Алдағы референдум Қазақстанның болашағын айқындайды – Президент

1192

Конституциялық реформа барлық мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге бағытталған

Қазақстан Президенті алдағы референдумның ел болашағын айқындайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Конституциялық түзетулер жобасы бойынша азаматтардың жаппай дауыс беруі біздің демократиялық қағидаттарды берік ұстанатынымызды білдіреді. Алдағы референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Әрбір азаматымыз дауыс беріп, осы тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесін қоса алады. Конституциялық реформа барлық мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге бағытталған. Түзетулер «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен ықпалды Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түбегейлі көшуді көздейді. Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейтеді. Үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайтады. Мәслихаттардың ықпалын арттырады», — деді Мемлекет басшысы.

Президент Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізілетінін атап өтті.

«Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді. Аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.