ЖАСТАР АЛЛЕЯСЫ БУККРОССИНГ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛМАҚ

1446
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкенттегі 8 шағынаудандағы жастар аллеясында «Кітап оқитын Шымқала» кітап алмасу шарасы өтті. Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі Абай атындағы орталық кітапханасының бастамасымен мұндай көшедегі кітап сөрелері қаланың бірнеше бұрышынан ашылды. Ең әуелі, ауруханалар мен оңалту орталықтарында, Қаратау ауданының аумағында С.Бәйтереков ескерткіші мен №130 жалпы орта мектеп маңында ашылса, бір апта бұрын кітап сөресі Чернобыль апаты құрбандарына арналған гүлзарға орнатылған болатын.
Буккроссинг бұрышының ашылу салтанатына фантаст-жазушы С.Исақ, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бөлім меңгерушісі М.Омаров, ардагер-ұстаз Г.Шерімбетова, «Рухани жаңғыру» орталығының меңгерушісі З.Оралбаева және №23 мектеп-лицейдің мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Бастама қала тұрғындарына кітап оқу мәдениетін насихаттап, көркем әдебиеттерді қолжетімді ету және өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында қолға алынған.
Жиын барысында шағынауданның тұрғыны Мария Пивуарова өзі оқыған кітаптарын сыйға тартты.
— Біздің шағынауданда буккроссинг бұрышы ашылғанына өте қуаныштымын. Қала тұрғыны ретінде өз үлесімді қосқым келді. Жеке кітап қорымнан Пауло Коэльоның «Алхимик», Рейнбоу Рауэллдің «Верность» романдарын сыйға тарттым. Кітап сөресінің мектептің жанынан ашылғаны да өте оңтайлы шешім деп білемін,- дейді ол.
Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Нұрила Жұманованың айтуынша, кез-келген қала тұрғыны сөредегі қызықтарған кітапты оқуға алып, қайта орнына әкелсе болды. Сондай-ақ, үйіндегі оқылған әдебиеттерін буккроссинг бұрышына сыйға да қалдыра алады. Мұндай буккроссинг бұрыштарын орналастыру келер жылы да жалғасын таппақ.
Кітап алмасу бұрышының ашылу салтанатында «Түркістан сарайының» әншілері келушілерді өнерлерімен тамсандырды.
Замира АЛДАБЕРГЕНОВА