Понедельник, 30 декабря, 2024
Басты Әдебиет ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ: «ҚОҢЫР ЖЫРЫМ БАР ЕДІ…»

ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ: «ҚОҢЫР ЖЫРЫМ БАР ЕДІ…»

2445

Бүгін қазақ поэзиясының құбылысы, аса дарынды қаламгер, Мемлекеттік сыйлық иегері, ҚР әнұранының авторы Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденовтың туған күні. Аталған күнге орай Ұлт порталы Ұлы шайырдың таңдаулы жырларын топтастырған еді. Ендеше, әдебиет әлемінде өзіндік өрнегін салып кеткен эстет ақынның жан әлеміне терең бойлап, өмірінің өлең боп өрілген сәттеріне көз тастап, сағынышқа тұнған симфонияға құлақ салғыңыз келсе, мархабат!

Әжеме

Байғұс әжем, бір жыл болды, бір жол болды – көрмедім,
Көрмедім мен бурыл шашты кәрі қолдың өргенін.
Көрмедім мен сиыр айдап, отқа тезек салғанын,
Көлеңкеге құрып қойған ала жолақ өрмегін.
Еркелетсе – ермегі едім, жалғызы едім мен оның,
Әжем үшін жалғыз өзім – бір рулы ел едім,
Сағындым-ау сарғыш тартқан ертегісін, өлеңін.
Біздің жақтан жел ескенде желмен бірге келеді
«Қарашығым, тамағыңды іш, деміңді алшы!» деген үн.
Дәл осы сәт отыр ма екен, отыр ма екен ине алып,
Жіңішке ине, жіңішке жіп – өткізе алмай қиналып,
Әлде, әлде бір шүйкесін көршідегі тентек ұл
Алып қашып бара ма екен көк шыбыққа «бұйда» ғып?!
Сондай кезде ойлайды ғой, ойлайды ғой мені ылғи,
Сондай кезде қандай екен кәрі әжемде көңіл күй,
Көңіл шіркін! Нұрлы сәуле, әлсін-әлсін тіріліп,
Әлсін-әлсін елес берер, елес берер бір үміт.
Әлсін-әлсін жүгірем деп, қуамын деп үмітін
Көйлегінің етегіне қалды ма екен сүрініп?..
1960, 1982

Аяз — жеңгем

Аяз, аяз!
Бозарды бет шымырлап,
үлпек қарда ізім қалды қыбырлап.
Қыс келгенін, мұз басқанын даланы,
суық жел тұр құлағыма сыбырлап.
«Бұрынғыдай иығыңды керме!» – деп,
өн бойыма ызғар шықты өрмелеп:
кешке жақын жанай өтіп көрме деп,
боз қырау тұр қыз әйнегін перделеп. .
Аяз-жеңгем қориды сол қызды анық,
Өзім түгіл
Көзімнен құр қызғанып;
Күйеуі бар – ұмытқан ғой құдайды –
Құлағымды жазықсыз
Қызартқанша бұрайды…

1960, 1982

***

…Бір көктем пайда болды маңайымда,
Су іштім көлді шайқап, балдырын ап.
Күз өткен, қыс та кетті…
Самайында
Ақ шашы кәрілердің қалды бірақ.

Айнала сағымданды, сикырланды,
Тау жатты қара бұлтты қақтап еміп.
Түн кетті – төсегімнен ұйқы ұрланды,
самал жел қыдырып жүр баққа келіп.

Келеді желмен бірге ән дүрмегі,
Мен ғана үйде отырмын күйбең-күйбең.
Жалғыздық көрмесін деп тағдыр мені
өлең деген бір қызға «үйлендірген».

Ол менің көп мінімді сездіреді,
Отырмын тар бөлмені ыза кернеп.
Үрлейді лебімен мезгіл өзі:
«Дәл қазір жанбасаң да қыза бер!» деп.

Табиғат теңізіне сыр батырып,
ой алсам оңай сөзбен – бәрі ұнатты.
Басыма өссе де орман бір қапырық
көкейім сыр мен шуға жарымапты.

Жүрегім тап-таза бұлақ тұнып,
Қүй ақты сай-жырамды толтырғалы.
Жартысын сенімімнің лақтырып,
қайтадан қағып алды толқындары.

Еліктеу табиғатқа жаңалық па,
Көлбеңдеп көл еркесі көгімде жүр.
Мен саған ұқсамаймын,
маған ұқса –
Ұқсастық керек болса тегінде бір!…

1960, 1982

Алматы

Жатыр жақпар… Қарағайды аралайды жел ескен,
Жапырақтар, жапырақтар сыбыр-сыбыр кеңескен.
Тау сулары таусылмады, сыңсып тұрып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады,
Айдалада ақбоз мінген Алатау бір ақ батыр,
Айналада тал-қайыңдар, тал қайыңдар сапта тұр.
Қызыл гүлдер «үзілдік дер» баяула жел, баяула,
Қызыл гүлдер, қызыл гүлдер ұйқыда ма, ояу ма?
Бар табиғат – бір тіршілік, бір тіршілік баяғы,
Тартады ұрлап тамырдан нәр шіркін шыбық баяғы.
Тастың өзі нұр шашады, бүгін-дағы, кеше де
Біздің мынау Алматыда, күн жайлаған көшеде.
Тас балқытқан талма түсте – балқимыз біз күнге ұсап,
Қызуынан алма пісті – айқасқанда мың құшақ.
Трамваймен жүре алмаймын, жаяулаймын – көп қызық,
Қөп қызықты қапылыста алмайыншы өткізіп!
Жұлдыз көрмей күндіз көрдім, күндіз көрем әрине,
Түнде көрсем үндемес ем түсім ғой деп бәрі де.
…Жүз толқындар бірін-бірі тұншықтырып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады.
Міне, біздің Алматы осы,
Алма төсі бұлтиып,
Алма-төске жас бұтаның саусақтары түр тиіп.
Жүрші, жаным, қыдырайық, неғыласың жалғыз қап,
Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ!

1960, 1982

***

Сенің шашың түн десем,
адасумен өтем ғой.
Күліп тұрған күн десем –
сенің күлкің екен ғой,

Сыңсып кетсе ну орман
сенің лебің екен ғой.
Шөлдеп едім,
суарған сенің көлің екен ғой.

Жапырағы гүлдердің
алақаның екен ғой.
Маңдайыңда жүзген нұр
дала таңы екен ғой.

Бұлт түйілсе кәрленіп.
Білмей жүрген екем ғой.
Біздің жерде бар көрік
сенде де бар екен ғой.

1960, 1982

Дала дидары

Қырларындай таспаның – қыры өткір қияқтың,
ала бұлтты аспаның – айран шалап сияқты.
Жалбыр-жалбыр қаңбағың – түрікменнің бөркіндей,–
жата алмайды бұ жақта топырағың да желпінбей.
Бидай ақтап жатқандай бұрқырайды құм үсті,
сай қуалап ағады ұры-жолдар жымысқы.
Құдығы да терең кіл – мағынасындай өлеңнің,
көз жеткісіз айнала – көлбеп жатқан көлем бір.
Құм-шағылдар үйілген алтын қырман секілді,
Мұнша жылдар сүйіп жел – алқындырған секілді,
бір басылып кеудесі, дем алғандай бір шығып,
Шайырындай бураның боз жусанның бүршігі,
Бүкірейген қу бұта – саусағындай кемпірдің,
Қыр сауыры дөңгелеп – сұр құлынды келтірді,
Жылт-жылт еткен ебелек – жылап аққан су сынды, –
…өз тіліңнен жоқ өзге басатұғын сусынды…
О, дариға, осынау қарап тұрып далаға,
тым құрыса, бір минут мұңаймасқа бола ма;
сояулар тұр сап-сары – кәрі тістей ыздиып,
көбелектер жүр ұшып бал орнына тұз жиып.
Тек қана анау төбеге көтеріліп, күш қылып,
бір машина барады «жанын сүйреп», ышқынып,
Қырларындай таспаның жол тіліңді – құйғыды,
суырылды ақ шаңы – кометаның құйрығы.
Бірте-бірте келеді таспа-жолдар көбейіп,
бірте-бірте келеді көкжиек те кеңейіп…

1965

Түн жыры

Бұталардың арасында қап-қалың
Ұйыған түн жатты іркілдеп, бөкпе боп,
Бір абайсыз ашпақ еді қақпаны –
Күдірейіп түрегелді көк төбет,
Содан кейін… тістеп көріп шынжырын
Өз-өзінен өзі айналды тіміскіп.
Қара судай тұнық екен түн бүгін,
Бірақ суда қайдан болсын тыныштық –
Толқиды түн… үнсіз тілмен түнгі ызғар
Сора-сора бозартуға аз қап тұр.
Сабырлы аспан сәл қозғалса, жұлдыздар
Тамып кете жаздап тұр…

1965

Қыз құйған шәй

Бұдан тәтті не бар дейсіз әлемде,
Бұдан ащы не бар дейсіз әлемде,
Тәттілігі: сол қызға бір тік қарауға бата алмау,
ащылығы: шешесінің болатыны қаталдау.
Әкесін де тағдыр тағы жасапты ғой қатты ғып –
Қой, қой достым, біле білсең мұның өзі тәттілік.
Сәл өкініп ұсынасыз тас-ақты жазып сіз,
Жай отырып қысыласыз,
жазықсыздан-жазықсыз.
Жұтқан шайың тамағыңда тарсылдайтын секілді,
бұққан сайын – күнәң ауыр, аршылмайтын секілді.
Әжесін де маңдайыңа жылжымас қып жазыпты-ай,
ақ тартқаны болмаса бұл, әйел емес қазық қой.
Көк дастархан мына жатқан – бейне түпсіз көк теңіз,
Көк теңізде маяк құсап төрт көз жанды – сөкпеңіз;
екеуі оның – жерде отырған момын қыздың өзі де,
екеуі оның – төрде отырған қонағының көзі де!
Қызға қарау қызық-ақ қой,
ал аңдысу – ауыр жәй,
аман кетсек жарар еді біреуіміз ауырмай.
Қыз құйған шай –
одан ащы не болады, білмедім,
Қыз құйған шай –
одан тәтті не болады, білмедім.
Ащылығы – тым ертерек әке болып қалғаным,
тәттілігі – айлар бойы аялайтын арманым.

1965

Хикая

…Ат шананың үстінде тұр топ адам,
орын берді ығысып жұрт арадан –
отырды әкем.
Жүгіріп әжем үйден
алып келді, есімде бір таба нан.

Әлде бата, әлде ырым іспетті ме,
көндірмек пе «құдайды» күштеп тілдеп?
Кетік нанды ап кірді әжем үйге –
әкеме шетінен бір тістетті де.

Содан әжем, жығылған есеңгіреп,
ұрсып-ұрсып жұбатты шешемді кеп:
«баланы еміз, бұзауға шөп әкеп сал,
жұғын етпей жусаңшы кесеңді» – деп.

«Жүрек бұрса құдайға – жай бұрмаған,
пәнде басын тәңірім қайда ұрмаған!
Тістелген нан ешқайда жібермейді,
жібермейді – келеді, қайғырма оған.

Ырым ғой бұл, алла бар, қалмайтұғын,
нан жарықтық бақсы емес алдайтұғын,
ерте болсын, кеш болсын қайтып келіп,
тауыспақ ол осы бір нанды әйтеуір».

Келіп жатты майданнан… кетіп жатты…
жаназаға, тойға да ел жетіп жатты.
Жау қанша адым шегінсе жерімізден,
сонша бала білмеппіз жетім қапты.

Күте-күте жақсылықты одан-бұдан,
мешел әжем жайғасты төр алдына.
Қара шашы таусылып – қайғы қалды,
семіп жатты сандықта ораулы нан…

Жылдар өтті…
Әжем де әлі бітіп,
кәрілікті мезгілден алып ұтып.
Сартап болды сандықта нан баяғы,
ол да жатыр, қарашы, әлі күтіп.

Үміт шіркін жақсы ғой – жанға жайлы,
мен де күтем – оны әжем аңдамайды.
Сенердеймін мен де оған – кетік нанға,
ал, шынында нан бар ғой?
Алдамайды!…

1967, 1982

Ана

Ойлатпай өсірем деп жаман пиғыл,
әлдекімге өкпе артсақ – одан тыйдың.
Тағдырдың бізді соққан «бұзау тісі»
алдыменен, анажан, саған тиді.

Жүзбесе де сол жылдар күнің күліп
сөйлемедің ешқашан түңілдіріп.
Күн көрдік қой
бір қолда бес саусақтай
бірімізді біріміз жылындырып.

Ұлды ерке етіп, ал, қызды қылықты етіп,
өсірем деп жүн түттің, шұлық тоқып.
Қуанған сәттеріңде – құштың, бізді,
жылағың келген кезде тұрып кетіп.

Біздің жыртық көйлекті жамай-жамай,
қалыпсың қартайғаныңды абайламай.
Жесірлік өтті;
бірақ қара түндер
ақ шаш боп қоныпты ғой самайға, ана.

Кетті, кетті келмеске өткен күндей
жүрген кезің аязда шекпен кимей.
Өкпелетсең де өзіңе кейде бізді,
есіріпсің өзгеге кектендірмей.

Кеткенім жоқ әзірге елтіп, асып,
көргеніммен көп жайды талқыласып.
Біреуді жек көрейін десем бүгін,
ылғи, ана, алдымда сен тұрасың.

1967, 1982

Неге есіме түсті екен ескі жырым?..

Неге есіме түсті екен ескі жырым,
неге аңсадым ескі-ескі досты бүгін.
Кідірте тұр асыңның түсіруін,
достар келіп қалатын кешқұрым.
Суытты ма лақабы көптің бөтен,
лақапшы еді бірінің келіншегі.
Жақсы жырымды оқыса – келуші еді,
келмегені – жаза алмай кеттім бе екен?
Кешікті ғой,
дос қайда,
таныс қайда
жақын едім – сол үшін алыстай ма.
Кешегідей тағы да жалғызбын мен,
«Кетік» қайда, япыр-ау, Әбіш қайда?
Кідірте тұр асыңды,
өліп-талып
түңілейік, түңілсек сеніп барып.
Асықтың деп жатуға дау сап жүрер
әлде болса біреуі келіп қалып…

1967, 1982

Парадокс

Күй мейлің:
жақсы әйелді – еркегі,
жүйрік атты – тізгіні,
жақсы авторды – жазғаны
билейді.

Күл мейлің;
жаман еркекті – әйелі,
жаман атты – тізгіні,
жаман жырды – авторы
сүйрейді.

1967

Менің арманым

Күз күндері, не суық қыс күндері,
істеп жүргенде әйтеуір іс мүдделі,
ажал шіркін аяңдап жетсе-ау маған,
кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп.

Сыншылардың ұрсуын, тамсануын,
алдан күтіп қалса-ау бір қанша жырым,
бір жинағым басылып үлгіре алмай,
машинкаға берілмей қалса бірі.

Не бір түнде құйылып, қара кәріп,
көп ұйқас отырғанда қамап еріп,
кетсем өліп нүктеге жете беріп,
жан таппаған бір теңеу таба беріп.

Өліп кетсем қағаздан жалыққанша,
өлтірмеймін дегенмен шабыт қанша,
Сия қалса сауытта, толып қалса,
шамым қалса бас жақта, жанып қалса.

Не ащы айтып біреуді тызылдатып,
не біреулер өзімді қызулатып,
не ұзақ жол үстінде өліп кетсем,
не бір нашар жолымды сызып жатып.

Әдетте бір ызғарлы қыс күндері,
істеледі қызумен іс мүдделі,
сондай шақта ажалым жетсе-ау менің,
кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп.

1969

***

Әкең қазір бір орға аты құлап,
тарығып тұр әркімнің ақылын ап;
содан шығар: жау жоқта батылырақ,
үндемеген кезінде – ақылдырақ.

Көкірегін кермек ой – күйік тіреп,
ащы сөзді алыпты сүйіп, тілеп:
теңесер жан жоқ жерде иықты боп,
сүйе алмаған кезінде – сүйікті боп.

Әкең талай ызадан дірдектеді,
талай үміттен қалды кірлеп көңіл.
Жетіскеннен деп пе едің осыны айту,
жетіскеннен жыр жазып жүр деп пе едің?!

1969, 1982

Топырақ

Жазар едім гүл-өлең сызылдырып бұл несі:
Соғып өтсе боз қырау — үзілді гүл сүлдесі.
Емен-өлең жазар ем, ағаш-ау ол еменің,
ағаш болып кетеме деп қорқамын өлеңім.

Жазар едім шың-өлең асқақтатып, астырып,
шошытады шыңдардың шыны-суық тастығы.
Жазар едім көл-өлең, пәк болғанмен көл өңі,
көлің су ғой, су болып кетер деймін өлеңім.

Бәрі саған бітеді момын далам, бұл да заң,
ызың-ызың жел-құзың досым сын-ды бір мазаң.
Гүл мен емен, көл мен шың — бәрі сенде топырақ,
саған ұқсап, сондықтан, қоңыр-шұбар жыр жазам.

1969, 1982

Ой түтіп, сөз есіп…

Ой түтіп, сөз есіп,
құясың сырға мұң.
Кезесің, кезесің
Абайдың жыр-бағын.
Шабасың,
таласып
шықты анау алға кім?
Таласпа,
аласың
Абайдан қалғанын.

Абай-ай, әй, тіпті
берген-ау берерін.
Айтарын айтыпты,
алыпты керегін.

Көп нәрсе қалыпты
оған да көрінбей:
қыз қапты өрімдей,
шешілмей дау қапты.

Қанша Абай күрессін,
жығылмай анық бір,
бір жаңа, бір ескі
күншілдік қалыпты.

Жанғырық қайталап
даңқты танытты.
Кеткенмен тау-талант,
бұлттары қалыпты.
Тек қана…
аз ғана
таңданам, таңғалам:
Сол Абай жазбаған
жақсы өлең қалмаған.

1969, 1982

Санамақ

Кел, кел, ұлым, бермен кел, мойныма кел, кел асыл,
асыл,
көрейікші екеуміз туыс-туған санасып:
сен әкеңді білесің жазбаса да тілдей жыр,
мен әкемнің сүйегі қайда қалды — білмеймін,
сенің шешең жүр үйде ақыл айтып тарынып,
менің шешем ауылда аты Қайғы-Кәрілік.

Сенің екі апаң бар:
бірі — ұйқы,
бірі — ойын,
үш апа бар, ал, менде: шабыт, сана, уайым.
Сенде жалғыз қарындас — еркелігің ол әне,
менде жалғыз қарындас: жаңа жырым болады.

Ұйқы — апайың әлдилеп, үлбіреді керемет,
ойын-апаң ән-күймен күлдіреді керемет.
Қарындасың — Еркелік, екі көзі жылтырап,
қанша тырбыңдағанмен шыға алмапты қырқынан.

Шабыт-апам біраздан жоламай жүр, жоламай,
Сана-апайым басқаны жағалай жүр, жағалай.
Үшінші апам — Уайым,
уһ, жаным-ай, күйем бе,
Жыр-қарындасты ұзаттым журнал атты күйеуге.
Менен сенің тумаң көп, көрдің бе, ұлым, сүйенген,
ал мен қалдым Жалқаулық деген жалғыз жиенмен.

1969, 1982

***

Сонда біздің ауылға
жақын еді-ау көлшік бір.
Сен шықтың су алуға,
ат суғара мен шықтым.

Құстар ұшты дүрлігіп,
суық тамшы бүркіп бір.
Шелегіңнің сылдыры
Бозжорғаны үркітті.

Сол бір көл сүт секілді
көрініп ед,—
аңсау ма:
ақшылдығы бетіннің
көлге ұқсады дәл сонда.

Көл секілді сырымды
біл дей алмай сен тұрдың.
Бұлт секілді бұлыңғыр
үндей алмай мен тұрдым.

Ұяң едің сен де тым,
айта алмадым мен де түк.
Шымыр етті көл беті
Шөкім бұлтты тербетіп.

«Би алаңы» қазақтың
көл жағасы деп алып,
сен жетектеп боз атты,
суды қайттым мен алып.

1969

***

Мақтаймыз кеп өлгенді,
мақтаймыз-ау төкпелеп,
Мақтаймыз кеп жазғанын тірісінде өтпеген.
Жорғалаймыз алдында табытының,
сол өлік
тұрып кетер секілді некрологқа өкпелеп.
Мені бүгін бір досым мақтап жазды,
секірді
жолдан-жолға сұлу сөз, бәле ғой бұл, не тірлік
шошып кеттім:
«мен осы өлгенім жоқ па екен» деп,
өйткені кей мақтаулар некролог секілді.

1969, 1982

***

Қоңыр жырым бар еді, кешкіғұрым
мәз боп оқыр ақын ем ескі жырын –
қолға алып ем, көк аспан бетіндегі
іріп кетті қоңыр бұлт секілденіп.

Бала қазым бар еді көлде момын,
көрмегенім жақсы еді, келмегенім:
бұғып жатқан бір жауыз мылтық атты –
қоңыр қаздың мамығын бұрқыратты.

Бұдан артық жаныңа батырар кім,
сәл шыдай тұр, мен де бір қатырармын:
Қоңыр қаздың мамығын жастық етіп,
қоңыр-қоңыр ой ойлап жатып алдым…

1970

Жалғыз ақша

Ескі грек аңыздары – түпнұсқа,
соны аударып
жыр жазады ел қып-қысқа.
Ей, дау бар ма, дау бар ма:
кейбір елдің Құдайы да – аударма.
Бір шырағдан жанды түнде –
көлеңкелер, дір-дір қақ!
Сөздер – түрлі,
түрлі ырғақ.
Гомер-шалдың есебінен жыр-жырлап
әлдекімдер ауламызға кірді ұрлап.
әлдекімдер ортасынан
Зевс шықты да ақ киіп,
әркімге алтын ақша салған
арқалатты бір-бір қап.

Ал маған ше?
Қорлық етті қысас-тағдыр тағы да,
қорқа созған менің алақаныма
жалғыз талант-ақша түсті дөңгелеп.
Айқай салдым мен кенет:
«бергеніңе шүкір, пірім,
бірақ та,
менің халқым көзіне емес,
құлағына сенген ел:
сыңғыр етіп естілуі үшін біздің құлаққа,
тым құрыса, жезден жасап болса да –
тағы да бір теңге бер!»
Тоқтат сөзді!
Сөзді,
сөзді енді үнемде!
Болды, болды, болды менде
алам деген сенім анық, ой анық…

Кеттім, әттең оянып!

1983

Менің қағбам

Бұйра құмның ортасы – бұйырғынды төбе жай,
Күнге жайған терідей сор қоршаған жағалай.
Сол төбенің басынан жөнеліп ем мен алғаш,
Пайғамбарға көкке ұшқан теңеліп ем мен алғаш.
Шөңгелері табанға кіріп қалған кіршілдеп,
бозторғайы төбеде тұрып қалған шыр-шыр боп.
Боз жусанның демімен желпіп беріп тынысты,
көлбеп қалған белдері, аунап қалған құмы ыссы.
Тек менімен кетердей жұмыр саурын төңкере,
Көтеріле түскен де, қалып қойған сол төбе.

Ғайса пайғамбар Хақтан бұйрық алып,
сонда әлгі
Қанаты жоқ иығын – қос топшысын қомданды.
Ұшарында астына табанының тас салған…
Қанатсыз-ақ, деседі, ұшу содан басталған.
Хақ бұйрығы алдында қанат деген бұйым да,
қанатсыз-ақ, пайғамбар кетеді ұшып құйындап.
Ауырлығын Аллаға білдірмеуге тырысып,
қара тас та кетпек боп пайғамбармен бір ұшып
көтерілген орнынан,
Қырланғанмен ол надан,
қырлы тасқа ұшуға Хақтан бұйрық болмаған,
Көтерілген қалпында қалып қойған тас мәңгі…
Қағбаның базары, міне, содан басталды.
Күнәкарлар келгенде – бар күнә мен бар айып
тасқа көшіп,
тас содан кетеді екен қарайып.
Жұртты алдаған талайлар көкбеттігін мектеп қып,
Қашан да бар күнәсін өзгеге артар көкбеттік.
Шұбырады, деседі көп желмая, көп кеме –
Жығылады, деседі, күнәкарлар Меккеге.
Сенім!
Ғасырлар бойы сендірумен жұртты көп
Сол қара тас, айтады ел, көп рухты құртты деп.
Құдай емес сол көпті қуалаған Меккеге,
күдік, күмән айдаған қос бүйірден түрткілеп:
Ұнамаса әлдене «іші қуыс пендеге»
Күнә болып көрінген ағаттықтар әлдене.
Фудзияма тауындай жапондардың,
тас бейне,
тәубе таныр жер болған қарақшыға, қаскөйге.
Қиянатшыл қараулар «арылдық» деп күнәдан,
Хажы атанып, қайтып кеп қылмысымен де ұнаған.
Зорлық екен сорлыға – Қағба бар, қазы деп,
Қара тасқа иек артқан қатайғанда Хазірет.
Қамшылардың, астында тілдірсе көп жон таспа –
Көңілін басса байғұстың – қарғыс айтам сол тасқа!
Ал шын адал адамдар әлектенсе – шын әлек:
Сұлуларға қарауды ұғып қалып күнә деп,
«Күнә арқалап» фәниден барған шақта тарығып,
Қайтқаны үшін солар шын қайғысынан арылып
алғыс айтам ол тасқа,
ар, ұятты куә ғып,
тасты көрсе түсінде ел – тұрады екен қуанып.
Қара тасқа мың алғыс!
Тым құрыса түсінде
адамдарды күнәдан арылтқаны үшін де.
Иман емес, иланым,
Жаңа атты ғой мына таң
ештеңеге, ешкімге сенбейтіндерден гөрі,
Әйтеуір, бір сезімге сенгендерді ұнатам.
Қой, жоқ, жоққа сенбеймін – жоққа сенбек деп едім,
Сенімдерге емес мен,
Сенгендерге сенемін!

Бұйра құмның ортасы – бұйырғынды төбе жай,
Күнге кепкен терідей сор қоршаған жағалай.
Сол төбенің басынан жөнеліп ем мен алғаш,
Пайғамбардай паң емес,–
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Өзіңді іздеп, тағдырым,
Өзіңді іздеп замандас.
Қасиетті Қағбама – әр жыл сайын аңсаған –
Хажы барған қарттардай соғып жүрем мен соған.
Менің Меккем – Қошалақ, ескі Мекен, сары жұрт,
Жылда барам «күнәмнан» қайту үшін арылып.
Қатысым сәл сиресе – жүрек тулар, жанып іш,
Жандырады ішіңді сары жалын сағыныш.
Түрлі қабақ көбейіп,
бұлт алса Алатау түрлі,
Қошалаққа бір барып басып қайтам мауқымды.
Мен барғанда алыстан қуанамын, сонда аса
Көлеңке етер сол дөңде дөңгелек бұлт болмаса:
Қараяды, десетін Мекке тасы тұл-адал
адам арқалаған көп ауыр-ауыр күнәдан.
Менің күнәм бірақ та – болса менде күнә, рас, –
туған жердің бетіне көлеңке боп құламас.
Күнә болса ғашықтық – ғашықтықтан жарылам,
жарылғандар, әдетте, жарылады ағынан.
Көңілім қалған сәттерде дос-жарандар жағынан,
ең тұрлаулы махаббат,
Сені, сені сағынам,
Қошалағым, о, менің қасиетті Қағбам!
 

