«Өзін-өзі жазалауы керек» Дариға Назарбаева мүдделер қақтығысы мәселесін қозғады

1174
Сенатор құрамына ең жемқор ведомстволар кіретін қаржы министрлігінің экономикалық тергеу қызметін басқаруы қаншалықты тиімді деген сауал тастады.
Сенат депутаты Дариға Назарбаева қаржы министрлігінде туындап отырған мүдделер қақтығысы мәселесін қозғады, деп хабарлайды Ardak.kz.
Назарбаеваның ақпаратына сүйенсек, Бүкіләлемдік банктің соңғы есебі бойынша, сыбайлас жемқорлық жайлаған мемлекеттік органдар – салық және кеден ұйымдары екен. Осы орайда сенатор экономикалық тергеу қызметінің жұмысы қаншалықты тиімді деген сауал тастады.
«Мүдделер қақтығысы мәселесі қаралып отыр. Ең жемқор ведомстволар қаржы министрлігінде. Оған қоса қаржы министрлігі Экономикалық тергеу қызметін басқарады. Сонда олар өзін-өзі тергеп, өзін-өзі жазалауы керек», — деді сенатор.
Сондай-ақ, ол соңғы жылдары жемқорлық қылмыстарымен айналысатын Қаржылық мониторинг комитетінің (қаржы министрлігіне қарайды) жұмысы туралы ештеңе естілмейтінін де ескертіп айтты.
«Қалай ойлайсыз, экономикалық тергеу қызметі қаржы министрлігі мен басқа да министрліктерден тәуелсіз болуы керек емес пе?»,- деп сұрады Назарбаева ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтен.
Сүлейменов экономикалық тергеу қызметіне қаржы министрлігінің құрылымында жұмыс істеу тиімдірек екенін айтты.
«Біз үкімет ведомстволары арасында өзара іс-қимылды оңайлату бағытында үлкен жұмыс атқарып жатырмыз. Экономикалық тергеу қызметі жұмысының тиімділігінде мәліметтер базасы үлкен рөл ойнайды. Ал мәліметтер базасын кеден және салық органдары толтырады. Сондықтан бұл тұрғыдан тиімдірек жұмыс істеуге көмектеседі», — деп сендірді министр.
Ал қаржы вице-министрі Қанат Баеділов қаржы және мониторинг комитетінің құрамында дербес бөлімше құру қарастырылып отырғанын атап өтті. Ол Өзіндік қауіпсіздік басқармасы деп аталады.
«Ол тікелей министрге бағынады және барлық комитеттің жұмысында жемқорлық болмағанын қадағалайды. Бұл келешекте өз жемісін береді деп ойлаймын», — деді Баеділов.
Sputniknews.kz