Ташкентке қажет газды Қазақстан арқылы жеткізетін болды

1553
Қазақстан мен Өзбекстанның ұлттық газ операторлары – «КазТрансГаз» және «Узтрансгаз» компаниялары Ташкенттегі тұтынушыларға өзбекстандық табиғи газды Қазақстан территориясы арқылы тасымалдап жеткізу туралы келісімге тұңғыш рет қол қойды деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі — Озодлик радиосы Podrobno.uz басылымына сілтеме жасап.
«Өзбек газын Қазақстан территориясы арқылы жеткізу туралы келісімге екі елдің экономикалық және өңіраралық тығыз байланыс орнату жөніндегі жаңа бағдарларына сәйкес қол қойылды. Өзбек газын Қазақстан территориясы арқылы тасымалдау қыс мезгілінде Ташкент қаласын отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп хабарлаған «КазТрансГаз».
Келісім шарттары бойынша, Қазақстан территориясы арқылы бір миллиард текше метрге дейін өзбек газы тасымалдануы тиіс. Келісім қол қойылған күннен – 2018 жылғы 29 желтоқсаннан бастап күшіне енген.
Өзбек газы «Газли — Шымкент» және «Бұхара газды ауданы — Ташкент — Бішкек — Алматы» газ құбыры желісі арқылы тасымалданады.