Ресей-Украина соғысы: Қазақстан кімді жақтайды?

1934

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс жаңа қарқынға өтті. Украинаның шығысында сепаратистермен атыс-шабыс артты. Бұл үлкен әскери қақтығысқа, тіпті Ресей мен Украина арасындағы соғысқа әкелуі мүмкін. Қазіргідей қақтығыстың ушығуы 2014-2015 жылдан кейін болған емес.

Ресей Украинамен шекаралас аймаққа 4000 сарбаз жіберді. Ал басып алған Қырымға танктер мен әскери техникалар шоғырландыруда. Бұл ресми Киев пен оны қолдаушы НАТО-ны алаңдатып отыр. Украина болу ықтималдығы жоғары соғысқа дайындалып, елдің шығысына әскерін шоғырландыруда. Танктер, зеңбіректер мен жанармай тасушы көліктер бүлікшілер орналасқан аймаққа аттанып жатыр. АҚШ барлау күштері сепаратистердің қолындағы аймақты бақылау үшін дрондармен барлау жүргізуде. Ал «Борисполь» әуежайына күн сайын АҚШ-тың әскери жүк тасушы ұшақтары қонуда.

Өткен аптада АҚШ президенті Джо Байден Зеленскиймен алғаш рет телефон арқылы сөйлесті. АҚШ басшысы Украинаны барынша қолдайтынын жеткізді. Канада президенті де осы позицияны ұстануда. Қазірдің өзінде Украинада канадалық 200 әскери украин сарбаздарын дайындауға атсалысуда. Олар Украинада 2015 жылдан бері сарбаздарды оқыту бағдарламасы бойынша жұмыс жасауда. Украинаның әскері 2014 жылғыдай емес, әлеуеті артты. НАТО 20 мыңнан астам сарбазды қалалық жағдайда ұрыс жүргізуге дайындап шықты. Киевке АҚШ «танк өртеуші» аталған Джавелин қаруын табыстады. Украина соққы жасаушы дрондармен жарақтанды. Демек, ұрыс қимылдары 2014 жылғыдай емес, қиян-кескі сипатта өтуі мүмкін.

Қазіргі таңда көпшілікті алаңдататын басты сұрақ «Ресей мен Украина соғыса қалса, Қазақстан кімді жақтайды» деген болып отыр. Қазақстан мен Ресей бір әскери ұйымда. ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) ұйымына қатысты сұрақтар көп. Украина шығысындағы қақтығыс Ресей-Украина соғысына ұласса, Қазақстан екі тарапты бейбітшілікке шақырып, келіссөзге келуге үгіттейтін позиция ұстанатыны анық. ҰҚШҰ шартына сәйкес мемлекеттер соғыс жағдайында бір-біріне көмектесуі тиіс, алайда бір ғана жағдайда: егер ұйымға мүше елге сыртқы күштен агрессия болса. Ал бұл жағдайда керісінше Ресей агрессор, Украина қорғанушы, жапа шегуші. Ұрыс қимылдары Украина территориясында болып жатыр. Халықаралық талаптарға сай Украина өзінің аумақтық тұтастығын қалпына келтіруге құқылы. Қазақстан Қырымды Ресейдің аймағы деп мойындаған емес. Украинаның бөлінбес бөлшегі санайды. Сондықтан да бұл соғыста Ресей жалғыз.

Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ соғысында ҰҚШҰ-ның принциптері қалай жұмыс істейтінін көрдік. Армения тарапы көмек сұрағанымен, ҰҚШҰ көмек беруден бас тартты. Себебі соғыс қимылдары халықаралық талаптар бойынша мойындалған Әзербайжанның тарихи өлкесі Қарабақта өтті. Бұл соғыста Әзербайжан азат етуші, Армения агрессор рөлінде болды. Қазіргі Ресей-Украина қақтығысы да тура осындай жағдайда.

Алайда тараптар қаруын көрсетіп, қабағын түйсе де, соғыс қимылдары қарқынды түрде басталмай, позициялық соққы алмасумен шектелуі де мүмкін.

Асхат Қасенғали

Abai.kz