ТҮРКІСТАН: МЕКТЕП МҰҒАЛІМІНЕ ТІЛ ТИГІЗГЕНДЕР 91 890 ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ

1703
«Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес енді жеке тұлғалар мұғалімге тіл тигізсе, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Ал, аталған жағдай екінші рет қайталанса 40 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жанар Қасымова мәлімдеді.
Департамент тарапынан өткен жылы педагог қызметкерлерден 21 өтініш келіп түсіп, оның ішінде 12-не әкімшілік жауапкершілік қолданылған.
«Оқушы ұстазына тіл тигізсе айыппұлды ата-анасы төлеуге міндеттеледі. Заңда сондай-ақ, педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің қызметі, педагогтік кәсіптік даярлау, біліктілікті арттыру мәселелері қарастырылған. Айта кету керек, карантин кезеңінде оқуы тоқтатылған 1-8, 10-сынып оқушыларына 26 мамыр мен 17 маусым аралығында жазғы мектепте оқыту ұйымдастырылады»,- деді Жанар Сатыбалдықызы.
Спикердің сөзінше, мектеп бітіруші түлектерге жалға алынған автокөліктермен экскурсиялар өткізуге және мерекелік дастархандар ұйымдастыруға жол берілмеуі керек. Сондықтан, департамент тарапынан қажетсіз шығындалудың тиімсіз екені ескеріп, мектеп басшылығына түлектердің қоштасу кешіне ақылы негізде аниматорлар мен әртістерді мерекелік шараларға шақырмауға, мұғалімдерге сыйлық алу үшін ақша жинамау туралы түсіндірме хаттар жолданған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі