Биыл аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 120 күн, ал алты күн жұмыс істейтіндер 68 күн демалады. 366 күннің 246-сы жұмыс күні болса, 104 күні – демалыс күндері, ал 16 күн – мереке күндері. Бұл демалыс күндеріне жұмыс істейтін Қазақстан азаматына Еңбек кодексінде көрсетілген еңбек демалысын, яғни қосымша 24 күнтізбелік күн қосылады.
Елімізде бекітілген мейрам күндерінің сенбі-жексенбі күндеріне сәйкес түсуі демалыс күндерін көбейтіп отыр. Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев Twitter-дегі парақшасында: «Үкіметке және Президент Әкімшілігіне мереке күндеріне қатысты қолданыстағы тәртіпті қайта қарауды тапсырдым. Егер мейрам күні жексенбіге сәйкес келсе, келесі күн демалыс болып саналады. Келесі күн (дүйсенбі) барлық мемлекеттік қызметшілер үшін жұмыс күні болуы тиіс», – деп жазды. Президенттің жаңа еңбек этикасын қалыптастыруға, мемлекеттік қызметшілер мен еліміздің барлық азаматтарын еңбекқорлық пен жауапкершілік идеологиясын ілгерілетуге шақыруы қоғамда қызу талқыға түсті. Мемлекеттік қызметшілердің мерекеден кейін келетін күні (дүйсенбі) жұмысқа шығуын орынды санаған Президент қолданыстағы тәртіпті қайта қарауды тапсырған болатын.
Túrkistan газеті мейрам күндеріндегі демалыстың экономикаға тигізер әсері туралы экономистерден сұраған болатын.
Арыстан ЕСЕНТҮГЕЛОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
Істің табысты болуы өзімізге байланысты
– Бізде мереке күндерінен соң да 2-3 күн демалыс керек. Өйткені халық әлі де мейрам күндерін ішімдік ішумен, көңіл көтерумен өткізеді. Бұл – кеңестік кезеңнен санамызға сіңіп қалған сарқыншақ. Демалыстың көптігі еңбек өнімділігіне әсер етеді. Бұл мәселе Кеңес өкіметі тұсында да болған. Бірақ ол кезде бұл мәселеге көп мән берілмейтін. Қазіргі нарықтық жағдайда жетекші кәсіпорындар экономиканы дамытудың пайызын жоғалтпауға өздері ынталы болуы керек. Біз жақсы ақша табудың орнына мейрам күндері бірнеше күн қатарынан демалып, өз-өзімізге жарамсыз жағдай жасап отырмыз. Кәсіпорын жетекшілері жұмысшыларға осыны дұрыстап жеткізуі керек. Еңбек өнімділігін арттыру басшылыққа емес, еңбек адамына байланысты.
Әлем елдері дамуы бойынша 3 топқа бөлінеді. Ең мықты дамыған 30 ел, дамуы орташа деңгейдегі ел бар-жоғы бесеу ғана, ал 160 ел ең әлсіз дамыған, артта қалған елге жатады. Қазақстан өзін дамыған елдер қатарынан көргісі келсе, экономиканы дамытудың тетіктерін жан-жақты қарастыруы керек. Ал демалыс күні көп. Біздің елде еңбек өнімділігі, бәсекелестік орта дұрыс қалыптаспай отыр. Ең бастысы нарықтық экономикаға бейімделу туралы түсінігімізді өзгертуіміз керек. «Алма піс, аузыма түс» деген кезең келмеске кетті. «Бір айлықпен күн көрсем, ел қатарлы отырсам» деген түсініктен арылатын кез келді. Істің табысты болуы өзімізге байланысты екенін әлі түсінбей келеміз.
Сонымен қатар кадр, жұмысшы мәселесінде жоғары деңгейге жеткен жоқпыз. Елімізде Орта Азия бойынша мықты мамандар бар шығар, бізге осы қарқындылықты көтеру керек. Кеңестік кезеңдегі жоспарлы экономика түсінігінен әлі шыға алмай келеміз, жоғарыдан келген бұйрықпен жұмыс істейміз. Әрбір кәсіпорын бұйрықты күтпей-ақ, өзі үшін жұмыс істеп, бәсекелестік орта құрып, еңбек өнімділігін арттырғаны дұрыс. Ал бәсекелестік дегеніміз – шешуші фактор.