1983 жыл

Мәжнүн тал

Шыбығыңнан, білуші ем, шыбығыңнан
бір бұтаң жоқ сынған, не сыдырылған –
Саған сонша не болды,
ұғына алман:
жылағандар бір ауық жұбанады,
ал, сен болсаң келесің жылап әлі.
Мен қорланам,
сен өзің қорынбасаң
қорлық осы, Мәжнүн тал,
сорың қашан
арылады?
Бұ сауал бекер бірақ:
жылап келген өмірге – кетер жылап,
Талға қара: тайраңдап жапырағы
тағы да бір би билеп жатыр, әне,
есуасқа жылау да, күлу де оңай:
емен қайтсін ымыртта ыңылдамай!
Тас қабаққа қарсы өскен емен кәрі ,
кәрі еменнің жағдайы сенен де әрі
биыл оның көктемі оралмады.
Көктем келді, ал, саған.
жаз келеді,
көктеу деген – шын бақыт, аз деме оны.
еңірейсің де тұрасың,
еңіреп кіл
шырқын бұздың айнала, төңіректің.
Сырыңды айтып жыласаң – жыла маған,
көңіліңді түсінем – кінәламан.
Тал-тал шашы жан-жаққа құлады, әне, ал…
бұтағының құлапты бір білегі.
Сыз-қойнаудың ескенде түнгі лебі
тағы егіліп жыласа – бүлдіреді.
…Жылап емес, мәжнүн тал
өз тағдырын
жырлап тұрғаны шығар?
Кім біледі!

1983

Тыныштық жыры

Сирек ақ бұлт тұрып қапты – тыныштық,
қалың ағаш тұнып қапты – тыныштық.
Қаламыңнан жыр ұшпайды – тыныштық,
көршілерің ұрыспайды – тыныштық,
ұйып-қалғып тыныш ауа тұр ыстық –
бетпе-бет кеп тыныштық пен тыныштық
әдеп сақтап тұрған сын-ды жасанды.
Маңай жым-жырт,
тыншығамыз қашанғы…
Шахматтың майданына кірістік.

1983

Айтылмаған сөз

Айтқым келді – айта алмадым – көсемсің деп
аспандағы жұлдызға,
айта алмадым – айтқым келді – әсемсің деп
ауылдағы бір қызға.
Тал, қайыңның жасыл шашы тарқатыла кеткенде
айтқым келді – айта алмадым – ғажапсың деп
көктемге.
Пікірімді іркіп қалған жасық кездер көп менде:
сондықтан да мезгіл мені қабылдаулар бөлмесінде
мөлитті,
кекілімді өсек-ғайбат жалынына
жел үйтті.
Сезінбей ме көрген күнін, әлде ерлік қып
жүр шыдап?
Қалай болған күнде де бұл ез деген сөз
былжырақ!
Айтқым келді, айтқым келді – былай қойшы
басқасын,
айта алмадым, айта алмадым асылсың деп
тасқа асыл –
дәл осында жатыр дейді ел маңдайыңның
қалың соры – қасқасы.
Айтар ем ғой Жұлдызға мен бағамды,
сене ме оған шын жұлдыз!
Айтар ем ғой сол қызға да – сене ме
көпті көрген құрғыр қыз!
Өтірікке келгенде біз кереметтей мылжыңбыз,
тым құрыса, мезгіл, бізді дәл сол үшін қынжылғыз!
Айтылмаған сөздер үшін алайықшы бір-бір жүз!
Бұл да өзінше бір сылтау ғой, нағашы!
Жақсының да, жаманның да бағасы –
тілден ұшқан сөзде емес,
Сөзге айналмай қалған ойда-ау, шамасы?!

1983

Марқұм Марат Отаралиевпен отырған бір күнді еске алу

Тәлтіректеп бұта жүр жел өтінде –
әлдебіреу ұқсайды келетінге:
беттің арын түймей-ақ белдігіне,
тәлтіректеп бір досым келді, міне.
Дос келгені жөн болды желді күні.
Мен де желдеп отыр ем, дұрыс болды,
ащы қияр, жуа, тұз, бұрыш келді.
Аға үйіне еркелеп келді ме іні,
жуып-жуып алайық енді мұны –
Алматының көп емес желді күні.
Сыңғыр қағып ыдыстар түйіседі,
түйісуге көптен бір тиіс еді.
Талай күннен тұлдыр боп жұмыс пен ой,
домбырам да үн қатпай күміс-көмей,
түк істемей отыр ем, түк істемей –
жақсы келдің, япырай, рас-рас,
алып отыр, болмасын рәсуа ас.
Менің үйім – өз үйің, именбеші,
өз үйіңнен де асады үйренгесін,
Алматының желіндей сирек досым.
Жасандылық жоқ ниет, не бетіңде,
бетті адам да қалмады ем етуге.
Жалғыз сенсің ішіп ап біздің үйге
тәлтіректеп желді күн келетін де.

Екеуіміз де жүрміз ғой жел өтінде,
жіберейік тағы бір тартып ептеп,
ойлама осы…
жалғыз-ақ жарты деп тек.
Кірмей бүгін дос деген жұрт аулама,
маған жетпей отыр ед сылтау ғана,
ішудің де бүгінде шарты көп пе –
орындалды бір шарты,
тартып ептеп
жіберейік,
ұялма!..
Бұталар да
тұр ғой, әне, ұялмай тәлтіректеп?!

1983

Наз

Пенделерге сырт қарап былайғы ұсақ,
біреу болдың бір өзің Құдай құсап.
Айға ұстатып жіберді жұрт та сені –
жамбасыңа көрпе емес, бұлт төседі,
билік бітсе – Құдай да қырт деседі,
бұл, әрине, көп жұрттың сыртқы есебі.
Барыңды алып қашатын, барымтаның
заманы емес,
ес, есір,
қағын, қағын!
Бір жөткірсең – тойды бір қарын тағы,
бір жымисаң – Жынды да жарылқадың.
Жәдігөйден басқаның жанбай бағы,
тамырында талайдың қан қайнады.
Көгерттің-ау,
әлі де көгертесің,
көк есекті тек анау неге ертесің?
Көк есектің басына сен ең тесіп
құйып қойған көк бұлттың көлеңкесін.

Көлеңке де жетпесе – жоқ амалы:
Талғар шыңы жалаң бас келеді, әне.
Таудың таңғы ақ шарбы орамалы
басында емес,
мойнына оралады.
Адам болсаң – адамды жай адамша ұқ,
көнбіс болсақ – кетті деп анық тойып,
тұяғына есектің салып қойып,
аспан жақтан қарама аяғансып.
Пәндең – емен,
қартайса құлайды емен,
мен қартайсам – Құдайсыз, былай да өлем.
Бұққан сайын бұрайсың бұттан алып –
мұнша ұялшақ болар ма Құдай деген!
Жұбатпа, дос,
жүргем жоқ мен еңіреп,
қартайдым тек түбі сен береді деп.
Бір періштем бар еді:
қайда, қайда,
о да қуып кетті ме пайда-майда?!
Әйел құсап өкпе айту – жұмысы ердің,
осы да ерлік;
тек алда білісер күн.
Сені де аяп арқаңнан қағармын бір,
сенімен де, құдірет, бір ішермін!

1983

Терезе

Алатауға қарайды бір терезем. 
                                  Қ. Мырзалиев

Жалын шайнап жатыр, әне, әр өзен.
«Есік көлге қараған бір терезем» –
кім екені есімде жоқ,
бір ақын
осындай жыр жазып еді,
сұрапыл
қуатты сөз күтіп едім мен одан,
ашылады-ау деп ем бір көз жаңадан,
Есік көлден бастау алса дана адам
басталады-ау деп ем бір сөз жаңадан:
ештеңе де басталмады,
болмады,
жылға қуған жасық судай ол-дағы
тұнығы да толқыны жоқ боп алды,
ақырында құмға сіңіп жоғалды.
Көк өзен жоқ,
арықтың да суы ылай,
ылай судың, уай, қуын-ай, қуын-ай:
жан қинамай жай ағады –
күн ысты,
қауіпті ғой тым жиі алу тынысты.
Ақын бірақ бітірді үлкен бір істі –
атақ алды.
Енді алуға кірісті
тұрмыстың тек қулықтарын жымысқы.
Кейде осылай:
тасымайды өр өзен,
«Есік көлге» қараса да терезең!

1983

Талант

Зергерлері көне Грецияның
дірілі жоқ қолдарымен салқын қан,
ақшаларды құйып-жасап алтыннан
талант деген ат беріпті;
сол алтын
артық бағаланған сынды маған тым.
Талант, менше, алтыннан
болу керек сирегірек,
құндырақ,
әттең, кейде алтын да емес бұл бірақ:
алтын құны ауық-ауық өседі,
талант құны ауық-ауық құлдырап.
Алтын – алтын,
саспа, аға,
балама боп жарытпайды басқаға.
Алтын жүзі –
айнымалы мінезі бар екі жүз:
көрген жерде бетіне
бір түкіріп кетіңіз!
Алтынға емес,
кеше сағат екіде
бір халтурщик түкірді
бір таланттың бетіне.

Бар салмағын Уақытқа жүктеген,
Олжас жазды мынадай бір мықты өлең.
Мықтылығы – шыншылырақ,
мұңдырақ,
мұңнан гөрі биігірек бұл бірақ:
ақын жайған кепкіге
ілтифат қып әлдекім –
бірер талант алтын түскен сыңғырап.
Алтын емес,
кеткен сынды су құлап
жыр көктеді жапырағы судырап.
Ақын шықты осылайша,
әр сөзі
алтыннан да булырақ!
Мен де жайғам қазақтың
ескі, баулы тұмағын,
бір сыңғырды менің де
шалып еді құлағым…

1983

Менің биігім

Жел, жел, деп ем, байқап-байқап тербеші:
жаңа шыбық ектім, деп ем, жерге осы –
көрді ме екен бұ жердің бір пендесі.
Жан көрмеген шыңыраудан су алып,
өсіріп ем сол шыбықты суарып.
Шыбық еді ол,
ағаш болды қартайып.
Әжім түсіп,
әр тайып,
Сенің балғын жүзің де
бара жатыр қуарып.
Уақыт маған куә анық:
бәрін бастау керек деп ем жаңадан –
әттең, шама жоқ оған.

