«АЛСАЙШЫ АНАНЫ»: САПАРБАЕВ МЕМЛЕКЕТТІК ЕЛТАҢБАНЫ КӨТЕРУГЕ ЕҢКЕЙМЕДІ

1239

Бердібек Сапарбаевтың алдына  Елтаңба құлады.  «Әкім еңкейген жоқ» деген желі қолданушылары Жамбыл облысы әкімінің онлайн есептік кездесуінен тараған видео үзіндіні қызу талқыға салды.

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халыққа есеп беру кездесуін өткізді.  Тұрғындар сұрағына жауап беру кезінде Сапарбаев сөйлеп тұрған мінбердегі Елтаңба құлады.

Видеодан Сапарбаевтың «алсайшы ананы» деп, рәмізді көтеруді тапсырғанын көруге болады.

Әртүрлі пабликтерде тарап кеткен видеоны желі қолданушылары қызу талқыға алды. «Әкім еңкейген жоқ», «имидж жасаудың шебері Сапарбаев Елтаңбаны неге өзі көтермеді», «ол Елтаңба екенін білмей қалған шығар», «не құлағанын түсінбей қалды» деп жарыса пікір жазды.

Сапарбаевтың онлайн форматтағы халықпен кездесуінде болған оқиғаның мән-жайын  Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен сұрадық. Басқа мәселемен материал жазып жатқанын айтқан баспасөз хатшысы оқиғаға байланысты өз пікірін кейін  білдіруге уәде берді.

«Дәл қазір жауап бере алмаймын. Оны мына жақта ақылдасу керек»,-деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Олжас Сайлаубекұлы.

Осы тұста көпшіліктің есіне Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның тәуелсіздіктің нышаны болған кішкентай жалаушаны жерден еңкейіп көтерген сәті түсті.

Видеоны көрген көпшілік толқып «мемлекеттік рәміздер – елдің жүрегі» деп қабылдаған еді.

Айта кетейік, елімізде осыған дейін мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға қатысты заңды күшейту керектігі туралы бірнеше мәрте айтылды.

Парламент Сенатында рәміздерді дұрыс пайдаланбаған мекемелер мен жеке адамдарға салынатын айыппұл көлемін көбейту көтерілген.

Түзетулер енген «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заң жобасында рәміздерді құрмет көрсетпегендерге қатаң шара қолданылатыны айтылды.