Осыдан бір жыл бұрын, 6 қыркүйекте Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің тұңғыш отырысы өтті. Жаман өткен жоқ, кей қатысушылардың жекелеген сөздері кәдімдігей ойландыратын, мән беруге тұрарлық болды. Кеңестің өзі де сол үшін құрылған еді, көкейкесті мәселелер көтеріліп, оны шешу жолдарын ұсыну үшін. Сол жиында мықты идеялар айтылған.
Маған да сөз берді. Менікі енді мәдениет туралы ғой. Мәдениеттің тозығы жеткен күйі, іріп-шірігені туралы анығына келгенде. Оны құтқару керек. Мәдениет жоқ жерде ешқандай да реформа жасау мүмкін емес. Басқасын айтпағанда, ұлттың қауіпсіздігі мәселелері де біздің мәдениетімізбен байланысты.
Сөйлеуге маған аз-ақ уақыт берілді, бірақ мен де айтып үлгердім ойымдағының бәрін дерлік. Менің сондағы жеткізген ойым, «шексіз биліктің бір топ адамның қолында ғана болғаны аса ауыр салдарларға әкеліп соғады» дедім. Менің сондағы сөзімді әр жерінен бір үзіп, халық желіде біраз талқылады. Елең еткізді халықты.
Міне, бір жыл өтіпті. Не өзгерді?
Еш-те-ңе. Өзгермек түгілі, одан сайын бұзылды қоғам. Көзіміз көрген кей фактілерді жеңіл-желпі тізіп шықсам. Жасөспірім балалар итті тірідей өртеп, видеосын мақтанышпен желіге жүктеді, жабайы біреулер ерекше табиғи көлге джиппен қойып кетті, Қордайда ұлтаралық қақтығыс болды, «Қазақфильм» киностудиясы өртеле салады, Шәкенов деген біреу кітапханалардың көзін құртайық деп шығады. Көп сөйлеп, бірақ боқ сөйлейтін Бекшин сықылды қаптаған шенеуніктер ковидке байланысты күрделі жағдайды сылтау етіп, ойына келгенін істеді: халық кезекте қысылысып, қоғамдық көлікпен жүргенде бұлар келіп, тау мен парктерді жабады… Айта берсем көп енді, мұндай болып жатқан бейбастақтықтар.
Отыз жыл болды, мәдениет пен білім туралы жазып келемін. Бұлай жүргеніміз болмайды деп келемін. Әй, мәдениет деген концерт емес, астанадағы салют-фейерверк емес. Сырты жарқыраған халықтар ассамблеясы да, біздің әншілердің түрлі халықаралық байқаулардағы жеңістері де –мәдениет емес. Байқасаңыз, сабынды судан үрленген көпіршік тура жарыларының алдында кемпірқосақтың барлық түсіне боянады. Мәдениет деген – үйдегі ахуал. Көңіл күй ол. Қоғамның жалпы күйі – бұл. Әркімнің ортақ іске өз қатысын түсінуі, ортақ идеалдар жолында адал қызмет ету. Әр буынның өзінің бұл қара жердегі тарихи миссиясын түйсінуі. Бір сөзбен айтқанда, мәдениет деген – бізді біріктіретін, ұлтты қанаттандыратын, халқымызды алға жетелейтін, ынталандыратын дүние.
Жаһандану деген не? Ол – мәдениеттер соғысы. Идеологиялар соғысы. Мұнда да біздің жеңісіміз жоқ. Біз түрлі ақпаратттың ауыр қысымында қалдық. Жастарымыздың бәрі бөтен мәдени-эстетикалық өнімге тәуелді болып қалды. Балалар мен жасөспірімдер туралы, тіпті айтпай-ақ қояйын. Спанч-Боб бәрімізді жеңіп кетті. Қаңбақ шал мен мыстан кемпір өлді. Гаррипоттер Ер-Төстікті өлтірді. Бөтеннің бизнес-жобасы, бөтеннің фантазиясы біздің туған фантазиямызды құртты.
Бүгінгі әлемнің құпиясы – тым қарапайым. Кім жұрт көңілін көтереді, сол жетістікке жетеді. Ойлануға шақыратын адам қараң қалады.
Ал біз қандай әлемде өмір сүргіміз келеді? Қандай ахуал ұнайды бізге?
Қарттарды ұратын жастар, көшеде артпен жүретін той кортеждері, дұрыс сөйлей алмайтын мемлекеттік шенеуніктер… Жаппай жемқорлық, бір жемқордың үстінде қырық жемқор отырған, сыбайластық, жоқшылық, жұмыссыздық, барып тұрған беспредел болып жатыр маңайымызда түгел… Мұның бәрі – мәдениеттен жұрдай болғанымыздан туды. Содан біз өркениетті әлемнің құйыршығы болып, көш соңында сүйретіліп келеміз. Бұған кім кінәлі?
Мемлекеттік саясат көзімен қарағанда – мәдениет министрлігі. Соңғы 28 жыл бойы бұл мекеменің көптеген басшысын жеке танимын, араласып келемін. Талай құрамдағы министрлікті көрдім-ау. Бірақ дәл қазіргідей министрлікті көрмеппін ешқашан. Оның қызметін бағаламай-ақ қояйын, өйткені оны бағалайтын шкала жоқ бұл табиғатта. Ғалымдар оны ойлап таппады. Нөлден төмен не болатынын мен білмеймін.
«Творчестволық элита», «көзқарас лидерлері» дегендей ақыл айтқыштар көбейді, әбден әлеуметтік желілердің арқасында. Интернет деген не бүгін? Кезексіз берілетін микрофон – бұл. Еркіндікті ойына келгенді істеу деп қабылдап, су түбіндегі лайдың бәрін көтердік. Экраннан ұят кетті, биік сахнадан ой кетті. Мәдениеттен сөз кетті. Бұл елде шешім қабылдайтын адамдардың көз алдында…
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің тұңғыш отырысынан бері бір жыл өтті. Тоқаев – өте жақсы адам. Бірақ мемлекеттің мәдениет саясатында ештеңе өзгермеді. Ең жаманы, өзгеріс бастауға ешкім құлықсыз.
Үміттің бәрі бекер болғаны ма? Біздің бастықтарымызға осы өмір ұнай ма екен, әлде?