Ораза ұстап жүргенде ПТР-тест тапсыруға бола ма?

1509

Рамазан айында ауыз бекіткеннен кейін вакцина салуға да, ПТР-тест тапсыруға да болады, деп атап өтті Ершат қажы Оңғар

Бас мүфтидің орынбасары Ершат қажы Оңғар ораза кезінде коронавирус жұқтырып алған жағдайда дәрігерден кеңес алу қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бақара» сүресінде ауырып қалған және жолда жүрген адамдар оразаны артынан ұстаса да болады деп жазылған. Сондықтан коронавируспен ауырып қалсаңыз, дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындауыңыз қажет», — деді Оңғар орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Осы орайда наиб мүфти былтырғы оразаның қазасын өтеу тәртібін де түсіндірді.   

«Егер былтырғы оразаның қазасын ұстап үлгермесеңіз, ешнәрсе етпейді. Биылғы оразаға ниет етіп, ауыз бекітуге болады. Бірақ ораза өткеннен кейін былтыр қаза болған күндерді өтеу керек», — деп түсіндірді Оңғар.

Оның айтуынша, ауыз бекіткеннен кейін вакцина салуға да, коронавирусқа қарсы ПТР-тест тапсыруға да болады.

«Шариғат ораза кезінде ине салуға рұқсат береді. Одан ораза бұзылмайды. Сол сияқты ПТР-тест оразаны бұзбайды. Өйткені тест құрғақ күйінде тамақтан және мұрын қуысынан алынады. Ішке қарай ешқандай дәрі, сұйықтық өтпейді», — деді наиб мүфти.

Айта кетейік, 2021 жылы қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні. Ал 13 мамыр Ораза айттың бірінші күні болады.