Қос азаматтығы бар Почивалов сотта жеңілді

1119

Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов сотта жеңілді. Бұған дейін Ресей азаматтығын алып қойғаны анықталып, Қазақстан азаматтығынан айырылған Почиваловтың талап арызын Шымкент қаласының әл-Фараби аудандық соты бүгін қанағаттандырусыз қалдырды.

Қаңтарда Олег Почиваловтың қос азаматтығының болуына байланысты Қазақстан азаматтығынан айырылғанын  Шымкент қалалық Полиция департаментінің көші-қон басқармасы тіркеген болатын. Алайда шенеунік құзырлы органның шешімімен келіспей, сотқа шағымданып, Қазақстан азаматтығын қайтарып алуға әрекеттенді.

Шымкент қалалық сотының бізге берген мәліметіне қарағанда, полицияның мұндай шешімді қабылдауына О.Почиваловқа Ресейдің тиісті орындарының берген төлқұжаты негіз болған. Сондай-ақ шымкенттік шенеуніктің көрші елдің азаматтығын алып қойғанын  Ресей Федерациясы Ішкі істер министирлігінің берген хаты да растаған.

-Арызданушы Почивалов және оның өкілі аталған фактіні жоққа шығаратындай сотқа қандай да бір дәлел ұсынбады. Әл-Фараби аудандық сотының 22 ақпандағы шешімімен Почиваловтың Шымкент қаласының Полиция департаментінің әрекетіне берген арызы қанағаттандырусыз қалдырылды,-делінген Шымкент қалалық сотының мәліметінде.

Жуырда  Почиваловтың өзі журналистерге арнап баспасөз мәслихатын беріп, Қазақстан азаматы екендігін, өзіне қатысты айтылып жатқан ақпараттардың жалғандығын, бұл іске нүктені сот қоятынын мәлім еткен еді. Осы жиында оның адвокаты бірнеше құжаттарды таныстырды. Осы құжаттарға қарағанда, Олег Почивалов Ресей азаматтығын осыдан 15 жыл бұрын иеленіп қойған. Ең алғашқы төлқұжатты 2007 жылы Мәскеу облысы Красногор қалалық Ішкі істер басқармасынан алған. Былтыр наурызда 45 жасқа толуына байланысты «тарихи отанының» төлқұжатын жаңалатқан. Оның қос азаматтығын былтыр желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік органдары анықтапты.  Осыдан кейін Почиваловтың Ресей азаматтығын алғанына ешқандай күмән жоқ сияқты. Ендеше бұлтартпайтын айғақтардың болуына қарамастан оның сотқа арыздануына не себеп? Мүлдем түсініксіз.

Енді  Әл-Фараби аудандық сотының шешімі күшіне енген соң Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловты қызметінен босатудан басқа амалы жоқ. Почивалов бұл қызметке былтыр маусымда тағайындалған.