ШЫМКЕНТТЕ СПОРТ АЛАҢШАЛАРЫ КӨПТЕП САЛЫНУДА

1026

Мемлекет басшысының барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласында биыл ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Осы мақсатта жүзден астам замануи спорт алаңы салынады. Спорт алаңдары воркаутпен айналысуға арналған спорттық жабдықтармен және дене жаттығуларына арналған аймақпен жарақтандырылмақ. «ERG Еуразиялық топ» ЖШС өзі демеуші болып салатын 7 алаңшаның екеуін Қаратау ауданында, бесеуін Абай ауданында орналастырмақ.

Қала әкімінің бастамасымен қолға алынған жоба аясында қазірге дейін оншақты балалар спорт алаңшасы ашылып отыр. Жалпы Шымкент қаласында аула ішілік 231 спорт алаңшасы болса, биыл 115 спорт алаңын салу жоспарланып, ол жүзеге асырылуда. Оның онтөрті демеушілер есебінен қалғаны бюджеттен салынады.
Қалада балалардың бос уақытын тиімді өткізу, жаппай спортты дамыту мақсатында көптеген жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер Серік Төлбасовтың қоры мен Eurasian Resources Group (ERG) қолдауымен Шымкент қаласы әкімдігімен өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында ашылып жатқан әрбір нысанның үлкен спорт алаңы, жасанды жабыны, жарықтандыруы және жоғары қоршауы бар. Онда балалардың баскетбол, волейбол, футбол, теннис ойнауына барлық жағдай жасалған.

Балалар спорт алаңшаларын күтіп ұстау әр ауданның әкімдігіне жүктелген. Сол сияқты әр аудан әкімдіктері өздеріне қарасты тұрғын алаптарынан, әсіресе, шалғай орналасқан тұрғын алаптардан спорт алаңшаларын салатын орындар әзірлеуде.
Мегаполисте 2020 жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен қамтылған азаматтар саны 324690 адам немесе қала тұрғындарының жалпы санынан 30,6 % құрады. Ол 2019 жылға қарағанда 30202 адамға артты. Ал биыл дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар көрсеткішін 31% ұлғайту жоспарлануда. Адамдар спорт пен денешынықтыруды өміріне серік ету үшін олардың бойына бала кезден спортқа құмарлықты егу керек. Сондықтан да, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында қалада балалар спорт алаңшаларын салуға ерекше көңіл бөлінуде.