Қазақстанда президенттің тапсырмасымен Олимпиадаға бөлінген қаражатқа тексеріс басталды

855

Есеп комитеті 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына дайындық үшін бөлінген бюджет қаражатын игерудің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізуде.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Токио Олимпиадасына бөлінген қаржының аудитін бастады, деп мәлімдеді Есеп комитеті. Бұл жайында Stan.kz хабарлайды.

«Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Есеп комитеті 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына дайындық үшін бөлінген бюджет қаражатын игерудің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізуде», – делінген хабарламада.

Ұлттық Олимпиада комитеті Токиода өтетін Олимпиада ойындарына Мәдениет және спорт министрлігі арқылы 15,6 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражаттың ішіне спортшылардың жалақысы, құрал-жабдықтар сатып алу, медициналық қолдау, оқу-жаттығу жиындары мен лицензиялық старттарға қатысу кіреді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Ұлттық құрама командасының Токиодағы ойынның нәтижесі елдің спорттық әлеуетіне және мемлекеттің спортты дамытуға бөлетін үлкен қаражатына сәйкес келмейтінін айтқан болатын.

«8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-ші орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді. Ұлттық құраманың Олимпиадалық ойындардағы көрсеткіші спорт сияқты маңызды салада шұғыл, тиімді реформаларды қабылдау қажеттігін көрсетеді. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға назар аудару керек және осының негізінде әлемдік аренада керемет табысқа жетуге ұмтылу қажет», – деп жазған ол Twitter парақшасында.