Аймағамбетов саны көп, сапасы жоқ жекеменшік балабақшаларға шүйлікті

998

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жекеменшік балабақшалардағы олқылықтарды жайып салды.

Әрі алдағы уақытта талап күшейетінін айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Министр балабақшаларға қатысты жазбасын өзінің әлеуметтік парақшасында жазды. Онда балабақшадағы балалар құқығының бұзылу деректері бейнекамералар арқылы жиі анықталып отырғанын алға тартқан. Сол себепті қойылатын талапты күшейту керек дейді.

«Он жылдан астам уақыт бұрын балабақшалар санының жылдам өсуін ынталандыру үшін лицензиялаудан, кейін мемлекеттік бақылаудан, мониторингтен және олардың қызметін реттеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде жекеменшік балабақшалар саны күрт артып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар бірден 99 пайызға дейін қамтылды. Бұл — жақсы нәтиже. Алайда балабақшалар санын көбейтуге мүмкіндік болса да, сапа мәселесі өзекті болып қала береді. Олардың жартысы техникалық және санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттарда, білікті мамандарсыз және қауіпті жағдайларда ашылған. Мұндай дерек жеткілікті», — дейді министр.

Сонымен қатар министр соңғы 2 жылда лицензиялау мен мемлекеттік бақылауды қайтаруға әрекет жасап жүргенін, бірақ одан оң нәтиже болмай тұрғанын жазған. Себебі кәсіпкерлер палатасының, Балабақшалар қауымдастығының және бірқатар мемлекеттік органның ұстанымы бұл норманы заңға енгізуге мүмкіндік бермепті.

Бірақ біз бұл бағытта жұмысты тоқтатпадық. Өткен жылдың соңында мемлекеттік аттестаттау жүйесін енгізе алдық. Аттестация нәтижесі көңілден шықпады. Қатысқан балабақшалардың 80 пайызы мемлекеттік аттестациядан өте алмады,

— дейді Асхат Аймағамбетов.

Бұған балабақшадағы бүлдіршіндерге қолайлы жағдайдың жасалмауы, оқу-тәрбие жұмыстарының мемлекеттік білім беру стандартына, қауіпсіздік техникасы, өрт және санитарлық нормалардың талаптарға сәйкес келмеуі, тәрбиешілердің қол көтеруі және басқа да келеңсіз фактілер себеп. Сондықтан министр бес негізгі бағыт бойынша жұмыс атқарылып жатқанына тоқталған:

  1. Лицензиялауды қайтару. Бұл мәселе бойынша депутаттардың, қоғам мен мемлекеттік органдардың қолдауына үміт артамыз.
  2. Жұмыс жағдайлары мен сапасын тексеріп, барлық балабақшаны аттестациядан өткізу.
  3. Балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға қойылатын талаптарды күшейту.
  4. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін арттыру. Колледждер мен ЖОО-ларда мамандарды даярлау сапасын арттыру.
  5. Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бойынша бағдарламалардың мазмұнын жаңарту.

Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов тәрбиешілердің жалақысына да тоқталған. Яғни қазіргі таңда пилоттық жоба бойынша жалақы мәселесіне байланысты жоба сынақтан өткізіліп жатқан көрінеді.