ШЫМКЕНТТЕ ЕСІРТКІНІ ЖАРНАМАЛАУ ДЕРЕКТЕРІН АНЫҚТАУ МАҚСАТЫНДА РЕЙД ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

1089
Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қалалық Жастар ресурстық орталығының өкілдерімен бірлесіп «Есірткіге жол жоқ!» акциясы аясында Абай ауданы аумағында орналасқан ғимараттар мен үй-жайлардың сыртқы қабырғасына есірткі құралдарын насихаттау және жарнамалау деректерін анықтау мақсатында іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында Қара су және Байдуков көшелерінің бойындағы ғимараттар мен үй-жайлардың сыртқы қабырғасына психобелсенді құралдар мен прекусорлардың жарнамасы ретінде салынған 31 граффити-суреттердің мекенжайы анықталып жойылды.
Сондай-ақ, оларды салған тұлғаларды анықтау мақсатында жақын орналасқан үй тұрғындарынан, меншік иелері мен жұмысшылардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде департамент қызметкерлерімен есірткі құралдарын интернет желісі арқылы таратумен, сондай-ақ олардың сілтеме парақшаларын граффити-сурет түрінде жарнамалаумен және насихаттаумен айналысатын тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Алдағы уақытта Полиция департаменті және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлерімен осы мақсаттағы бірлескен іс-шаралар әлі де жалғасатын болады.
Ескерту: Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабымен есірткі заттарын насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық жауапкершілік бекітілген.
Егер бұл қылмыс адамдар тобымен, бірнеше рет, білім беру ұйымдарында немесе адамдар көп жиналатын орындарда БАҚ немесе электрондық ақпараттық ресурстарды, қызмет бабын пайдалану арқылы жасалса, жаза 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.