«Шахматшы ханшайымның» ісі: Бибісара Асаубаева толықтай ақталды

1174
Бибісараның анасы соттың шахматшыға жала жабылды деген шешім шығарғанын хабарлады.
Екінші инстанциядағы сот жас шахматшы Бибісара Асаубаеваның элоктронды көмек құралдарын пайдаланғанын жоққа шығарып, жала жабылды деген үкім шығарды. Оған айып таққан адам шахматтан 18 айға шеттетілді.
«Біз жеңдік! Мәскеу қалалық соты жұма күні кешке Сараны ақтап, оны айыптаған адамды жазалады», — деді 14 жастағы «шахматшы ханшайым» Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова.
Бибісара Асаубаеваға чемпионат кезінде электронды көмек құралдарын пайдаланды деген айып тағылып, осы жағдайға байланысты істің жалғасып жатқанына бір жыл үш ай болды. Оны Асаубаевадан жеңіліп қалған қыздың әкесі әрі шахматтан жаттықтырушы Евгений Соложенкин айыптады. Тексеріс жұмыстары барысында күдікті ешнәрсе табылмады. Бибісараның жоғары көрсеткішке ие болғанына қарамастан, оның арына нұқсан келді.
Шахматшы қызды танымал ресейлік адвокат Александр Добровинский қорғады. Алайда бірінші инстанциядағы — Мәскеудің Басман соты осы жылдың мамыр айында шахматшыға қарсы шешім шығарды. Адвокат осы кезде қарсы шағым түсіретінін айтқан еді.
«Бір жылдан астам уақыт бізге жағылған қара күйемен өмір сүрдік. Алайда әділдік орнады — FIDE Соложенкинді 18 айға шеттетті. Сот менің де, Бибісараның да Соложенкинге қарсы арызын қанағаттандырды. Енді ол ақша төлейді. Сондай-ақ, Бибісараны тыйым салынған құралдар пайдаланды деп айыптап мақала жазған басылымдар оның ақталғаны туралы ақпарат таратуға міндеттеледі. Біз өте ризамыз!» — деді Лиана Таңжарықова.
Ол осы күнге дейін Бибісараның адал жеңісіне сеніп, қолдау білдіріп келген жандарға алғыс айтты.
«Тағы бір қуанышты жаңалық бар — біз Александр Добровинскиймен Бибісараны алдағы уақытта заң жүзінде қорғайтыны туралы ұзақ мерзімді келісімге қол қойдық. Енді көреалмайтын адамдар өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауап беретіндерін білетін болады», — деді Лиана Таңжарықова.
Бибісараның анасы бәрінен бұрын қызының осы жағдайдан кейін адамдар мен әділдіктен біржолата үмітін үзеді деп қорыққан. Жас шахматшының отбасы Ресей «әлемдегі мықты шахмат державасы» екеніне сенімді болғандықтан көшіп барғанын түсіндірді. Сондай-ақ, ол жаланың қызының көңіліне мұң ұялатса да, сағын сындырмағанын айтты.
Sputnik.kz