Қазақстанда жергілікті ұлт өкілдерінен бөлек сырт елдерден келетін ұлттар елімізде білім алып, жұмыс істеп, кейбіреулері тіпті тұрақтанып қалып қойып жатады. Солардың бірі Қытай мемлекетінің азаматы Ма Джин Юй Қазақстанда тоғыз жыл өмір сүріп, бакалавр бойынша білім алып, тілдік курстарды оқып, орыс тілімен қатар қазақ тілін де меңгеріп шыққан. Осылайша 17 жасында алғаш Қазақстанға келген қытайлық қыз Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне біздің еліміз бен халқымыз туралы көзқарасымен бөлісті.
Қытай мемлекеті Синьцзян аймағы Үрімжі қаласының тұрғыны Ма Джин Юй алғаш Қазақстанға 2007 жылы келген. Алдымен екі жыл тілдік курстарға барып, орыс тілін үйренген. Кейін Алматы қаласындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне тапсырып, бакалаврды бітірді. Екі жыл Сбербанкте жұмыс істеп, 2006 жылы жұмыс бабымен Беларуссия мемлекетіне кетті. Сіздерге Ма Джин Юйдің қазақстандықтар туралы айтқан ойларын төмендегі сұхбатымызда ұсынамыз.
Шетелге оқу мақсатында неге Қазақстанды таңдадыңыз?
Мен үшін таңдауды әкем жасады десек болады. Өйткені сол жылдары кәсібін Қазақстанда өрбітіп жатқан еді. Ол бұрындары да осы елге келіп тұратын. Сол себепті де ол мен үшін таңдау жасап, Қазақстанға келгенде қазақ тілінен бөлек орыс тілін де жақсы меңгеруге болатынын айтқан еді. Осылайша менің таңдауым көршілес ел Қазақстан болды.
Біздің елге келер бұрын Қазақстан туралы не білдіңіз?
Қытайлықтар бастапқы жылдары Қазақстан туралы аса білмеген еді. Бар жоғы көршілес ел екенін ғана білген шығар. Бірақ Олимпиадаға қатысқан Сабина Алтынбекова мен музыкалық жобаға қатысқан Димаш Құдайбергеннің арқасында көпшіліктің сіздердің елдеріңізге деген қызығушылықтары ояна бастады. Қытайлықтардың көбі Сабина мен Димаштың сұлулықтарына тамсанады. Кейбіреулері тіпті солар үшін қазақ тілін үйреніп жатыр.
Қазақстан несімен ұнады?
Қазақстанның табиғаты керемет. Әсіресе тауларға қатты қызығамын. Дәл Алматы қаласындағы таулардың әдемілігін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қазіргі таңда Беларуссия мемлекетінде тұрып жатырмын, әрі маған сол таулар жетіспей тұрады. Алматыда тұрған кезде апта сайын достарымызбен Медеуге, Шымбұлаққа, Көк Жайлауға баратынбыз.
Әрине, табиғатынан бөлек халқы қатты ұнады. Қазақтар өте мейірімді, кішіпейіл, қонақжай болып келеді. Қонақжайлылықтары соншалық мен тұрған қазақ отбасы мені өздерінің қыздарындай көретін. Олар маған әлі күнге дейін Қазақстаннан сәлемдеме салып тұрады. Әрі мен қазақтардың ұлттық тағамдарын сүйсініп жеймін. Бесбармақты сағынып жүрмін. Қазақстаннан келген достарамызы әрдайым маған қазы, құрт сияқты тағамдарды әкеп тұрады.
Қазақтың басқа қандай ұлттық тағамдарын ұнатасыз?
Жоғарыда айтып кеткендей бесбармақ, бауырсақ, қазы, құрт айта берсең көп болып кетер. Жаңағы мен тұрған қазақ отбасында апта сайын ет асып жейтінбіз. Қазір де асылған етті жегім келіп жүр.
Қазақстандықтардың қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?
Қазақтар, біріншіден, айтқан уақыттарында ешқашан келмейді. Мысалы, той, мерекелік шаралар болған кезде барлық қонақтар кешігіп келеді. Мен студент кезімде құрбымның тойына барған едім. Мейрамханаға кешкі алтыға шақырған екен. Мен кішкене ертерек бара берейін деп сағат бестен асқанда барсам, қонақтар тұрмақ, столдар дайындалмаған болып шықты. Осылайша мен той басталғанын күтіп, қонақтар ақыры кешкі тоғызда бірақ келді.
Екінші байқағаным, қазақтар өте мақтаншақ болып келеді. Студент кезімді менің құрбыларымның барлығы қыста міндетті түрде шуба киетін. Солай маған таң қалатын, «неге қымбат етік пен шуба кимейсің» деп. Мен жатақханада тұрғандықтан өзіме ыңғайлы киінгенді жөн санайтынмын. Оқу орны жақын жерде болғандықтан жеңіл куртка мен кроссовки кие салатынмын. Бірақ уақыт өте қазақтардың бұл әдеті менің де бойыма сіңіп кеткендей болды.
Жұмысқа орналасқаннан кейін мен де қымбат шубалар киіп, аяғыма сапалы етіктер ала бастадым. Өйткені мұндағы қоғам адамды сыртқы келбетіне қарап сынайтын. Менің әріптестерімнің барлығында айфонның соңғы модельдері, брендті сөмкелер, қымбат көліктер болатын. Басқа елдерді салыстыратын болсақ, олар ең алдымен ыңғайлы киінуге тырысады. Ал қазақтар үйлерінде құр нан мен шай ішіп отырса да, сыртқа міндетті түрде әдемі, әрі қымбат киініп шығады.
Үшінші ерекшелікті атар болсам, ол қазақтардың жылқының етін жегендігі. Біз жылқыға отырып шапқанды ұнатамыз, оны қадірлеп өсіреміз. Ал қазақтар оның етін жейді. Негізі Қытайда менің тұратын аймағымда қазақтар мен ұйғырлар көп болғандықтан, олардың жылқының етін жейтіндеріне көнгенбіз.
Мені қатты таң қалдырған ол қазақтардың үйлену тойы болды. Мен үшін бұл шара дүние жүзіндегі ең қиын сияқты болып көрінді. Қазақтар үйлену үшін өте көп салт-дәстүрлерді орындайды. Той алды бір-біріне сырға тағады, сыйлықтар береді. Тойдан бұрын да, кейін де бір-бірін күтіп, дастархан жаяды. Бұдан да қызығы сол үшін қазақтар несие алып жатады, демек ақшалары жоқ болса да, өте үлкен қылып той жасайды.
Қазақстандықтардың сізге деген көзқарасы қандай болды?
Менің түрім қазақтарға ұқсайды. Сондықтан болар, қазақтардың маған деген ықыластары ерекше болды. Басқа қытайларды көшеде жол патрульдері ұстап алып, пара сұраса, мені ешқашан ұстап көрмепті. Бұл да менің қазақтарға ұқсағанымдықтан шығар. Негізі Қазақстан мен үшін ерекше мемлекет, көп жылдар тұрып, қазақ халқына үйреніп қалдым. Беларуссияға кетер жылы қалайша мен Алматыдан кетемін деп қиналған едім.
Мен осы елді, осы қаланы қатты ұнатқандықтан, бакалаврды бітірген соң қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығым ояна бастады. Солай жарты жыл қазақ тілі курстарына барып, бірақ сөздерді үйреніп қалдым. Қазір Қазақстанға барсам, таксиге отырып, қазақша амандасып, мекенжайымды айта аламын
Қазақ жігіттері ұнайды ма?
Маған негізі бастапқы кезден бері еуропалықтар ұнайтын. Тіпті солардың біреуіне тұрмысқа шыққым келетін. Алайда күйеуім қытай. Бұйырғаны сол болып тұр ғой.
Қазақстанда жергілікті қытайларды кездестірдіңіз бе? Олардың сіздерден айырмашылықтары бар ма?
Мен жергілікті қытайлармен танысуды армандап келдім. Бірақ көп уақыт бойы оларды кездестірмедім. Бір қызығы Қазақстанда жергілікті кәрістер көп екен, бірақ қытайлар өте аз.
Соңында мен жұмыс істеп жүрген кезде бір әріптесім жергілікті қытай болды. Түрі біздерге мүлде ұқсамайтын, сондықтан мен бастапқыда сенбейтінмін. Оның көзі көк еді. Бізден айырмашылығы оның орыс тілде сөйлегендігі. Қазір Беларуссияда да қазақстандық қытайлар бар. Олар да орыс тілінде сөйлейді.
Қытайға қай мемлекет жақын: Қазақстан ба, әлде Беларуссия ма?
Қазақстан мен Беларуссия Совет үкіметінің құрамында болған мемлекеттер екеніне қарамастан, екеуі мүлде бір-біріне ұқсамайды. Тіпті екі елде де орыс тілінде сөйлейтіндеріне қарамастан олар ұқсамайды. Қазақстан халқы өте ашық, қонақжай, әрі тым әсершіл болып келеді. Ал Беларуссия халқы ескі замандағы көзқараспен өмір сүреді. Олар ұстамды. Сол себепті де Қазақстанның Қытайға ұқсастығы көп десек болады.
Қай мемлекетте тұрған ұнайды?
Үшеуінің ішінде таңдайтын болсақ, әрине, өзімнің туған елім Қытайда жақсы. Болашақта қайтамыз деген ойымыз бар. Бірақ Қазақстан менің сүйікті елдер қатарымда болады.
Сұхбатыңызға рахмет!
Дереккоз:http://stan.kz