«Жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді»: қазақстандық майнинг компаниялар шетелге көшуге мәжбүр екенін айтты

838

Қазіргі уақытта Қазақстанда майнингтік дата-орталықтар екі айға жуық жұмыс істемей тұр. Себебі KEGOC компаниясы электр тапшылығына байланысты олардың жұмыс істеуіне шектеу қойған. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәжілісінде Блокчейн және индустрия дата-орталықтар қауымдастығының президенті Алан Дорджиев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, көлеңкелі майнингпен айналысатындар салдарынан олардың заңды бизнесі зардап шегіп отыр. Мыңдаған адам жұмыссыз да қалған.

«Біз үшін күрделі болып отырған екінші мәселе – Үкімет пен уәкілетті органдардың криптомайнинг салығын ұлғайту жөніндегі бастамалары аталған саланы тығырыққа тірейді. Біздегі заңды дата-орталықтарда 2500-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа жалақысы 400 мың теңгеден басталады. Қазақстанда өткен жылы дата-орталықтар қызметтерінің экспорты сұр майнингті қоса алғанда, 600-800 млн долларды құрады. Бұл Қазақстанның бүкіл экономикасы бойынша тоғызыншы экспорттық позицияға тең», — дейді Алан Дорджиев.

Белгілі болғандай, өткен жылы биткоиннен түскен табыс 15 млрд долларды құраған. Өндірілген монеталардан алынған ақша көлемі шамамен 2 млрд долларды құрайды. Осы қаражаттың 600-800 млн доллары Қазақстанға тиесілі.

«Біздің заңнама қазіргі уақытта мұндай компаниялардың өмір сүруіне және заңды түрде салық төлеуіне мүмкіндік бермейді. Біздің дайындаған ұсынысымызды министрлік қараған да жоқ. Тіпті, мемлекеттік органдар біздің дата-орталықтарға барып қалай жұмыс істеп жатқанымызды көрмеді. Бізге италиялық компаниялар қызығушылық танытып отыр. Сол жаққа кету жоспарымызда бар», — дейді Блокчейн және инудстрия дата-орталықтар қауымдастығының президенті.

Оның сөзінше, майнинг компаниялар есебінен жыл сайын бюджетке 100-200 млн доллар түсіп отыр. 2017 жылдан бері 2,5 млрд теңге салық төленген.

Майнингтік компанияның басшысы Жанат Алдебергеновтің айтуынша, осы жылдың қаңтар айынан бастап оның компаниясы электр көзінен толықтай ажыратылған.

«Соңғы 1,5 айда қызметкерлердің 20%-ы жұмыстан кетті. Компанияның клиенттер, инвесторлар алдындағы өз міндеттемелерін орындауы мүмкін емес», — дейді ол.

Майнингтік компаниялардың иелері 1 квт үшін 1 теңге деген талаптың сол күйінде қалғанын қалайды. Егер бағаны арттыратын болса, табыс шығыннан аспайды деп дабыл қағып отыр.

Белгілі болғандай, бүгінгі күні ресми тіркелген майнингтік компаниялар саны – 150. Ал майнинг жабдықтарының саны ондаған мыңға жетеді. Олар өндіріс орындарындағы электр қуаты арқылы жұмыс істейді. Ал заңсыз жұмыс істеп отырған компаниялар қалалардағы электр желісіне қосылған. Бұл халық қолданатын электр қуатының тапшылығына алып кетіп отыр. Статистикалық талдау көрсеткендей, 2021 жылға дейін елде мұндай майнерлер болмаған кезде электр энергиясын тұтыну жылына орта есеппен 2%-ға өскен болатын. 2021 жылы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұтыну өсімі 6,1% өскен. Оңтүстік аймақтарда өсім 12 пайызға дейін жеткен.