ТЖМ-де сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 70%-ын бөлімше басшылары жасаған

567

Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің әрбір екінші басшысы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар жасайды. Бұл туралы бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығымен өткен кеңес барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы Асхат Жұмағали мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген.

«Сыбайлас жемқорлық қылмыстары еліміздің барлық өңірінде тіркелген. Олардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қостанай және Алматы облыстарына тиесілі. Анықталған қылмыстардың ішінде парақорлық пен жымқыру фактілері басым болып отыр. «Заңсыз сыйақы» өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру актісіне қол қою кезінде, оқудан өткізу, рұқсат беру және жұмысқа орналасу үшінберіліп отырған», — деді Асхат Жұмағали.

Агенттік төрағасы атап өткендей,жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарға қарамастан, ТЖМ қызметкерлері пара алудан тыйылар емес.

«Күні кеше Жетісу облысында жергілікті ТЖ бөлім басшысы жұмысқа алған адамнанақша алғаны анықталды. Бүгінгі іс-шараның өтетінін біле тұра, сонда да қылмысқа барып отыр. Бұл орайда профилактикалық тұрғыда нақты әрекет ету қажет. Қызметкерлердің мінез-құлқын түзетіп, психологиялық көзқарасын өзгерту маңызды», — деді ведомство басшысы.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, Шымкент қаласының және Жетісу облысының департамент басшылары ұсталған болатын.

Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып отырды, тексерілетін ұйымдарды келісімшарт жасасу жолымен қызметтерді сатып алуға мәжбүрлеп, олар бойынша уақтылы ақы төлеуін қамтамасыз етті деп күдіктелді.

Басшылық құрамның қатысуымен болған сыбайлас жемқорлық фактілері Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында да болған.