Астанада комитет төрағасы пара алды деген күдікпен ұсталды

1142
ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің төрағасы пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин мәлімдеді.
Брифинг барысында директор соңғы екі аптада тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстық істеріне тоқталды.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іc-қимыл ұлттық бюросының Астана қаласы бойынша департаменті ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің төрағасын ұстады.

«Ол комитеттің экономика және қаржы басқарма басшысының жәрдемдесуімен жалпы қамқорлығы және ведомствоаралық бағынышты ұйымды қосымша қаржыландыру үшін 1,9 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін күдіктелуде», — деді ол брифингте.
Арман Бердалин аталған комитет төрағасы заңға қайшы әрекетін мойындағанын атап өтті.
«Соттың күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», — деді департамент директоры.
 Дәурен Ерболат
Baq.kz