Полиция мен әкімге ескерту, рейдерлік және Түркия: Тоқаевтың бүгінгі жиында айтқандары

1488

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 19 мамыр күні, Ақордада отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, сөз сөйледі. Сөзінде маңызды жайттарға назар аудартып, елеулі мәселелерді көтерді. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтейік.

Полицияға ескерту

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқыққорғау органдарына ескерту жасады. Яғни, полицияның міндеті кәсіпкерлердің жолын кесіп, «бизнесін» тартып алу емес, алаяқтар мен аферисттердің жолын кесу екенін еске салды.

«Құқыққорғау органы жұмысында кемшіліктер боп жатқаны белгілі. Тәртіпті сақтаймыз деп адал жұмыс істеп жатқан бизнес өкілдеріне зиян келтіріп қоюы мүмкін. Сондықтан бұған келгенде қателікке бой алдыруға болмайды. Алда-жалда ондай бола қалған жағдайда арнайы тексеру шаралары өтеді», — деп атап өтті президент Тоқаев.

Сөз барысында мемлекет басшысы 2019 жылы жасаған Жолдауын еске салды. Онда президент «кәсіпкер жұмысына кедергі келтірген құқыққорғау органының ісі – мемлекеттің мүддесіне қарсы жасаған қылмыс деп» бағалануы тиіс деген еді.

Әкімдерге ескерту

Президент аймақ басшылары – әкімдерге де ескерту жасады. Енді олардың жұмысы бюджет қаржысын игеру деңгейімен емес, инвестиция тарту, бизнесті дамыту үшін жасап жатқан шараларына қарап баға берілмек.

«Осында отырған әкімдерге айтарым – кәсіпкерлердің көбі облыстарда. Ендеше өңірдегі кәсіп иелерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, мемлекет алдында тұрған міндетті жүзеге асыруға жұмылыңыздар. Әкімдердің жұмысы айтарлықтай дәрежеде бизнестің тартымдылық параметрлері бойынша бағаланатын болады. Мұндай кездесулерді жалғастыра береміз, олар іскерлік сипатта болады», — деді мемлекет басшысы.

«Крыша», «рейдерлік» дегенді құрту керек

Мемлекет басшысы сөз барысында адал әрі әділ бизнестің дамуына қолдау көрсету керегін айтты.

«Елімізде «крыша», «рейдерлік» дегендер болмауы керек. Егер бизнес адал жұмыс істеуге дайын болса және ол креативті және заманауи үлгіде болса, біз оны қолдап, ұлттық экономиканың жаңа моделіне енуіне көмектесуіміз керек. Ал құқыққорғау органдарының қызметі – алаяқтармен күресу, тағы да қайталап айтамын алаяқ, аферистермен күресу. Бизнеске себепсіз тиісуіне жол бермеуі керек», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бақылаушы орган респрессияны доғарсын

Президент Тоқаев бақылаушы орган – Прокуратураның да бизнес өкілдеріне кедергі келтірмеуін алға тартты.

«Бас прокуратура кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау және әсіресе тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізу фактілеріне жол бермеуді қатаң бақылауы қажет. Кәсіпкерлерді күдікті ретінде тану тәжірибесі де кең таралған, ал іс жүзінде бұл — жай ғана мүліктік даулар. Қазіргі уақытта кез келген тіркелген өтініш автоматты түрде қылмыстық іс қозғауды білдіреді. Бұл кәсіпкердің қызметін, инвестицияларды тоқтатады, іскерлік беделге нұқсан келтіреді. Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу ұзаққа созылуы мүмкін. Бұл — кездейсоқтық емес, құқық қорғау органдарының теріс пиғылды қызметкерлерінің мүддесі үшін жұмыс істейтін жүйе. Мұндай мысалдар аз емес», — дейді Қ. Тоқаев.

Түркия мен Орталық Азия

Мемлекет басшысы кездесуде бауырлас Түркия мен Орталық Азия елдерімен серіктестік қарым-қатынастың ұлғайып келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, ел экономикасын дамытудың бірден-бір жолы – жайлы инвестициялық климат орнату.

«Біз барынша қазіргі қиын жағдайларға қарамастан, ЕуроОдақ елдері мен АҚШ-тан, Қытай мен басқа елдерден инвестиция тартуға бар күшімізді саламыз. Әсіресе, технологиялық инвестицияларға мән берілмек. Бұл жағынан келгенде бауырлас Түркия мен Орталық Азия елдері арасында сауда-саттық, инвестициялық қарым-қатынас күшейгенін атап өткен жөн. Ағымдағы дағдарыстан қалай да шығынсыз шығуымыз керек. Бұл жұмысты одан әрі жандандыру қажет», — деп сөзін түйіндеді президент Тоқаев.

bugin.kz