Оразалы СӘБДЕН, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰИА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
Аптасына екі күн демалыс жетеді
– Мереке күндеріне берілетін демалыс тым көп. Демалысты берген уақытта үнемдеу тәсілдерін де ұмытпауымыз керек. Дағдарыс уақытында біз пайда түсетін резервтерді іздеуіміз керек. Ресейге салынған санкцияның салқыны бізге де көп әсерін тигізеді. Мұнай бағасы түсіп, доллардың қымбаттап кеткенін көріп отырсыздар. Одан бөлек әлемде короновирусқа миллиардтап шығын кетіп жатыр. Әлемдегі оқиғаларды сараласақ, Қазақстан қай жерден үнемдеу керек деген заңды сұрақ туындайды. Соның бірі мереке күндеріне берілетін демалыстар санын азайту дер едім. Біз онсыз да аптасына бес күн жұмыс істеп, екі күн демаламыз.
Үкімет, министрлер, елшіліктегілер мен облыс әкімдері шетелден инвестиция тарту бойынша жұмыс істейді. Ал тартылған инвестиция дұрыс бағытта жұмсалуы тиіс. Оның үстіне инвестиция дегенді де шетел оңай бере салмайды, оның да сұрауы бар. Бұл тұста өзіміздің шығындарымызды есептеу керек.
Қазақстан экономикасының үнемдейтін, пайда табатынын резерв тетіктері бар. Мереке күндерінің көптігі ел экономикасына кері әсер етеді. Өйткені біз дамушы елміз, дамыған елдердің қатарына еніп, экономикамызды тұрақтандыру үшін бізге той тойлауды, мерекелерде бірнеше күн қатарынан демалуды азайту керек. Шығынын қысқарту керек мәселенің бірі – конференциялар мен форумдар.
Мысалы, жыл сайын Астана экономикалық форумына бірнеше мың адам қатысады. Жиынға Нобель сыйлығының иегерлері шақыртылады. Нобель сыйлығы иегерінің бір баяндамасы 100 мың доллар тұрады. Оның келіп-кетуі, жатын орны, ішер асына дейін төлейміз.
Біздің елімізде шығын көп, үнемдеу жоқ. Үнемдеу мәселесі бірінші орынға шығуы керек. Мерекені экономика көзімен есептеп, олардың санын қысқартудың арқасында пайда әкелетін ресурстарды ашамыз.
Мақсат СЕРӘЛІ, Алматы қаласы Наурызбай ауданының «Атамекен»
ҰКП филиалы директоры, экономист:
Жиі демалыс экономикаға әсерін тигізеді
– Қазақстанда басқа көршілес мемлекеттермен салыстырғанда демалыс күндер көп, халық жиі демалады. Жиі демалыстың барлығы әрине экономикамызға әсерін тигізеді. Меніңше, бұл мәселені екі жақты қарастыру керек. Демалыста жұмыс орындарының тоқтауы, жұмыстың өнбей қалуы деген мәселелер бар. Одан бөлек, бізде Кеден қызметі де демалады. Біз импортқа тәуелді болғандықтан, тауарға шетелге тапсырыс береміз. Мереке күні демалысқа сәйкес келсе, керекті құжаттарға уақытылы қол қойылмай қалады. Бұл біздің қағазбасты қоғамда біраз шаруаның кешеуілдеуіне кері әсер етеді.
Ал тиімді тұсына келер болсақ, мерекеде халық қыдырады, өзіне қажетті жұмыстарын бітіреді. Бұл жағынан бизнеске оңтайлы әсерін тигізеді. Бірақ жалпы алған кезде демалыс мемлекетке шығын алып келеді. Президентіміз Қ.Тоқаев: «Егер мейрам күні жексенбіге сәйкес келсе, келесі күн демалыс болып саналады. Келесі күн (дүйсенбі) барлық мемлекеттік қызметшілер үшін жұмыс күні болуы тиіс» деген болатын. Бұл жерде мен ұсыныс жайлы толықтыру айтар едім. Мемлекеттік сектор үшін мейрам жексенбіге сәйкес келсе, дүйсенбі жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Ал қарапайым халық демалғаны дұрыс. Өйткені олар жұмыс күндері жасай алмайтын құжат рәсімдеу секілді ХҚКО, әкімшіліктегі, салық немесе кеден қызметі бойынша жұмыстарын бітіре алады. Бірақ мемлекеттік сектор қызметкерлерін де мейрамда жұмыс істеңдер деп қысымға алуға болмайды. Егер олар мейрам күні жұмыс істесе, еңбек демалысына сәйкесінше мейрам күндері жұмысқа шыққаны үшін 3-4 күн немесе 1 апта демалыс қосып беру қажет.
Дереккөз:turkystan.kz