Қазақстанда шенеуніктер мен олардың отбасындағылардың ақшалай операциялары бақылауға алынады

1315

Енді  елімізде лауазымды қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің қаржылық операциялары, тіпті сатып алған үйлері де тексерілмек. Ол үшін жылжымайтын мүлік құны 50 миллион теңгеден асса жеткілікті деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «КТК» арнасына сілтеме жасап. 

Осындай өзгерістер енгізілген заң жобасын қазір Мәжіліс қарап жатыр. Бұған дейінгі заңда 200 миллион теңгенің үйін алғандар ғана қосымша тексерілген. Енді ол сома төрт есе төмендетіліп отыр. Өйткені заңсыз жолмен табылған қаржы көбіне осы жылжымайтын мүлік арқылы ізін жоғалтады екен. Ал лауазымды қызметкерлер санатына мемлекеттіктен бастап, квазисектордағы басшылардың бәрі жатады. Олардан бөлек, басшылардың әйелі, балалары 50 миллионның үйін алған жағдайда ақшаның заңды жолмен келгенін дәлелдеуі тиіс.

Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің нәтижесінде 500-ге тарта лауазымды қызметкердің 58 елдің банктерінде шоты бары анықталған.

Қалталы шенеуніктердің көбі ақшасын Ресей, АҚШ пен Швейцария банктерінде сақтайды.

“Ақшамен және басқа мүлікпен жасалатын операциялар бойынша мониторинг жүргізілетін адамдар тізімін Президент бекітеді. Қаржылық мониторинг агенттігі бұл адамдардың, олардың отбасы мүшелерінің және жақын туыстарының жеке тізімін жасайды. Яғни еліміздің шенеуніктері мен олардың туыстары қаржылық мониторинг субъектілерінен тиісті қызметтерді алғаннан кейін, сонымен қатар шетелдік мемлекеттік қызметкерлерге қосымша тексеруден өтеді. Мұндай тізімге мемлекет және үкімет басшылары, Үкіметтің аға қызметкерлері, сот және әскери қызметкерлер, көрнекті саяси қайраткерлер, сондай-ақ мемлекеттік корпорациялардың басшылары енгізілген. Арасында саяси партиялардың қоғамдық тұлғалары да бар”, – дейді ҚР Мәжіліс депутаты Сергей Симонов.

Айта кету керек, олардың жақын туыстарының қатарына «Неке және отбасы» туралы Кодекске сәйкес, ата-ана, бала, аға-іні, апа-сіңлі, ата, әже, немере кіреді.