«БИЫЛҒЫ НАУРЫЗ ЖАППАЙ ТОЙЛАНБАЙДЫ»

1328

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан баспасөз брифингте осылай деді.

Биыл қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен күнгей шаһары Ұлыстың ұлы мейрамын «Наурыз – Шымкенттен басталады» деген мегажобамен бастады. Бұл жоба алдағы жылдары да жалғасып, қаланың брендіне айналуы керек деген мақсатта 14 мен 24 наурыз аралығының әр күніне жеке-жеке «ат қойып, айдар тағып» аталып өтуде.

Атап айтқанда, 14 наурыз – «Көрісу» күні, 15 наурыз – «Жер-көк» табиғат күні, 16 наурыз – «Шежіре» күні, 17 наурыз – «Тарихқа тағзым» күні, 18 наурыз – «Игі істер» күні, 19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік» күні, 20 наурыз – «Зияткерлік» күні, 21 наурыз – «Ұлттық тағамдар» күні, 22 наурыз – «Ұлыстың ұлы» күні және 23 наурыз – «Жоралғы» күні.

Шыңғыс Жұмабекұлы бұл мерекелік іс-шаралар санитарлық нормаларды сақтай отырып, ұйымдастырылғанын және Наурыз мерекесінде жаппай тойлауға болмайтынын жеткізді.–Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Шымкент қаласында Наурыз мейрамы күндері жаппай тойлауға болмайды. Өйткені Шымкент «жасыл аймақта» тұрғанымен, эпидахуал қалыпты болып тұрған жоқ.

Сол себепті мерекелік іс-шаралар барлық санитарлық талаптың сақталуымен әрі келушілердің саны шектелумен ұйымдастырылып отыр, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.БАҚ өкілдерінің Наурыз бюджеті төңірегінде қойған сауалдарына жауап берген мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысы Ханзада Есенова іс-шаралардың арнайы теле-нұсқасы түсіріліп, телеарнадан көрсетіліп отырғанын жеткізді.

Фото:Береке Сейітжаппар

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі