Алматыда төбелес шығарған «КазТАГ» басшысы Әсет Матаев ұсталды

15

17 наурыз күні 50 жастағы медиа-менеджер мас күйде “Dostyk Plaza” маңында 20 жастағы жігітпен төбелесіп, ауруханаға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Kozachkov offside” Telegram арнасының мәліметінше, ер адам бұзақылық жасағаны үшін ұсталған.

Полицияның мәліметінше М. және Р. есімді екі ер адам басқа екі жігітпен сөзге келіп қалған. Жанжал барысында ер адамның бірі қарсыласына әйелге ұқсайтынын айтып тіл тигізген. Даудың соңы төбелеске ұласқан.

Тағы бір ақпаратта Әсет Матаевтың бір топ жігіттердің біріне әйелге ұқсайтынын айтып, тіл тигізгені жазылған.

“Оның соңы төбелеске ұласқан. 20 жастағы жігіт көліктен баллон кілтін алып шығып, қорқыту үшін Матаевқа қарай сілтей берген. Ол ер адамның самай тұсына тиіп, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер науқастың жарақатына тігіс салды”, – делінген.

Төбелеске қатысқан барлық адам ұсталды. Олардың ішінде Матаев та бар. Бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалды.

“Қазір тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Әр қатысушының әрекеттеріне құқықтық баға беріледі”, – деп хабарлады полиция департаменті.

Ведомство мас күйінде жасалған агрессия мен қоғамдық тәртіпті бұзу әрекеттері тоқтатылатынын еске  салды.

Болған жағдайға қатысты “КазТАГ” агенттігінің редакциясы да  пікір білдірді.

“Қазір редакцияда болған жағдай туралы толық ақпарат жоқ. Біз құқық қорғау органдары мен адвокаттардың егжей-тегжейлі түсініктеме беруін күтіп отырмыз және тергеу объективті түрде жүреді деп сенеміз. Барлық жағдай анықталғанға дейін алдын ала қорытынды жасамауға шақырамыз”, — деп хабарлады “КазТАГ”.