ТҮРКІСТАННЫҢ ЖОБАСЫ ҮЛГІ РЕТІНДЕ ҰСЫНЫЛДЫ

1239
Отбасы институтын нығайту мәселесі отбасыларды өмірлік қиын жағдайдан құтқаруға және олардың қауіп-қатер аймағына енуіне жол бермеуге бағытталған. Бұл туралы Парламент депутаттарының бастамасымен дайындалған ҚР кейбір заңнамалық актілеріне отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасын түсіндіру бойынша өткен онлайн — кеңесте кеңінен талқыланды.
Жиынға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Салтанат Тұрсынбекова модераторлық етті. Өз сөзінде ол қоғам үшін аса маңызды заң жобасын ашық талқылаудың маңыздылығына тоқталып өтті.
Кеңес отырысына Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері мен ішкі саясат басқармасының басшылығы қатысты. Қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін талқылады.
Отырыста бұл бағытта жүзеге асқан Түркістан облысының пилоттық жобасының тиімділігі айтылып, оң баға берілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету қызметі бойынша қолға алынған жоба аясында 2019 жылдан бері арнайы тәуелсіз зерттеу өткізілген. Түркістан тәжірибесі негізінде қолға алынған жоба барлық өңірлерде қолдау тапты.
Түркістан облысында отбасында тұрмыста зорлық көрген әйелдерге арналған 3 дағдарыс орталығы салынады деп жоспарлануда. Зәбір көргендердің уақытша мекеніне айналатын орталықтарда оларға психологиялық көмек көрсетіліп қана қоймай, жаңа өмірге жол ашатын жобалар ұсынылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі