«МЕНІҢ ЖЫРЫМ БӘРІ ДЕ ЕРТЕҢ ҮШІН…»

1647

Шымкенттегі Абай атындағы қалалық орталық кітапханада ақын, Өзбекстан, Қазақстан, Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі Бөрібай қажы Қыдырбекұлы Оразымбеттің «Саған…» атты өлеңдер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Мақсат — өңірімізден шыққан танымал ақынның шығармашылығымен таныстыру. Сол арқылы көпшілікті кітап оқуға, поэзияға баулу болып табылды. Іс-шараны ұйымдастыруға Шымкент қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №4 және 8 кітапхана бөлімшелері белсене атсалысты.

Аталмыш кітапхананың коворкинг залында Алты алашқа кеңінен танылған арқалы ақын Бөрібай Оразымбеттің шығармашылығына арналған «Менің жырым бәрі де ертең үшін…» атпен «Саған…» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Кешті осы жолдардың авторы жүргізді.

«Поэзия – әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні. Өлең – өмір, өмір – өлең, ешкім бұдан артық түсіндіруі мүмкін емес», — деп Виссарион Григорьевич Белинский тегін айтқан жоқ. Өмірдің қаны мен отына, жарығы мен күніне айналған қазақ поэзиясының деңгейі ешқашан төмендеген емес. Әлі күнге бүкіл әлемнің гүл бояуларын, жаратылыстағы барлық сұлулықты жырға қосудан қазақ ақындары жалыққан емес. Нәзіктікті де, сұлулық пен сымбаттылықты да, көзге көрінбейтін ғажайыптар мен көңілге сәуле түсіретін тылсымдарды да ақындар тебірене жырлайды.

Осындай ғажайып әлемге, поэзия әлеміне өзінің сүбелі үлесін қосып жүрген ақын Оразымбет Бөрібай ағамыздың «Саған…» атты өлеңдер жинағы жақында ғана Алматы қаласында «Үш қиян» баспасында жарық көріп отыр. Енді осы кітаптың тұсауын кесу үшін кеш қонақтары — ғалым, ақын, жазушы Оралхан Қожамжаров, әлеуметтік желідегі «Өлең — сөздің патшасы» тобының жетекшісі Омархан Алтынбек, Халықаралық ақындар айтысының жеңімпазы Кәрима Оралова ортаға шақырылып, әлгіндей рәсімді жасады.

Бұдан кейін №4 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі Гүлмира Рысбаева ақын өмірі мен шығармашылық жолы жайлы баяндама жасады.

Кеш қонақтары — Оралхан Қожамжаров, Омархан Алтынбек ақынның жеткен жетістіктері, тынымсыз еңбегі, адал да аппақ көңілі туралы сөз етті. Айтыскер ақын, Халықаралық айтыстардың жеңімпазы Кәрима Оралова ақынмен бірге түскен жезде мен балдыз айтыстары жайлы әңгімелеп, өзінің арнауын орындады. Ал ақын, сазгер, әнші Айзада Бекенқызы ақынның екі өлеңіне ән жағанын айтып, осы әндерді сызылта шырқады.

Айтулы ақын, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, «Шымкентім, шырайлым!» атты республикалық әдеби-көркем альманағының Бас директоры — Бас редакторы Әбдісаттар Әліп:

— Бөкеңмен Ташкенттегі қазақ тілінде жарық көретін республикалық «Нұрлы жол» және Халықаралық «Орталық Азия мәдениеті» газеттерінде қызмет еткен кезімнен жақсы таныспын. Кезінде оған: «Кәпәрәтші де өлең жаза ме екен?!» — деп таңданыс білдіргендер де болған. Сол Бөкең алдымен айтыс өнерінде айды аспанға бір-ақ шығарған. Жүз жылда бір дүниеге келетін қазақтың кемеңгер ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ақ батасын алған. Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан Президенттеріне арнау өлең айтқан. Кейіннен жазбагер ақын ретінде де өзін таныта алған. Әйгілі Әбіш Кекілбаев оған Ақ Бөрі деген есімді тегіннен тегін бермеген. Бұрын қара, сұр бөріні білетін едік. Канадада ғана кезігетін ақ бөрі секілді біздің Бөкең де сирек құбылыс болғаны ғой. «Саған…» — ақынның ірілі-ұсақты жиырмасыншы кітабы екен. Бүгінде жалғыз өзінің кіндігінен тараған ұрпақтары да жиырмаға жуықтапты. Мұның үстіне үр қызындай ақсары жеңгемізбен бас қосып отырған жағдайы бар. Ендеше, қуанышың да, жазар дүниең де көбейе берсін, Бөке! — дейміз.

«Киелі сүйегімді сүйіндірген де, сүйендірген де – Өлең. Оған себеп өлеңдерімді Абайдай ұлы мұнараның толқындарынан аламын», — дейді ақын ағамыз. Ол сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетіндегі үлкен жанрдың бірі – термеге де өз үлесін қосып жүр. «Адал болса тапқаның»; «Айтайын»; «Жақсы жаман болады құныққанда» термелері «Оңтүстіктің 100 термесі» атты жинаққа енген. Қос кемені қатар алып жүрген ақын Бөрібай Оразымбет өз өлеңдерін оқып, оқырмандардың сауалдарына жауап беріп, көпшілікті бір серпілтіп тастады.

Кеш барысында кітапхана оқырмандары қаламыздағы №39және №133 жалпы білім беретін орта мектептердің оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Іс-шараны қорытындылаған Шымкенттегі орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Гүлсім Әлкебайқызы Шатырбекова жас оқырмандарды Алғыс хатпен марапаттады.

Манат КЕРІМБЕКОВА,

Шымкент қаласындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты №8 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі.

Фотосуреттерде аталмыш іс-шарадан көріністер бейнеленген.