Шымкентте қорғасын зауытының қалдықтарын өңдейтін кәсіпорын іске қосылды

1412

Шымкент қаласындағы бұрынғы қорғасын зауытының қалдықтарын жою мәселесі шешімін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, жетпіс жылдан астам уақыттан бері жиналған өндіріс қалдықтары қоршаған ортаға зиянын тигізіп келді. Жылдар бойы қордаланған түйткілді мәселенің оңтайлы шешімі табылды.

Бүгін мұнда өндіріс қалдықтарын өңдеп, түсті металл концентратын шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Кәсіпорынның зиянды қалдықтарды залалсыздандыруда экологиялық маңызы зор.

«Қаламыздағы бірегей жобаның жұмысымен бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов танысты. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілетін жобаны «Standard Steel KZ» ЖШС-гі жүзеге асырды. Мұнда жылына 400 мың тонна өндіріс қалдықтары қайта өңделеді. Бүгінгі таңда жобаның жылына 250 мың тонна қалдықтарды өңдейтін бірінші желісі жұмысын бастады. Зауыт биыл қараша-желтоқсан айларында толығымен іске қосылғанда 400 адам жұмыспен қамтылады»,-делінген хабарламада.

Сондай-ақ онда бүгінгі таңда қоршаған ортаны қорғау, түсті метал өндірісін дамытуда қалдықтарды қайта өңдеудің маңызы өте зор екендігіне байланысты жоба толығымен іске қосылса, экологияны зиянды қалдықтардан тазартуға зор үлес қосатыны айтылған.