Дер кезінде бастамаппын көп істі,
бастағанды мықты бітіре алмаппын.
Тәттісін-ай дәнінің,
қабығының қаттысын-ай жаңғақтың!
Бітпеген іс,
ақталмаған дәмелердің күйігі,
міне, міне:
менің шыққан биігім!

1983

Ажал

Көнбе, өкін, –
қақтап пісір өзіңді-өзің, жездей соқ,
бәрібір сол кездейсоқ жай – кездейсоқ,
неғыламыз босқа мыжып болжалды:
емдетем деп түскен екен тұмауды
отыз екі-ақ жыл жасаған бір ауру
екі мәрте инфарктен қалған-ды,
ақырында соқырішектен өлді әлгі.

Түсті үстінен кездейсоқ бір қара әйел,
қасіреттен долданды.

Кездейсоқ бір тамырларда тасты қан:
кездейсоқ бір ерлік шығар
бәлкім адам ғұмыры,
тасты жарып өскен шөптей бір ұры?
Жігіттің тек шошаяды мұрыны
бетін жапқан ақ матаның астынан.
Бір кездері қатысыпты ол күреске,
кездейсоқ бір кісілер кеп танып тұр.
Міне, тағы бір адамды даңқты
кездейсоқ бір жігіттер
моргтен ап шегеледі табыт қып.
Сапырлысып болып жүр жұрт әбігер!
Жағасынан тартқанда ажал сүйрелей –
Өңірінен үзілген ақ түймедей,
бас жағында төсектің
дөңгелейді ішілмеген дәрілер…

1983

Жартылай ақ, жартылай қара өлең

Бөрік кие алмаушы едім –
шаштың қалыңдығынан:
Қара шыңым – оған да, әне, әне, қар түсіп,
кетті ағарып жел жақтағы жартысы.

Қара еменше қарсы тұрар жоқ шамам,
Жә, дегенмен мен емеспін шөп-шалам,
Үйіріліп көргенім жоқ ық жаққа.
Қарсы сипап жолбарысты түгіне,

азу күшін айналдырдым қыл жаққа,
тырнақ күшін айналдырдым қылжаққа,
күшік тенеу құйрық бұлғап бір жақта,
қабылан-бояу қағынады бір жақта.

Едірейген әрбір түктің ығына
нем қалады берсем егер жығыла?!
Өшігетін болсаң түбі кешірме,
суыйтұғын болсаң түбі жылыма!

Бір адамдай айта алам-ау сөзді мен,
кейде от жатты әр сөзімде шарпысып.
Бірақ соның қақ жартысы – ақ өлең,
қара өлең – қақ жартысы.

Көзбен көрген шындық та
жалған десең ойдан шыққанның бәрі:
Сөздерімнің адал шындық – жартысы,
қалған жартысы – ойдан шыққан – өтірік!

Пародистер,
мәз болмай-ақ қой бұған,
қаламыңның мұрынын сүрт әуелі:
жанып туса өтірік те,
кез келген
шындығыңнан шыншыл әрі әдемі!

Жұртым менің! Өлең сүйгіш, сөзуар,
сөз жайлы әлі…
келеді әлі тартысып:
түк ұқпайды жартысы,
шала ұғады жартысы.

Жал бітіпті жартысына солардың,
жартысына бітті бел:
ылғи жарты қайран менің оқушым,
оқымауға келген шақта – бүп-бүтін,
түсінбеуге келген шақта түп-түгел.

1983

Аты жоқ өлең

Көмір қаздың,
күй шерттің талай-талай –
не еліктей алмадың, не қайталай,
даралығы да емес-ау бұл тұлғаңның,
қырсығы емес өзіңше ұмтылғанның,
бір жұмбақ бар, мен үшін, елес мүлде –
түсінбейді сондықтан сені ешкім де!
Алашадан –
атадан қозғағанда
тумысың да жат емес өзге адамға,
бірақ сені өзімсіп ешкім,
ешкім
сөйлегенін мен ғұмыры естімеспін!
Себебі, сен бір түрлі,
бір түрлісің,
жүрегің – тас,
секілді сыртың – мүсін.
Сені ұқтырам демеймін мұны айтқанда
жағымпазға,
жалқауға,
суайттарға.
Сөзім бардай тіл-ұшы таңдайымда,
ойламайын десем де сен жайында –
қиялымды келбетің түртіп тұрар,
сиқырың бар бір түрлі ынтықтырар.
Көңілдендің сен мүлде ерек бүгін,
жұрт секілді,
сен де іштің – өрепкідің.
Сезем, сен де бізге ұсап күлмек болдың,
сол ниетіңнен көрінді бөлектігің.
Әзіл айттың кейідің талай-талай,
бездің бізден,
еліктеп, не қайталай
алмадың сен ешкімді,
содан-дағы
бір ортақтық сенен де таба алмады.
Бірге жүрдік бірталай мекенге ұшып,
төбелесіп көрдің сен шекең де ісіп.
Өзіміздің жігітсің,
он досының
ортасында отырған бөтен кісі!
Өлгеннен соң көрінер өтімді ісі,
Бөтен кісі, сен жалғыз жетім кісі!
Сен – уақыттың алдына түсіп кеткен
радио-сигнал секілдісің.

1983

 

Топтаманы дайындаған: Айбол Исламғали

WP2Social Auto Publish Powered By : XYZScripts.com