Параға 30 қой алған түркістандық шенеунікке сот үкім шығарды

984

Түркістан облысында пара ретінде 30 қойды иемденген шенеунік өмір бойы мемлеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров Antikor орталығында өткен брифингіде айтты.

«Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасына қарасты сәулет және жобалар мен нысандардың сметалық есебін дайындау бөлімінің басшысы Ш.Қожамсүгіров алаяқтық жасағаны үшін мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 15 620 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынды», — деді агенттік өкілі.

Аталған шенеунік параға 30 қой алды деген күдікпен ұсталған.

«Ол Шымкент қаласындағы Ташкент тасжолының бойында орналасқан жер учаскесінің мемлекеттік актісін алуға көмектескені үшін алаяқтық жолмен жалпы сомасы 1 200 000 теңге болатын 30 қой мен 11 000 теңге сомасындағы ақшалай қаражатты алды деген күдікке ілінген», — Данияр Бекайдаров.


Автор Есімжан Нақтыбай