысынан 500 мың теңге талап еткен.
Басқа жағдайда, яғни өткен жылдың күзінде сотталғандар экологияны қорғау түрімен жергілікті фирмалардың бірінің кеңсесіне келіп, директордан ай сайын 100 мың теңге көлемінде төлем талап еткен. Жәбірленуші өз кезегінде Жетісай АПБ-ға арызданған. Жасалған қылмыстардың ауырлығы мен бірегейлігін ескере отырып, қылмысты ашуға және тергеуге облыстық криминалдық полиция қызметкерлері мен тергеушілері аудандық полиция қызметкерлеріне көмекке жіберілді. Яғни, аудандық және облыстық полицияның үздік қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылған. Сотқа дейінгі тергеу аясында барлық қажетті жедел және тергеу іс-шаралары жүргізіліп, жеткілікті дәлелдер жинақталған және қылмыскерлер ақша алу кезінде ұсталған.
10 ай ішінде осы қылмыстық топтың әр қатысушысының кінәсі толығымен дәлелденді. Сонымен қатар бұл топ ұйымдасқан сипатта бопсалау мен алаяқтықтың 17 жайтына қатысты болып шықты.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен мүшелері ҚР ҚК-нің 262-бабының 1-бөлігінде «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оған басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», 194-бабында “Қорқытып алушылық” және 190-бабында «Алаяқтық» көзделген қылмыстарды жасағаны үшін 10 және 8 жылға бас бостандығынан айырылды.