Сенатор «тәртіпсіз» өнер адамдарын заңмен шектеуді ұсынды

1014

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп жақында «Ирина Қайратовна» тобымен болған жанжалға қатысты пікір білдірді. Сенатор Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін жазаны қатайтып, өнер адамдарының репертуарына цензура қою керек деп санайды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«orda.kz» сайтының жазуынша, сенатор әдепсіз сөздер айтып, жұртшылықты сыйламаған, есірткі мен ішімдік ішкен әншілерді бес жылға дейін сахнаға шығармауды ұсынды.

— Мәдениет министрлігі жанынан репертуар алқасы мен республикалық, облыстық көркемдік кеңестер құру керек. Бұқаралық мәдени шараларды өткізу талабына халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтау және құрметтеу ережелерін енгізуді, осы талаптарды бұзған шығармашылық ұйымдардың қызметін бес жылға шектеуді талап етеміз. Депутаттық сауалға жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз, — деді Нұртөре Жүсіп Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа өтініш білдіріп.

Сондай-ақ, ол «Мәдениет туралы» Заңға жекелеген шығармашылық өкілдерінің мәдени-көпшілік шараларын ұйымдастырушының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін баптарды енгізуді ұсынды.

Еске сала кетейік, Туды қорлаған музыканттар өздерінің қылықтары үшін кешірім сұрап, айыппұл төлеген болатын.