ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: «САУРАННЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН»

1138
Сауран ауданының құрылуы оң әрі ұтымды шешім болды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің аталған аудан тұрғындарымен кездесуінде саурандықтар осылай деді. Тұрғындар жаңа ауданның инфрақұрылым және өзге де салалары бойынша мәселелерін айтып, әкімге сұрақтарын қойды. Пікір алмасты. Облыс басшысы тарихи мекен – Сауранды дамытуға көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында елімізде қандай реформалар болатынын айқындап берді. Басшыларға тұрғындардың табысын арттыру, жұмыспен қамту, инженерлік инфрақұрылымды жақсату және өзге де мәселелер бойынша міндеттер жүктеді. Түркістан облысында бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 322,9 млрд. теңгені құрап, 4,1%-ға ұлғайды. Жалпы облыс құрылған 4 жылда 2,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, 2 есеге артты. Өткен жылы 20 елді мекенге жаңа ауыз су құбыры тартылып, ауыз сумен қамтылған елді мекендер 717-ге жетті. Жаңадан құрылған Сауран ауданының инфрақұрылымы жақсарып, әлеуметтік нысандар, мектептер, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы салынады. Оңалту орталығы бой көтеруде. Ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр. Тарихы тереңде жатқан Сауранның болашағы жарқын боларына сенемін. Сол бағытта бірлесе жұмыс атқарамыз, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Кездесуде тұрғындар тарапынан түрлі мәселелер көтерілді. Атап айтқанда газ, жер кезегі, Оқушылар сарайы мен Мәдениет үйін, тарихи мұражай салу, карьер пайдаланушылардың жұмысын қадағалау, білім ұяларын салу және өзге де түйткілдер бойынша сұрақтар қойылды. Өңір басшысы тұрғындардың талап-тілегі кезең-кезеңімен орындалатынын, әлеуметтік нысандар саны артып, Сауран ажарлана түсетінін жеткізді. Биыл әкімшілік-іскерлік орталығы, спорт кешені салынатынын, 3 мектептің құрылысы жүріп жатқанын мәлімдеді. Шорнақ ауылының аумағы абаттандырып, 5 балалар ойын алаңшасын салу, орталық көшедегі 5,6 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Елді мекендерді газға қосу жұмыстары да жүріп жатыр. Тұрғындар Түркістан өңіріндегі жұмыстарды оң бағалап, Сауранға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауға, өңір басшысына ризашылықтарын білдірді. Кездесу соңында өңір басшысы бірнеше тұрғынды жеке өтініштері бойынша қабылдап, сұрақтарына жауап берді.
Бүгінде Сауран ауданының орталығы – Шорнақ ауылының бас жоспарының тұжырымдамасы қаралып, Бас жоспарын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жұмыс биыл аяқталып, ауданда құрылыс қарқыны еселеп артады деген жоспар бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі